9 жылға жуық уақыт өткен соң ата-анасы жоғалған ұлымен қайта қауышты. Мейіржан Қалиақпаров 2007 жылдың сәуір айында жоғалып, енді ғана табылған. 36 жасқа таяған Ақанды сыныптасының көмегімен тапқан. Алайда, бір өкініштісі Мейіржан есін білмейді екен.
Бұл туралы "Қазақстан жаңалықтары" хабарлайды.
Мейіржан Қлиақпаров полиция жоғары мектебін тәмамдаған соң, Қарағанды облысының Ағадыр ауылының полиция бөлімшесінде жұмыс істеген. Жұмысынан кеткен соң Ақтау ауылындағы зауыттың күзет агенттігінде қызмет еткен. Ол 2007 жылы 26 жасында жоғалып кеткен.
Туыстары ұлының жоғалғаны жайында полицияға хабарлап, көп болып іздегенмен еш нәтиже болмаған. Жақындары «Жди меня», «Бармысың, бауырым» бағдарламаларына да берген. Тек анасы ғана 9 жыл бойы оның тірі екеніне үміттеніп келген.
Бірде достары өзара әңгімелесіп отырып, Мейіржан жайлы сөз етеді. Сонда сыныптасының бірі оны Теміртаудағы фирмалардың бірінде жұмыс істеп жүргенін айтқан. Кейіннен жақындары оның айтуы бойынша ұлын іздеп тапқан. Алайда, Ақан есін білмейтін болып шыққан.
«Осы жылдар ішінде туыстарым іздеп табатын шығар деп күтіп жүріпті. Ешнәрсе есінде жоқ. Ұлым әр күн сайын өзін тауып алатын шығар деген үмітте болғанын айтады», – деп 9 жыл зарыға күткен әкесі көз жасына ерік берді.
«Біз ұлымыздан артық ешнәрсе сұрамауға тырысып жүреміз. Ол өте тұйықталып кеткен. Осы жылдар ішінде оның қалай өмір сүргенін елестете де алмаймын. Ол 26 жасында жоғалып кетіп еді, енді оның жасы 36-ға толғалы отыр», – дейді Мейіржанның анасы.
Олар енді ұлының денсаулығына көңіл бөліп, жоғалтқан есін қалпына келтіруді қолға алмақ.
«Қазір оның құжаттарын реттеуіміз керек. 9 жыл бойы іздеуде болғандықтан құжатын қалпына келтіру де қиын болып тұр», – дейді анасы.
Алматыда есін жоғалтқан қырғызстандық азамат 12 жылдан соң анасымен қауышты
Қазақстандық журналистер осыдан 12 жыл бұрын жоғалған қырғызстандық азаматқа анасын табуға көмектесті. Олар 26 мамыр күні “Қазақстан” телеарнасының “Айтуға оңай” бағдарламасында қауышты.
Фото: ҚР СІМ баспасөз қызметі
Бұл туралы Stan.kz сайты ҚР СІМ-ге сілтеме жасап хабарлады. Асан Арықбаев амнезия ауруына шалдыққандықтан, журналистерден туғандарын тауып беруге өтініш жасаған. Аталған телеарнаның қызметкерлері өздерін жігіттің туысқанымыз деп таныстырған Қазақстан мен Өзбекстан елінің бірнеше азаматын тапқан. Алайда, ДНҚ нәтижесі мұны растамады. Кейін анасы мен жігіттің ДНҚ қорытындылары салыстырылып, олардың жақындығы анықталған. Осылайша бір-бірін 12 жылдан бері таба алмай жүрген жандар қауышқан.