ИМАННЫҢ МАҒЫНАСЫ
ИМАННЫҢ МАҒЫНАСЫ
4 жыл бұрын 5513
Шәкәрім Құдайбердіұлы

Иман деген Алла Тағаланың барлығына, бірлігіне, онан басқа Алла жоқтығына, Құран сөзінің бәрі шындығына анық ықыласпен нанбақ. Иман айтқанда «Лә иләһә иллалла Мұхаммед РасулАлла» дейміз, оның мағынасы: «Бір Құдайдан басқа құдай жоқ және Мұхаммед ғалейһиссәләм Алла Тағаланың бізге тура жолды көрсетуге жіберген басшысы» деген болады. Мұның мағынасын білмей құр айтқаныңменен иман болмайды. Және анық шын нанып айтпай, құр тілменен ғана айтса  о да иман емес. Аятта: «Кейбір адам Аллаға һәм ахрет болатынына иман келтірдім десе де, ішкі ықыласы нанбай тұрған соң, ол мұсылман емес», - деген[1].

Әлбетте әрқашан шын ықыласпен нанып иман айтып жүру керек. Егер де иман дұрыс болмаса қанша құлшылық ғибадат қылынса да, ол қабыл болмайды. «Иман шарт» деген кішкене кітапта иман һәм тәубе туралы сөздің бәрін анықтап айтқан. Соның ішінде иманның жеті рәкәні (рүкні) бар. Бұлардың мағынасы: «Әуел Алла Тағаланың барлығына, бірлігіне нандым. Періштелерінің барлығына нандым. Пайғамбарларына, жіберген кітаптарының баршасына нандым. Барша пайғамбарларына нандым. Ахрет күні болмақтығына нандым. Барша жақсылық, жамандық істер Алла Тағаланың тағдырынсыз болмайтындығына нандым, һәм өлген соң тіріліп сұрау беретінімізге нандым».

Ей, достар! Осы иманды әрқашан айтып, салақ болмай жүру керек. Құранда неше жерде «Баһт тақуалар үшін» деген, тақуа деп сақтанғандарды айтады. Адам һәр уақыт Алла Тағаланың ғазабынан қорқынышта, рахматынан үмітті болып, қауіппенен үміттің арасында болу керек. Аятта: «Тілек дұға қылыңыздар, қауіп пенен үміттің арасында болып», - деген.

«Мұсылмандық шарты» кітабынан.


[1]   сүре албаһре (альбақара)

0 пікір