"Алланың жазмышы төрт түрлі көрініс табады"
"Алланың жазмышы төрт түрлі көрініс табады"
10 ай бұрын 7563
Имам Ғазали (рахимаһуллаһ)

Бисмилләһир рахманир рахим

Біліп қой, Алланың жазмышы (пенденің өмірінде) төрт түрлі көрініс табады:

1) Алла Тағала пендеге бойсұнушылықты (Аллаға бойсұнушылықты) жазып қойған болса, пенде ол жазмышын ыждағаттылық танытумен және ықылас қоюмен қабыл алуы тиіс (яғни, Алла Тағала тура жолға салған болса, оның қадірін біліп, шын ықыласпен және ыждағаттылықпен орындауы тиіс). Сонда Алла Тағала оған тауфиқ пен һидаят сыйлайды. Алла Тағала Құранда: «Кім біздің жолда күш сарп қылса, біз оны тура жолдарымызға бастаймыз» - деген. («Анқабут», 69 аят). Оның мағынасы: Бізге бойсұну жолында және дініміздің жолында күш сарп қылып, ыждағаттылық танытқандарға біз тауфиқ беріп, оларды жақсылықтарға бағыттап қоямыз.

2) Құдай Тағала пендеге күнә жасауды жазып қойған болса, пенде ол жазмышын кешірім тілеп, истиғфар айту арқылы және тәубе жасап, оған шын жүректен өкініш білдіру арқылы қарсы алуы тиіс. Өйткені, Алла Тағала былай деген: «Сөзсіз Алла тәубе етушілерді және тазаланғандарды жақсы көреді». («Бақара», 222 аят).

3) Егер, бақ-дәулет жазып қойған болса, пенде ол жазмышын шүкірлікпен және жомарт болумен қарсы алмағы ләзім. Сонда Алла оған артығын сыйлайды. Алла Тағала: «Егер шүкір етсеңдер, арттырамын» деген. («Ибраһим», 7 аят).

4) Ал егер пендеге таршылықты, қиыншылықты жазып қойған болса, пенде ол жазмышты сабырлық танытып, тағат қылу арқылы және Құдайдың ісіне разы болу арқылы қарсы алуы тиіс. Сонда Алла Тағала оған ақыреттік өмірде (о дүниеде) үлкен абырой мен деңгей береді. Құранда: «Алла сабырлыларды жақсы көреді» деген. («Әли Имран», 146 аят). Басқа бір аятта: «Шынында, сабырлы болушыларға есепсіз сауап беріледі» делінеді. («Зүмәр», 10 аят)1.


1Имам Ғазали «Әл-Арбаъун фи Усулиддин» атты кітабынан. Араб тілінде.

Абдусамат Қасым

0 пікір