МӘМС аясында ем алмаған салымшыларға аударған ақшасы қайтарыла ма – ДСМ жауабы
МӘМС аясында ем алмаған салымшыларға аударған ақшасы қайтарыла ма – ДСМ жауабы
2 жыл бұрын 1485 inform.kz Есімжан Нақтыбай

МӘМС аясында қызмет алмаған салымшыларға медициналық сақтандыру қорына аударған ақшасы қайтарыла ма? Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде Денсаулық сақту министрлігі мен Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының өкілдеріне осындай сауал қойылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жақында бір депутат әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына аударған ақшасы пайдаланылмаса, жүйедегі азаматтарға тым болмаса 50 пайызын қайтарып беру тура бастама көтерді. Бұған не айтар едіңіз?» деп сұрады журналист.

«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Сәбит Ахметов дәрігерлердің жүктемесін азайту бағытында қолға алынған шараларды сөз етті.

«Біздің МӘМС жүйесі ортақ ымыралы жауапкершілікке негізделген. Егер жүйеге қатысушыларға салымының 50 пайызын қайтарсақ, 80 пайыз адамның МӘМС аясында тегін медициналық қызмет алуы қиындайды. Өйткені жүйедегі азаматтардың 80 пайызының айлығы соншалық көп емес. Ары кетсе, 30-40 мың теңге қайтаратын шығармыз. Бірақ оның бәрін осылай қайтарсақ, қай жерден көмек алады? Ақылы емделуге жеке қаражаты жете ме? Отасы 10 млн теңге болса, оны қайдан төлейді? Бұл жерде «әлеуметтік» деген сөзге мән беру керек. Бізге айлығының жоғары болғанына байланысты көбірек ақша аударатын адамдар қалыпты жағдайда да денсаулығына жақсы қарайды. Олардың көбі МӘМС аясында медициналық ұйымдарға жүгінбейді де. Негізінен зейнеткерлер, балалар, мүгедектігі бар адамдар жүгінеді», - деді қордың басқарма төрағасы.

Денсаулық сақтау вице-министрі Тимур Сұлтанғазин бұл сауалға халықаралық тәжірибеден мысал келтіре отырып жауап берді.

«Дүниежүзінде мұндай сақтандырудың бірнеше түрі бар. Бірақ жекеленген шоттар, жекелеген салымшыларға ақшаны қайтару деген тәжірибе жоқ. Тек Сингапурде жекелеген шоттар бар. Ол өте бай мемлекет екенін өздеріңіз білесіздер. Жекелеген шоттағы ақшаны өзіне ғана жұмсау, жұмсамаса қайтару деген тәжірибе сол мемлекетте ғана бар. Қалған мемлекеттердің бәрінде ынтымақтастықтың арқасында қаражаты бар адамдар кедейлер үшін төлейді, сау адамдар ауру адамдар үшін төлейді. Біздің де әлеуметтік сақтандыру жүйеміз тура дамыған мемлекеттер сияқты осындай принципке негізделген. Қайтару механизмі жоқ. Заң бойынша он минималды айлық көрсеткіштен асып кетсе, лимит бар. Ең көп дегенде бір адам айына 14 мың теңге ғана төлейді. Одан асырылмайды», - деді Тимур Сұлтанғазин.

Бір адамның денсаулыққа жұмсайтын шығындары 56 мыңнан 122 мың теңгеге дейін өскен

Елдің бір тұрғынына денсаулық шығындары 56 мың теңгеден 122 мың теңгеге дейін ұлғайған. Бұл туралы Денсаулық сақтау вице-министрі Тимур Сұлтанғазин орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Соңғы 3 жылда күндізгі стационарларға ақы төлеуді қаржыландыру 4 млрд теңгеден 6 млрд теңгеге дейін ұлғайды. Ал консультациялық-диагностикалық көмекке бөлінетін сома ағымдағы жылы 25 млрд теңгеден 364 млрд теңгеге дейін, яғни 14 есе өсті. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі арқылы бөлінетін қаражатты ескере отырып, елдің бір тұрғынына денсаулық шығындары 56 мың теңгеден 122 мың теңгеге дейін ұлғайды», - деді вице-министр.

Оның сөзіне қарағанда, 2019 жылы 20 миллионға жуық бейінді мамандар консультациясы мен диагностикалық зерттеу жүргізілген.

«Алайда, өткен жылы бұл цифр 142 миллионға дейін өсті, яғни 7 есе көп. Бұл ретте дәрігерлердің қабылдауының, зертханалық талдау және аспаптық диагностика жүргізудің 7 есе өскенін көрсетеді. Мысалы стоматологияны алайық. 2019 жылы 3 миллионға жуық стоматологиялық қызмет көрсетілді, ал өткен жылы бұл көрсеткіш 13 млн дейін, яғни шамамен 5 есе өсті. Бұл стоматологиялық көмектің адамдарға қолжетімді болғанын көрсетеді», - деді Тимур Сұлтанғазинов.

Медициналық сақтандыру қорының жұмысын Жоғары аудиторлық палата қадағалайды

Жоғары аудиторлық палата медициналық сақтандыру қорының қызметіне аудит жүргізетін болады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы Денсаулық сақтау вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде мәлім етті.

«Жоғары аудиторлық палатамен бірлесіп аудит жүргізу арқылы қор бөлімшелерінің қызметіне бақылауды күшейту жоспарлануда.

Келетін шетелдіктер мен олардың отбасы мүшелерін ерікті медициналық сақтандырумен қамту жөнінде заңнамалық шешімдер қабылданды», - деді ол.

Министрдің орынбасары МӘМС аясында көрсетілетін медициналық қызметтердің тарифтері кезең-кезеңмен қайта қаралатынынң айтты.

«Медициналық сақтандырудың қазақстандық моделі әлемнің басқа дамыған елдері сияқты үш негізгі қағидаға негізделген. Бұл: әмбебаптық, әлеуметтік әділеттілік және ынтымақтастық. Осы үш қағидаттың қолданылуы азаматтарға табысына, тұрғылықты жеріне және әлеуметітк мәртебесіне қарамастан денсаулық сақтаудың тең құқықтарын береді», - деді вице-министр.

0 пікір
Мұрағат