Әбу Ханифаның ақидаға қатысты өсиеті: Адамдар үш топқа бөлінеді (7-Ереже)
Әбу Ханифаның ақидаға қатысты өсиеті: Адамдар үш топқа бөлінеді (7-Ереже)
2 жыл бұрын 6366
Абдусамат Қасым

Бисмилләһир рахманир рахим

әл-Уасия, ЖЕТІНШІ ЕРЕЖЕ: 
«Адамдар үш топқа бөлінеді»

Имам Ағзам Әбу Ханифа былай дейді:

  • Біздің сеніміміз бойынша, Алла тағала жаратылысты (жан-жануарды) күш-қуатсыз жаратты. Олар – әлсіз. Оларды жаратқан да, оларға ризық беруші де – Алла. Себебі Алла Құранда: «Алла сондай: сендерді жаратып, кейін ризықтандырды. Одан соң сендерді өлтіріп, қайта тірілтеді», - деген (Рум сүресі, 40-аят).  
  • Шариғатта еңбек етіп, адал мал жиюға рұқсат етіледі. Бірақ харам жолмен табылған дүние жинауға тыйым салынады.
  • Адамдар үш топқа бөлінеді: ықыласты мұсылман, күпірінде қасарысқан кәпір және екі жүзді мұнафиқ.  
  • Мұсылманға – амал парыз. Кәпірге – иман парыз. Ал мұнафиққа – шынайылық және ықылас парыз.  
  • Олай деуіміздің себебі, Алла тағала Құранда: «Ей, адамдар! Раббыларыңнан қорқындар!», - деп бұйырады (Ниса сүресі, 1 аят).  Аяттың мағынасы: Ей, мұсылмандар! Аллаға итағат етіңдер. Ей, кәпірлер! Сендер иманға келіңдер. Ал, мұнафиқтар шынайылық танытсын.  

Түсіндірме: 

  • Біздің сеніміміз бойынша, Алла тағала жаратылысты (жан-жануарды) күш-қуатсыз жаратты. Олар – әлсіз. Оларды жаратқан да, оларға ризық беруші де – Алла. Себебі Алла Құранда: «Алла сондай: сендерді жаратып, кейін ризықтандырды. Одан соң сендерді өлтіріп, қайта тірілтеді», - деген (Рум сүресі, 40-аят).  

Дүние есігін шыр етіп ашқан сәби  - әлсіз, көп нәрсеге мұқтаж, ата-анасының қарауынсыз өмір сүре алмайды. Әлі нан үзер қуаты, тамақ шайнар тісі жоқ нәресте үшін, Жаратушымыз анасы арқылы оған керекті  ырзығын жаратады. Одан ары қарайғы өмірінде де, кейде күтпеген жерден, кейде себептер арқылы Жасағанның берер несібесі, ырзығы үзілмейді.  Осыған сәйкес Құран Кәрімде: «Алла сендерді әу баста әлсіз етіп жаратты. Сонан соң қуаттандырды. Одан қайта күштеріңді қайтарды және қартайтты...»[1], «Сендерді Алла жаратты, сонан соң ризық берді. Кейін өлтіріп, қайта тірілтеді...» - дейді.

«Ризық», «ырзық» сөздері  - араб тіліндегі «Ризқ» сөзінің қазақша нұсқасы. Ризқ сөзінің арапшадағы мағынасы - «азық», «ішім-жем», «өмірге керекті қорек» деген ұғымдарды білдіреді. Құранда: «Жер бетіндегі тірі жанның бәрінің ырзығы Алладан...», - делінген аят бар.  

  • Шариғатта еңбек етіп, адал мал жиюға рұқсат етіледі. Бірақ харам жолмен табылған дүние жинауға тыйым салынады.

Ризық – Алладан, оған ешбір мұсылман шүбә келтірмесі анық.  Әйтсе де, «Алла ризық береді екен» деп еңбек етпей қоюға болмайды. Сондықтан, «істесең тістейсің» демекші, саған бөлінген несібені талап қылып, іздеу керексің. Құс екеш, құс та ұясынан ұшып, несібесін іздеуге аттанады.  

Деректерге сүйенсек, бір күні Әзіреті Омар әрдайым жұмыссыз отырған базы біреулерді көреді. Әзіреті Омар олардың қастарына барып:

- Сендер кімсіңдер? – деп сұрайды. Әлгі адамдар:

- Аллаға тәуекел етушілерміз! – деп жауап береді. Сонда Әзіреті Омар оларға:

- Сендер тәуекел етушілер емес, «тә’әккүл» етушілерсіңдер, яғни, жатыпішер арамтамақсыңдар. Тәуекел етушілер алдымен жерге дән егеді. Содан кейін барып, Аллаға тәуекел етеді, - деп әлгі кісілерді жазғырған екен.

Бұнымен қатар,  тапқан дүниеміздің адал болуына да қатты мән беруіміз керек. Ұрлық-қарлықтан немесе біреудің ақысын жеу яки харам заттарды сату арқылы тапқан табыс - харам. 

  • Адамдар үш топқа бөлінеді: ықыласты мұсылман, күпірінде қасарысқан кәпір және екі жүзді мұнафиқ.  

Діни тұрғыда адамдарды үш топқа бөлуге болады. Біріншісі – Аллаға және оның дініне шынайы жүрекпен сеніп, жүрегіндегі сенімін тілмен айтқан кісі. Оны мүмін-мұсылман дейміз.

Екіншісі – Аллаға сенбей, оның бұйрықтарын мойындамай,  Исламның хақтығына нанбайтындар. Оларды «кәпір» дейді.  

Кәпір сөзі тілімізге арабшадан енген. Арабшасы - «Кәәфир».  Ол - «куфр» түбірінен шығады. Куфр тілдік мағынада: «жасыру»,  «жабу», «шүкірсіздік», «басын алып қашу»,  «құдайды жоққа шығару» деген ұғымдарға саяды[2].

Үшіншісі – іштей Исламды мойындамайтын, оған сенбейтін, бірақ сырт көзге иманды, мұсылман болып көрінген адамдар. Оларды «мұнафиқ» деп атайды.  Сырты бүтін, іші түтін адамдар.

«Мұнафиқ» деп - араб тілінде екі жүзді адамды айтады. Оның түбірі  «нәфәқ» сөзінен шыққан.  Ал, Нәфәқ -  арабтарда құмды жерде мекен ететін қосаяқ тышқанның (тушканчик) қазған інінің шығар тесігі (черный ход).  Араб тілінде қосаяқтың інге кіретін басты тесігін «Қасиъа’» десе, қосымша қашып шығатын тесігін «нафәқ» немесе «нүфәқа» дейді.  Қосаяқ қандай да бір қауіпті сезген кезде, іннің негізгі тесігінен кіреді де, екінші тесігінен шығып қашады. Осыдан келіп «Мұнафиқ» сөзі шыққан деседі тілшілер[3].

  •  Мұсылманға – амал парыз. Кәпірге – иман парыз. Ал мұнафиққа – шынайылық және ықылас парыз. 

Әлдекімге діни бұйрықтар міндеттелуі үшін, әуелі иман келтірген болуы тиіс. Исламға сенбейтін кісіге бірден намаз оқы деп бұйырмай, әуелі иман келтіруін  талап етеді. Иман келтіріп, Исламды қабылдағаннан кейін барып, дін бұйрықтарын орындау мойнына жүктеледі.

Ал, мұнафиққа шынайылық керек. Өйткені, көрер көзге Ислами бұйрықтарды орындап жүрген кісі, өзінің жасап жүрген амалдары босқа кетпесін десе, ниетін түзеп, Исламға деген ойын дұрыстауы тиіс. Шын жүрекпен мұсынмашылықты қабыл етуі керек.

Мұнафиқ адам біздің назарымызда – мұсылман.  Бірақ Алланың алдында - кәпір. Жазасы - (егер осы дүниеде тәубеге келмесе) мәңгі тозақ.  

  • Олай деуіміздің себебі, Алла тағала Құранда: «Ей, адамдар! Раббыларыңнан қорқындар!», - деп бұйырады (Ниса сүресі, 1-аят).  Аяттың мағынасы: Ей, мұсылмандар! Аллаға итағат етіңдер. Ей, кәпірлер! Сендер иманға келіңдер. Ал, мұнафиқтар шынайылық танытсын. 

Әбу Ханифаның дәлел ретінде келтіріп отырған аяттағы «Алладан қорқу» сөзінің астарында - оған қарсы келмеңдер,  Ол жақтырмайтын іс-әрекеттерден ұзақ жүріңдер деген мағына жатыр. Демек, мұсылман кісі иман келтірген болса, өзі сенген Раббысының бұйрығын орындамауы ол үшін жаман нәрсе. Сондықтан мұндай қылықтан арылып, Жаратушының айтқанын орындап, тыйғанынан тыйылуы тиіс. Кәпірдің күпірлігі Аллаға ұнамсыз нәрсе, сондықтан ондай жаман қасиеттен арылып, иманға келуі керек. Мұнафиқтық  - Алла сүймейтін іс. Адам баласы екі жүзділікті тастап, шынайы түрде Исламға бет бұруы ләзім.  (Жалғасы бар...)

[1] Рум сүресі, 54-аят.
[2] Егін еккенде топырақ ішіне дәнді жасырып көметіндіктен, диханшыны да тілдік мағынада «Кәәфир» деп атаған.  Құран Кәрімдегі:«Дүние – бір төгіп өтіп, егісін көгерту арқылы диқандарды қуантып тастайтын өтпелі жаңбыр секілді» - деген аяттағы диқаншыларға «Куффар» сөзі қолданады.Хадид сүресі, 20-аят
[3] Лисанул ъараб «Нафақ».

0 пікір