Қазақстандағы азаматтық авиация ұшқыштары қалай дайындалады
|
Болашақ пилоттарға қойылатын талап қандай, оларды жұмыспен қамту қаншалықты жолға қойылған.
Бұл турылы Forbes.kz тілшісіне Азаматтық авиация академиясы Ұшқыштарды дайындау орталығының директоры Жамкен Түнлікбаев айтып берді.
Алматы. Азаматтық авиация академиясы. Қазақстан және Орталық Азия бойынша авицияның барлық саласына маман даярлайтын жалғыз оқу орны. Кеңес кезінде Киев азаматтық авиация институтының негізінде құрылған білім ордасы тоқсаныншы жылдары Академия болып құрылып, отандық мамандарды даярлауға кірісті. Ал уақыт өте оқу жүйесі әлемдік талаптарға сәйкестендірілді, оның ішінде ұшқыштарды халықаралық стандарттарға сай етіп даярлау жолға қойылды. Ал қазір отандық ұшқыштар қалай, дайындалады, қанша уақыт білім алады? Өз тәжірибесінде барлық ұшақ түрін басқарған кәсіпқой ұшқыш, қазірде оқу орталығының директоры Жамкен Түнлікбаевтыңайтуынша білім ордасы толығымен ИКАО талаптарына жауап береді.
- Біз Еуропалық деңгейде 4 жыл білім береміз. Бұл уақыт ішінде студенттер теориялық біліммен бірге ұшуды үйреніп,инженер- ұшқыш деген диплом алып шығады. Сонымен бірге, 2 жыл ұшқаннан кейін жеке пилот деген куәлігін алады. Осыдан кейін жеке ұшқыш бола алады. Ал, 4 жылдан кейін коммерциялық ұшқыш куәлігін алып, отандық немесе басқа да шет елдік компанияларға кіре алады, - оқу орталығының директоры.
Қазіргі күні Қазақстандағы қолданыстағы ұшақтардың барлығы шет мемлекеттерден жеткізілген және технологиясы түгел ағылшын тілінде. Әрбір әуе кемесіне қатысты барлық әдістемелер де ағылшын тілінде. Сондықтан, шәкірттер ең алдымен ағылшын тілін жетік білуі керек, ал одан кейін физика мен математикаға жақын болуы шарт. Талапкерлердің денсаулығына қойылатын талап өз алдына бір бөлек, медициналық бақылаудан өтпегендерге ұшқыш мамандығын арманаудың қажеті жоқ. Әрине, бұл мамандықты меңгеруге ұмтылатындар көп, бірақ бәрінің бірдей жолы бола бермейді.
- Кез келген азамат немесе азаматша ұшқыш бола алады. Біріншіден нақты шешім қабылдап келу керек. Ең алдымен бұл салада тәртіп керек. Барлық талапты орындаса, ұшқыш мамандығын алуына мүмкіндік бар. Екнішіден денсаулық бойынша талап көп, осында комиссиядан өтеді, одан кейін емтихан тапсырады. Физика-метамкатикамен бірге сол пәндерді ағылшынша меңгеруі тиіс, Себебі қазіргі ұшақтардың оқулықтары ағылшынша, - дейді Түнлікбаев.
«Airbus 320» және «Boing 737». Академия студенттері теориялық білімнен бөлек, әлемде көптеп қолданылатын осы екі ұшақтың негізінде жасалған тренажерларда жаттығады. Кабиналардың қазіргі лайнерлерден еш айырмашылығы жоқ, бәрі де шынайы борттағы технология бойынша жарақталған. Ұшқыш болуды мақсат еткендердің ішінде тек ер азаматтар ғана емес, нәзік жандар да бар. Солардың бірі шағын ұшақтарды меңгеріп, қазірде тренажерда жаттығуды бастаған үшінші курс студенті Ләззят Шырынтай.
- Менің ата-анам авиацияға өте қатты қызығады. Олар ұстаз болып жұмыс істейді. Негізі олар менің стюардесса болғанымды қалаған болатын. Бірақ, мен ұшқыш мамандығын таңдадым. Себебі, менің мінезім ұл бала сияқты, авиацияда нәзік қыздар болмайды. Бұл жерге айтқан сөзінде тұра алатын, тік мінезді қыздар қажет. Сондықтан, ең алдымен менің мінезім сай келді,оның үстіне спортпен айналысамын. Сол себепті маған қиын болмас деген оймен авиацияға бардым, - дейді Ләззәт.
Оқу орталығы басшысының айтуынша 2019 жылы 176 студент диплом алады. Олардың барлығы 2-ші курстан бастап Нұрсұлтан, Алматы, Қарағанды қалаларында орналасқан оқу-дайындау орталықтарында өз беттерінше ұшып үйренді. Солардың бірі академия стундеті Жұмаш Қажымымұқан.
- Екінші курсты аяқтағаннан кейін біз екі жыл бойы теориялық дайындықты өттік. Одан кейін 2019 жылдың жазында біз жеңіл ұшақпен ұшып, ППЛ лицензиясын алдық, осыған байланысты біздің кез келген бағытқа ұшуға лицензиямыз бар. Және осының бәрін оқыту барысында азаматтық авиация академиясы барлық халықаралық талаптарға сай құрылғылармен ұшуды үйретті. Авиацияда ең бастысы аэродинамика,әуеде қалықытау заңдары. Навигация, көбінесе физикаға қатысты пәндерді оқып жатырмыз. Сонымен қатар халықаралық талаптарға сай 14 пәнді 4 балдан жоғары тапсырып өту керекпіз, Болашақ мақсатым әуе кемесіне отырып, жолаушыларға қызмет көрсету, - дейді студент.
Сонымен қатар, болашақ ұшқыштар Боралдайдағы Falcon Avia компаниясында тәжірибеден етеді. Академияның өз ұшақтары тағы бар.
- Бізде бүгінгі күні бір моторлы 4 ұшағымыз бар. Сонымен бірге 2 моторлы 2 ұшағымыз бар. Олардың бәрі жаңадан келген, жаңа ұшақтар. Өз инструкторларымыз бар. Тағы іздеп жатырмыз. Биыл жазғы ұшу тәжірибесін солармен жасаймыз. Біз негізінен 2-3 курс студенттерін дайындап шығамыз, - дейді оқу орталығының директоры.
Кәсіби ұшқыштардың, нұсқаушылардың көмегімен ұшқан бір бөлек, ал ұшақты жеке өзің басқару мүлде бөлек әсер қалдырады екен. Бұл ең алдымен мамандықтың жауапкершілі мен қиындығын сездіреді, яғни белгілі бір белесті бағындырудың белгісі болып табылады.
- Біз кішкене ғана бірінші қадамын жасап отырмыз. Алғаш жеке ұштық. Бұл бірінші қадам, нақтырақ айтқанда жеңіл ұшақты үйрендім. Бәрі бірден болмайды. Бәрі алда. Аспанға бірінші көтерілген сәтте өте естен кетпес күн болды,сол күнен бастап авиацияға деген махаббатым ашыла түсті, қиындығын ұмытып,тек ұшқыш боламын деген мақсат қойдым. Осы жазда Елордада тәжірибеден өткен болатынбыз, бұл 1 моторлы спорттық самолет болатын. Ең алдымен инструктормен отырасын. Сенің қабілетің барына көз жеткеннен кейін өзің ұшасын. Сосын сені ұшырады. Ал «Airbus 320» кабинасына енді отырып жатырмыз. Барлығы шын ұшақтағы секілді. Ата-ана баласының кішкене болса жетістікке жеткеніне қуанады ғой. Маған ата-анам қатты үміт артты. Сондықтан, мен Тоты Әмірова сияқты топты жарып шығып, Қазақстанда қыз пилоттар бар екенін дәлелдегім келеді, - дейді Ләззәт.
Қазақстан тәуелсіздік алған жылдары аваицияның жағдайы қиын еді. Кеңес одағы ыдырағаннан кейін отандық ұшқыштар тапшылығы сезілді, оларды шет елдік пилоттар алмастырды, ал қазір жағдай керісінше сипат алды. Жұмыспен қамту мәселесі шешіліп келеді, көбі отандық компанияларда қызмет етуде.
- Бізде енді қазір орта есеппен жылына 40 пен 60 аралығында ұшқыштар дайындап шығарады. Ал, олардың 20-25 –і біздің компанияларға жұмысқа кіреді. Бір, екі жылда жұмысқа кіреді. Алдыңгы жылдың өзінде оқу бітірген 30 шақты ұшқыш біздің компанияларда істеп жатыр. Эйр-Астана, Скат, Бейк-Эйр, одан басқа да үлкенді-кішілі жеке кокмпаниялар бар. Сол компанияларда жұмысы атқарып жатыр.
Академия студенті Жұмаш Қажымұқан үшін көкке көтерілетін күн алыс емес. Қазірде арнайы тренажерде тәжірибе жинақтап жатқан жігіт, дипломын қолына алысымен көп ұзамай отандық команиялардың бірінде жұмыс істейтініне сенімді. Ал ұшқыш мамандығын таңдауының өз себебі бар.
- Менің ең бірінші ойыма келген мамандық осы болды. Себебі, оған түрткі болған менің әкем, авиация саласында жұмыс істейді. Одан бөлек басқа мамандықтарға қарағанда ұшқыш бір жерде отырмайды, әлемді шарлаумен болады. Сондықтан мен ең алдымен жұмысымды аспан әлемінен байланыстырғым келді, - дейді Жұмаш.
Қазіргі күні академияда тек Қазақстан ғана емес, ТМД, оның ішінде Орталық азия елдерінің студенттері білім алады. Білім ордасын бітіргендердің алды қазірде өз елдерінде, өз аваициясында жемісті еңбек етіп келеді.