Қазақстандық заңгер дәрігерлердің қайтыс болған адамның ағзасын рұқсатсыз алуға құқылы екенін айтты
Қазақстандық заңгер дәрігерлердің қайтыс болған адамның ағзасын рұқсатсыз алуға құқылы екенін айтты
8 жыл бұрын 4062

Қазақстандық заңгер Абзал Құспанов Stan.kz тілшісіне берген сұхбатында ҚР Заңына сәйкес, қайтыс болған адамның ағзасын дәрігерлер туыстарының рұқсатынсыз алуға құқылы екенін айтты. Мұнымен қатар, тұрғындарға тіркелген поликлиникасына барып, ағзасын алдын ала сақтандырып қоя алатынын ескертті.

Күні кеше дәрігерлер 22 жастағы жігіттің ішкі ағзасын, атап айтқанда  бүйрегі мен бауырын, жүрегін заңсыз иеленіп, жұртты шулатқан болатын. Алайда заңгер Абзал Құспанов осы тұста дәрігерлердің қайтыс болған адамның ағзасын ешкімнің рұқсатынсыз кесіп алуға құқылы екенін айтып жатыр. Бірақ, бұл қайтыс болған адам көзі тірісінде ағзасын сақтандыратын құжат жасамаған жағдайда ғана жүзеге асады. Заңгердің айтуынша, мұның барлығы ҚР Ата заңында нақтыланып жазылған.

“169-баптың 10-тармағына сәйкес, өзі тіркеуде тұрған медициналық ұйымды ескертпеген болса, дәрігерлер қайтыс болған адамның кез келген мүшесін ешкімнің рұқсатынсыз алуға құқылы. Заң бойынша, адам өзі тіркелген медициналық ұйымына хабарлама беруі керек. Мұнымен қатар, қайтыс болған адамның туған-туыстары дәрігерлерді алдын ала тиісті құжаттардың жасалып қойғаны туралы ескертіп, дене мүшесін кесіп алуға тыйым салуы тиіс. Заңда дәрігерлерге қатысты белгілі бір міндеттемелер жоқ. Сол себепті, олар қайтыс болған адамның ағзасын рұқсатсыз алса да, заң алдында жауап бермейді. Осы тұста база немесе картотека жасап қойса дұрыс болатын еді”, – дейді ол.

Аталған құжатты өзіңіз тіркелген поликлиникаңыздан жасата аласыз. Елімізде қосымша уақытша тіркеу де енгізілгендіктен, халықтың көп бөлігі міндетті түрде тіркелген. Яғни бұл мәселеге қатысты қиындық тумайды.

“Ал мұндай құжатты өзіңіз медициналық тіркеуде тұрған поликлиникаға барып жасатасыз. Адам өзінің үйінде болсын, пәтер жалдап тұрсын, міндетті түрде тіркеуге тұратыны анық. Осы тіркелген жеріндегі поликлиникаға да тіркеледі. Сол себепті, оған байланысты аса бас қатырудың қажеті жоқ және ағзасын сақтандыруға қатысты құжаттарды реттегенде еш ақша төлемейді”, – дейді заңгер  Абзал Құспанов Stan.kz тілшісіне берген сұхбатында.

Осы уақытқа дейін ҚР Денсаулық сақтау министрi Елжан Бiртанов Үкiмет отырысынан кейiн журналистерге берген сұхбатында қайтыс болған адамның органын туыстарының келiсiмiнсiз алуға рұқсат ететiн норманы қолдайтынын айтқан болатын.

0 пікір
Мұрағат