Әбу Ханифаның ақидаға қатысты өсиеті: Алланың қалауы мен ризалығы бір емес (2-ЕРЕЖЕ/2-бөлім)
Әбу Ханифаның ақидаға қатысты өсиеті:  Алланың қалауы мен ризалығы бір емес  (2-ЕРЕЖЕ/2-бөлім)
2 жыл бұрын 3373
Абдусамат Қасым

Бисмиллаһир рахманир рахим

Әбу Ханифаның «әл-Уасия» атты  ақида  кітабының түсіндірмесі.
2-ереже/2-бөлім.
Әбу Ханифа былай дейді: 
Ақыреттік іс-амалдар үш түрлі екендігіне сенеміз: Парыз, қосымша (фазилә) және күнәлі істер... Қосымша (нәпіл, сүннет) амалдар - Алланың бұйрығы емес. Оның қалауымен туындайды. (Алла оны) жақсы көріп,  риза болған күйі (жаратады). (Және ол амалдар) Алланың жазмышынан (қаза-القضاء) және Оның тағдырынан (қадар-القدر) туындайды. Оның жаратуынан және үкім қылып, тауфиқ беруінен, Лаухул махфузда жазуынан туындайды. 
Күнәлі істер -  Алланың  бұйрығы емес. Және күнәлі істер Оның жақсы көруінен емес, қалауымен жүзеге асады.
Ризалығымен емес, жазмышынан болады.  
Тауфиқ беруінен емес, тағдырынан болады...»

Түсіндірме:

Өткен дәрісімізде ақыреттік амалдардың біріншісі болып табылатын «парыз» жайында әңгіме еткен едік. Бүгінгі әңгімеміз «қосымша» және «күнә» амалдарына байланысты болмақ.

Қосымшаға – мұстахаб, нәпіл, сүннет амалдар жатады.

 "...ҚОСЫМША АМАЛДАР - АЛЛАНЫҢ БҰЙРЫҒЫ ЕМЕС. (Бірақ) ОНЫҢ ҚАЛАУЫМЕН (ТУЫНДАЙДЫ)..." 

Қосымша амалдардың жасалатынын Алла Тағала әзәлдән біліп, жүзеге асатынын қалаған, мақұл көрген.

«Алланың қалауы» деген сөздің бір мәнін былайша түсіндіруге болады: Қандай да бір, жаратылыстың белгілі бір сипатта, белгілі бір уақытта пайда болатынын қалаушы - Алла. Егер Алланың қалауы болмағанда әр нәрсе бір мезгілде, бір сипатта пайда болар еді[1]. Мысалы, Ағаш жапырақтарының түсі көктемде басқа түс емес, жасыл болуы немесе  қызанақтың қара түс емес, қызыл болуы Алланың қалауына байланысты. Сондай-ақ, күннің өз уақытында шығып, өз уақытында батуы, оны белгілі бір заңдылыққа бағындырып қойған тағы Алланың қалауы.    

"...(Қосымша амалдарды Алла) ЖАҚСЫ КӨРІП, РИЗАЛЫҒЫМЕН (жаратады)..." 

Адам қандай да бір сауапты іске барса, Алла тағала оны жақсы көріп, сауап жазады. Жаратушы Иеміз Құранда: «Жақсылық істеңдер. Шын мәнінде Алла игілік істеушілерді жақсы көреді»[2], - дей келе, сауапты істерді жақсы көретінін баса айтуда.

 "КҮНӘЛІ ІСТЕР - АЛЛАНЫҢ БҰЙРЫҒЫ ЕМЕС..."[3].

Өйткені, Алла тағала жаман істерге, күнәлі істерге бұйырмайды. Құранда: «Оларға айт: «Шынында Алла арсыздыққа бұйырмайды...», - делінген.

«...(Күнәлі істер) АЛЛАНЫҢ ҚАЛАУЫМЕН (ЖҮЗЕГЕ АСАДЫ)..." .

Барлық нәрсе Алланың қалауымен жүзеге асады. Мысалы, ұрлық жасаған адамның сондай күнәға баратынын Алла тағала алдын ала білді, солай болатынын таңдады. Өйткені, Алла қаламаған болса, ол күнә - жасалмас еді. Алайда, Алланың қалауы – пендені күнә жасауға мәжбүр етпейді.

20-ғасырдың орта шеңінде қайтыс болған ғұлама Зәһид әл-Кәусәри Алланың қалауын былай деп түсіндірген:

«Алла тағала әзәлдан қалады деу, ол - болашақта кәпірдің күпірлігін, адасушының  адасуын жаратады деген сөз. Кәпір өзіне берілген қалау еркіндігін пайдалана отырып күпірлікті таңдайды. Осы таңдауына сай Алла тағала күпірлікті жаратады. Бұл Алланың заңдылығы. Алланың қалауы дегеніміз – пендені қандай да бір әрекетке мәжбүрлейді дегендік емес»[4].

"...(күнәлі істер) АЛЛАНЫҢ ЖАҚСЫ КӨРУІНЕН ЕМЕС...".

Құранда Әли Имран сүресі, 32 аятында: «Шынында Алла кәпірлерді жақсы көрмейді», делінсе, 57-аятында: «Алла залымдарды жақсы көрмейді», - дей келе, Жаратушымыз күнәлі істерді жақсы көрмейтінін ашық айтқан.

"... АЛЛАНЫҢ РИЗАЛЫҒЫНАН ЕМЕС, ЖАЗМЫШЫНАН (пайда болады)..."

Зүмәр сүресінде: «...Алла құлдарының күпірлігіне разы болмайды...», - дей отырып[5], күнә істердің жүзеге асуын қалағанымен, ол істерді жақсы көрмейді және оларға риза емес екендігін айтуда. 

Осы тұрғыда мына маңызды қағидатты айта кету керек, Алланың жақсы көруі мен ризалығы бір басқа, ал оның бір нәрсенің жүзеге асуын таңдауы (солай болуын қалауы) бір басқа. Мысалы, Алла тағала арақ ішкен адамның, ішімдікке бару әрекетінің жүзеге асуын қалап, оның таңдауына сай сол әрекетті разы болмаған күйі жаратты. 

Бұған байланысты, хижри жыл санауы бойынша 199-жылы қайтыс болған Әбу Мутиъ әл-Бәлхи есімді ғалым Имам Ағзамнан:

-Алланың қалауы (مشيئة الله) дегеніміз – оның ризалығы ма?- деп сұрайды. Имам Ағзам оған:

-Алланың бұйрығын орындаған адамның ісінде Алланың ризалығы бар. Пенде ол бұйрықты Алланың қалауымен және Оның ризалығымен,      Жаратушыға бағына отырып орындайды. Ал, Алланың бұйрығына қарсы келгендер, шындығында Алла қалағандықтан ол әрекетке барып      отыр, бірақ Алла оған риза емес. Бұл жерде пенде Құдайдың «күнә» деп бекітген нәрсесін жасап отыр. Алланың күнә деп бекіткен нәрсесі -    Оның ризалығы емес екені анық...[6], – деп жауап берген екен.

 "...(күнәлі істер) АЛЛАНЫҢ ТАУФИҚ БЕРУІНЕН ЕМЕС, ОНЫҢ (жазған) ТАҒДЫРЫМЕН (болады). (Сондай-ақ, Алланың жәрдемімен емес), ХИЗЛЯНІМЕН (өз жолына қоя беру) БОЛАДЫ...".

Тауфиқ – дегеніміз жамандыққа бару жолын жауып, жақсылық жасау жолын ашу дегенді білдіреді. Немесе тауфиқ – күнәдән жиреніп, сауапты іске ұмтылуға жол ашу. Пенде жақсы жолға түссе, Алланың кеңшілігінен деп біліп, оған шүкір етуі тиіс. Алла әлдекімді тура жолға бастаған болса, ол нәрсе Аллаға міндет болғандықтан емес, Алланың кеңшілдігінен, рахымдылығынан туындауда.

Ал пенде жаман жолды таңдаса, Алла оны өзі таңдаған теріс жолында қалдырады. Мұны «Хизлән» дейміз. Хизләннің сөздік мағынасы – өз жолына қоя беру, жәрдем етпеу, сәтсіздіккке ұшырату дегенге саяды.

Ақидадағы мағынасы - Алланың пендені өзі разы болатын іске бастамауы дегенді білдіреді. Пенде өзіне берілген таңдау еркіндігін пайдаланып, күнәлі істі жасауды таңдайды, соған ұмтылады. Пенденің бұл сорақы ниетіне қарай, Алла тағала оны тура жолға салмай, өз таңдаған жолына қоя береді. Бұл Алланың - әділдігі[7].

Демек, Тауфиқ – Алланың кеңшілігінен туындайды. Хизлән – Алланың әділдігінен туындайды.

Әбу Ханифа өзінің «әл-Фиқһул Әкбәр» атты кітапшасында осыған байланысты былай дейді:

«Алла тағала қалаған пендесін тұра жолға бастайды, бұл оның кеңшілдігі (فضلا منه). Қалаған пендесін адастырады. Бұл оның әділдігі. Алланың адастыруы – Оның Хизләні. Хизләннің мағынасы – Алланың пендені өзінің разы болатын ісіне бастамауы дегенді білдіреді. Мұнысы Оның (Алланың) әділдігі болмақ. Сондай-ақ, өз жолына қоя берген пендеге берілетін жаза да (күнә жасағаны үшін) - Алланың әділдігі болып табылады».[8]

 "...(Күнәлі істер) ОНЫҢ (алдын ала) БІЛУІНЕН ЖӘНЕ ЛАУХУЛ МАХФУЗҒА (алдын ала) ЖАЗУЫНАН (туындайды)..."

Алла тағаланың «шексіз білгіш» деген сипаты бар. Ол пенденің қандай күнә жасайтынын әзәлдан білген және оның солай жүзеге асатынын «күнә жасасын» деп емес, «күнә жасайды» деп тағдыр тақтайына жазып қойған. (Жалғасы бар...)

Алдыңғы тақырыптар: http://islam.kz/kk/articles/aqida/ 
1.Ақыреттік амалдар үш түрлі (2-ереже/1-бөлім)
2.Амал иманнан бөлек және тағдыр мәселесі (1-ереже/3-бөлім)
3.Иман артпайды және кемімейді (1-ереже/2-бөлім)
4.Иман негіздері (1-ереже/1-бөлім)

Сілтемелер:
[1] Әл-Ғазнәуи әл-Һинди - шарху Ъақидати әл-Имами ат-Тахауи, 49 бет. Каир-Мысыр. 2009 жыл.
[2] Бақара сүресі, 195 –аят.
[3] Уасияту Әби Ханифа.  Тахқиқ әл-Кәусәри.
[4] Әл-Ъақидату уәл Ъилмил Кәләм, 611 бет. Любнан, 2009 жыл.
[5] Зүмәр- 7 аят.
[6] Әл-Фиқһул Әбсат. Зерттеп, зерделеген Зәһид әл-Кәусәри.
[7] Ишаратул Марам – 191, 192 беттер.
[8] Әл-Фиқһул Әкбәр. Зерттеп, зерделеген Зәһид әл-Кәусәри.

0 пікір