ЖАРНА ПАЙЫЗДАРЫ ТӨМЕНДЕЙДІ (ИНФОГРАФИКА)
ЖАРНА ПАЙЫЗДАРЫ ТӨМЕНДЕЙДІ (ИНФОГРАФИКА)
8 жыл бұрын 3021 aikyn.kz Мақсұт ҚҰЛЖАНОВ, «Республикалық медицина палатасы» қоғамдық бірлестігі басқарма төрағасы

«Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» заң 2015 жылы 16 қарашада қабылданды. Дей тұрғанмен, кейбір ескерілмеген мәселелер екшеліп, түзетіліп, қосымша ретінде әзірленуде. Сондай қосымшаларды бір парасын атап өтейін.

Басты мәселе ретінде – Үкімет пен осы медициналық сақтандыру жүйесін жүзеге асыратын Қор есебінен төлетін екі пакет бір жүйеге біріктірілді. Ендігі кезекте Қор бірыңғай төлем жасаушы болады. Міндетті медициналық сақтандыруды енгізу уақыт талабы. Өйткені, денсаулық сақтау жүйесі қазіргі нарық жағдайын ескеруі қажет. Мемлекет әлеуметтік жағынан аз қор­ғалған аза­маттарды әлі де өз қамқорлығына алып, олардың атынан қорға тиісті қаражат аударып отыратыны анық. Бүгінге дейін мемлекеттік бюджеттен қаражат ау­дарылуы тиіс 14 топ өкілдері болды. Яғни, зейнеткерлер, 18 жасқа дейінгі балалар, мүмкіндігі шектеулі жандар, арнайы мекемелерде жазасын өтеушілер, жұмыссыз азаматтар, студенттер және тағы басқалары үшін мемлекет жарна төлейтін болады. Енді осындай топтарға тағы мүгедектігі ресми тіркелген аза­маттарға күтім жасайтындар қосылды. Яғни, 18 жасқа толмаған мүмкіндігі шектелген жандарға күтім жасайтын үйіндегі жақындары, туыстары қызметке араласып, жалақы таба алмағандықтан, олардың атынан Қорға мемлекет жарна төлейді.
Екінші мәселе – еліміздегі шетел азаматтары, дипломаттарға қатысты. Бүгінге дейін шетелдік елшілер еліміздегі жекеменшік емханалармен ерікті түрде медициналық сақтандыру туралы келі­сімшарт жасасып, қаржы төлеп келді. Ендігі кезекте мұндай азаматтар әлеумет­тік медициналық сақтандыру қорына салым төлеуі қажет. Сонымен қатар, шетелдегі еліміздің азаматтары осы Қорға қаржы төлеп, медициналық сақтандыруға қатысты біздің заңның талаптарын орындауы шарт.
Бұдан бөлек салым пайыздарына қатысты мәселелер көтеріліп, жұмыс берушілер мен жұмыскерлер үшін Қорға төлейтін қаржы пайызы төмендетілді. Атап айтсақ, еліміздің жұмысқа қабілетті тұрғындары биылғы жылдың шілдесінен бастап – 1 пайыз, 2018 жылдан – 1,5 пайыз, 2019 жылдан – 2 пайыз және 2022 жылдан бастап 3 пайыз салым төлейді. Салым мөлшерінің ең жоғарғы деңгейі сол 3 пайызбен шектеледі. Медициналық сақтандыру туралы заңның бұрынғы мөлшеріне сәйкес жарнаның ең жоғарғы көрсеткіші 5 пайыз болған. Аталмыш қосымшаларда салым көлемін төмендету туралы мәселе қарастырылды. Сонымен қатар жеке кәсіпкерлер, өзін-өзі жұ­мыспен қамтып отырған азаматтардың да төлейтін жарна пайыздары төмендетілді.
Мемлекет басшысы «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: Жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты халыққа Жолдауында денсаулық сақтау жүйесінің алдына міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін енгізу, осы саланы ақпараттандыру, дәрілік заттар бағасын реттеу сынды бірқатар міндеттер қойды. Елбасы бұл жүйені енгізу арқылы денсаулық сақтау саласының бәсекелестік ортаға берілетіндігін, жаңа жүйе тұрғындарға көрсетілетін медициналық көмектің сапасын арттыруды көз­дейтіндігін ерекше атап өтті. Осы мақсатта міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің тиімді енгізілуіне әр азамат өз септігін тигізуі қажет.

0 пікір
Мұрағат