Кәсіпкерлер мамандығы жоқ жастарды кәсіп түріне үйретеді
Кәсіпкерлер мамандығы жоқ жастарды кәсіп түріне үйретеді
7 жыл бұрын 3318 24.kz Ақсәуле Байменшина, Болат Молдағалиев

Ақтөбеде «Мейірім» әлеуметтік бейімдеу орталығының тұрғындарын кәсіпке баулу жобасы қолға алынды. Өткен жылы ашылған орталықта  жетімдер үйінде тәрбиеленген жастар тұрады. Облыстық кәсіпкерлер палатасы мамандығы жоқ жастарды  кәсіп түріне үйретеді. Мысалы 3 жігіт қаладағы ең ірі аяқ киім шеберханасында тәжірибеден өтіп жатыр. Осыдан кейін олар жұмысқа орналасады. Ерінбеген етікші болады. Иван Девятов тәжірибелі етікшінің айтқанын мұқият тыңдап, үйреткенін қағып алуға тырысады. Кәсіпті меңгеру үшін оларға 1 ай мерзім берілген. Айтуынша, аяқ киім жөндеу – асқан шыдамдылықты талап ететін жұмыс. Қаладағы ең ірі шеберханада тәжірибеден өту үшін бар жағдай жасалған. Бастысы, үйренуге деген ынта болса, болғаны. Кәсіпті меңгергеннен кейін «Мейірім» орталығындағы аяқ-киім жөндеу шеберханасына жұмысқа тұрмақ.

Иван Девятов, «Мейірім» әлеуметтік бейімдеу орталығының тұрғыны: - Аяқ киім жөндеумен айналысамын деп шештім. Себебі, біздің орталықта шеберхана бар, бірақ, шеберлер жоқ. Етікшілік кәсібі еңбекқорлықты, табандылықты талап етеді. Ал менің бойымда бұл қасиеттер бар. Сондықтан менен жақсы етікші шығады деп ойлаймын. Қызығушылығым бар. Қамқоршысы жоқ жастарға көмек беріп, кәсіпке баулуды қолға алған кәсіпкердің өзі кезінде етікші болған. 30 жыл бұрын ағасынан үйренген кәсібінен нәсіп тауып, бүгінде қала бойынша шеберханалар желісін ашты. Кез келген аяқ киімді жөндей алатын шеберлері бар. Қажетті жабдықтар мен сапалы материалдарды шетелдерден алдырады. Кәсіпкер жетім көрсе, жебеп жүретінін айтады. Бүгін өзі үйреткен шәкірттері болашақта жеке кәсібін ашуы әбден мүмкін.

Айтқали Тақауев, кәсіпкер: - Егер олар өз беттерінше жұмыс жасап, шеберхана ашатын болса, мен алғашқы уақытта материалдармен қамтамасыз етуге дайынмын. Аяқтан тұрып кеткенше қолдау көрсете аламын. Кейін желім, резеңке, былғары, жіп сияқты қажетті материалдарды арзан бағамен алуға көмектесемін. Ең бастысы, олар еңбек етіп, екі қолға бір жұмыс тапса болғаны.

Облыстық кәсіпкерлер палатасы жастарды басқа да кәсіп түрлеріне үйретпекші. Сондықтан ісі оңға басқан кәсіпкерлерден қолдау күтеді.

Гүлмира Қазмұхамбетова, облыстық кәсіпкерлер палатасының сарапшы маманы: - Әсемдік, тігін салондары бар барлық кәсіпкерді және жеке қожалықтарды біз осы балаларды алып, оқытуға шақырамыз. Әлеуметтік көмек беруге шақырамыз. Яғни, ақшалай талап етіп отырған жоқпыз. Тек оқыту жағынан. Осы балаларды оқытып берсе екен. «Мейірім» әлеуметтік бейімдеу орталығында 103 тұрғын бар. Олардың 63-і әлі мемлекет қамқорлығында. Қалғандары – жұмысқа қабілетті жастар. Орталықта сұлулық салоны, 2 жылыжай мен аяқ-киім жөндеу шеберханасы ашылған. Онда осы үй тұрғындары еңбек етеді.  

0 пікір
Мұрағат