Әбу Ханифаның ақидаға қатысты өсиеті: Айша анамыз (соңғы бөлім)
Әбу Ханифаның ақидаға қатысты өсиеті: Айша анамыз (соңғы бөлім)
9 жыл бұрын 16121
Абдусамат Қасым

Бисмилләһир рахманир рахим

әл-Уәсия, ОН ЕКІНШІ ЕРЕЖЕ
(соңғы бөлім)

Имам Ағзам Әбу Ханифа (Алла разы болсын) былай дейді:

  • «Айша  (Алла оған және оның әкесіне разы болсын)  -  құрметті Хадишадан кейінгі әлемдегі әйелдердің ең абзалы. Айша мүміндердің анасы.
    Айша жеңіл жүрістіктен пәк. Кейбір рафизилердің  айтып жүрген нәрселерінен құлан таза. Кімде-кім, Айша анамыздың зина жасағанын алға тартса, (демек) ол адам ойнастан туылған.

  • Жәннәт иелері жәннәтта, тозақ иелері тозақта мәңгі қалады. Себебі, Алла тағала мүміндер жайында : «Міне солар жәннәт иелері. Олар онда мәңгі қалады», - десе, кәпірлер хақында: «Міне солар тозақ иелері. Олар онда мәңгі қалады», - деген. (Бақара сүресі, 82-аят; Бақара сүресі, 39-аят.)

Түсіндірме:

Сахаба Әбу Бәкір Сыддықтың қызы Айша миләди жыл санауы бойынша, 612-жылы Мекке қаласында дүниеге келді. Анасының аты - Умму Руман бинт Амир. Айша, Пайғамбарымыздың үшінші жұбайы. Деректерге сүйенсек, Пайғамбарымыз айттырмай тұрып, Айша (р.а.) Жүбәйір ибн Мутъим деген адаммен атастырылған еді. Алайда, Жүбәйір әлі мұсылман емес-тін. Сондықтан, Әбу Бәкір екі отбасы өзара беріскен уағданы бұзып, Айшаны айттырып келген Пайғамбарымызға береді. Айшаның анасы Умму Руман жұбайына:

"Мына қызың Айша, оның жолынан Алла тағала Жүбейірді және оның отбасын алыстатты. Енді, оны Пайғамбарымызға берелік, жақсылық пен берекеге қол жеткізеді", - дейді.  

Содан екі жыл өткеннен кейін барып Айша (р.а.) Алла елшісінің үйіне барады.

Айшаның қанша жаста болғаны жайында тарих беттерінде әртүрлі сан айтылған. Бір деректеде 9 жаста болды десе, басқа бір деректе 15 жас делінген. Тіпті, Айшаның әпкесі Асма (р.а.) Мединеге көш еткенде 27 жаста болғандығын назарға алсақ, Айша анамыз тұрмысқа шыққанда 17 жасар еді дегендер бар. Өйткені, Асма сіңлісінен 10 жас үлкен еді.

Айша өте ақылды, парасатты және тақуа әрі дін ғалымы еді. Құранды жатқа білген. Ислам фиқһының негізін қалаушы сахабалардың бірі. Шамамен 2210 хадис риуаят еткен. Айша анамыз милади 678 жылы Медине қаласында дүниеден озады (Хижри 58-59 ж.).

Айша анамыздың артықшылығы жайында сөз еткен бірнеше хадис бар. Атап айтсақ, «Сахих Бухари» мен «Сахих Муслим» атты хадис жинақтарында Әнәс ибн Мәликтен жеткен бір сахих хадисте Алла елшісі былай дейді:

«Айшаның өзге әйелдерден артықшылығы – Сәрид асының өзге тағамдардан артықшылығы іспетті». 
(Бухари, Муслим)

(Сарид – арабтардың дәстүрлі тағамы.
Негізгі қоспасы ет және наннан тұрады.
Қосымша көкөністер, жемістер қосылады.
Мұхаммед пайғамбардың сүйікті  
асы екендігі айтылады).

 

  • Айша мүміндердің анасы.

Түсіндірме:

Ардақты Пайғамбарымыздың жұбайлары - мүмін-мұсылмандардың анасы болып есептеледі. Құран Кәрім,  Ахзаб сүресінде:

«Пайғамбар – мүміндер үшін өз жандарынан артық. Және оның жұбайлары – аналары»[1], -делінген.
  • Айша жеңіл жүрістіктен пәк.Ол кейбір рафизилердің  айтып жүрген нәрселерінен құлаң таза.
    Кімде-кім, Айша анамыздың зина жасағанын алға тартса, (демек) ол адам зинадан туылған.

Түсіндірме:

Рафизилер деп, шиизм ағымының «иснә-ъашара» - Әзірет Әлидің ұрпағынан болған 12 имамды қасиет тұтып, өздеріне соларды пір санағандарды айтамыз. Бұлар: «Пайғамбар қайтыс болғаннан кейін халифалыққа Әзірет Әли лайық еді», - деп Әбу Бәкір және Омардың халифалығын заңды деп санамаған. Бірнеше сахабаларға мұнафиқтық сипатын таққан. Айша анамызды зинақорлықпен айыптады[2].

Белгілі «Ифк» оқиғасында мұнафиқтар Айша анамызға «зина» жасады деп өсек таратады. Сахабалар арасында екі ойлылық туады. Алайда, Жаратушы пәк пендесін ақтап, Айшаның күнәсіз екендігін, мұнафиқтар тарапынан тағылған жала екендігін айтқан аят түсіреді ("Нұр" сүресі: 11-17 аяттар).

Айша анамызды зинақорлықпен айыптаған адам – кәпір. Өйткені, түптеп келгенде ол адам Құран аятын өтіріксініп отыр.

Бұнымен қатар, Айша анамызды зинақорлықпен айыптаған адам – өзінің анасын айыптағанымен пара-пар. Өйткені, Құранда Пайғамбардың жұбайларын «мүмін-мұсылмандардың» анасы деп тұр.

Алла Тағала өзі тура жолға бастап, ақиқаттан бір қарыс та ауытқымауымызды нәсіп етсін. Нәпсіміздің жетегінде кетуден сақтасын. Әмин!

Әлхамду лиЛләһи Раббил ъаләмин! (Соңы). 


[1] Ахзаб сүресі, 6-аят.
[2] Дегенмен де, қазіргі таңдағы шиіт ағымының дін басыларының көпшілігі Айша анамызға тіл тигізуден тыйылып, керісінше құрметпен қарауға дағдыланған деседі. 

0 пікір