Каспий итбалығын сақтау үшін ерекше қорғалатын табиғи аумақ құру жоспарлануда
Каспий итбалығын сақтау үшін ерекше қорғалатын табиғи аумақ құру жоспарлануда
3 жыл бұрын 1441 Әли Ибраев

Каспий теңізінің Қазақстанға қарасты бөлігінде итбалықтардың өніп-өсуі, оларды сақтау мен таралуына қатысты ғылыми-зерттеу жұмыстары жүріп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі ұсынған мәліметке сүйене отырып.

«Ғылыми деректерге сәйкес Каспий теңізінде шамамен 300 мың итбалық бар. Сол сияқты Каспий итбалығының жойылып кету қаупіне қатысты ешқандай дәлелді негіз жоқ. Яғни, ғалымдардың пікірінше итбалықтардың жойылу қаупінің жақын болашақта болуы екіталай. Қазіргі уақытта гидробиология және экология институты Каспий теңізінің Қазақстанға қарасты бөлігінде итбалықтардың өніп-өсуі, оларды сақтау мен таралуына қатысты ғылыми-зерттеу жұмыстары жүріп жатыр. Сонымен қатар, ғылыми зерттеу нәтижесін қорытындылай келе аталған институт итбалықтар мекендейтін жерлерді сақтауға қатысты ұсыныстар жасайды», - деп жазылған ҚазАқпараттың ресми сауалына берілген жауапта.

Министрліктің хабарлауынша, Қазақстан Каспий итбалығын сақтау және көбейтуге қатысты 2026 жылға дейінгі Ресеймен бірлескен іс-қимыл жоспарына қол қойды.

«Жоспарға сәйкес Каспий итбалығының мекендеу және көбеюін сақтау үшін ерекше қорғалатын табиғи аумақ құру жоспарлануда. Айта кетсек, осыдан 3 жыл бұрын Ақтауда Каспий итбалығын зерттеу және оңалту бойынша Қазақстандағы алғашқы орталық ашылды. Бүгінге дейін орталықта 40-тан астам итбалықты емдеп, оңалтып табиғи ортаға қайта жіберілді», - делінген хабарламада.

Еске сала кетсек, биылдыққа Каспий теңізіндегі итбалықтардың қырылуына қатысты бірнеше жағдай тіркелді.

Алғаш сәуір айында Каспий теңізінің Маңғыстау бөлігінен 94 өлі итбалық табылған еді.

Экология министрлігі ұсынған ақпаратқа сәйкес биыл 5 айдың ішінде Каспий теңізі жағалауынан 219 итбалықтың өлексесі табылды.

Сондай-ақ, аталған ведомство Каспий теңізінде итбалықтардың қырылу себебінің әлі анықталмағанын жеткізді.

0 пікір
Мұрағат