Елімізде соңғы он жылда 2 мыңнан аса адам суға батып кеткен
Елімізде соңғы он жылда 2 мыңнан аса адам суға батып кеткен
5 ай бұрын 555 24.kz

Елде соңғы 10 жылда 2 мыңнан аса адам суға батып, қайтыс болған, деп хабарлайды 24kz.

Оның мыңға жуығы бала. Соған қармастан, шомылу маусымы кезінде құтқарушылардың ескертуін елемейтіндер азаймай тұр. Мәселен, Астананың өзінде биыл 3 адам суға батып кеткен. Тағы 100 шақты адамға хаттама толтырылып, 1 миллионнан астам айыппұл салынған.

Мерей Қанапия, тілші: - Елде шомылу маусымы басталғалы 70 адам суға кеткен. Оның 30-ы бала. «Осындай қайғылы жайттардың басым бөлігі ата-аналардың жауапсыздығынан болады», - дейді мамандар. Ал ересектер суға мас күйінде көп түскендіктен арты өліммен аяқталатын көрінеді.

Байқаған шығарсыз, суға батқан адамның сөйлеуге де, айқайлап көмек сұрауға да шамасы болмайды. «Ондай сәтте жағада қалғандар серіктесін толық бақылап отыру керек», - дейді мамандар. Себебі, қайғылы оқиғалардың көпшілігі осындай немқұрайлық пен жауапсыздықтан болады.

Азамат Алпамысұлы, Астана қаласы ТЖД Азаматтық қорғаныс басқармасының аға офицері: - Көбі қарсылық танытады. «Мен осы жерде бұрыннан суға түсем ғой, сендер қайда жүрдіңдер?» деген сөздер айтады. Неге басқа жерде өткізбейсіңдер деген сияқты. Біз өзіміздің тарапымыздан шомылу маусымы кезінде судағы адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету басты міндетіміз. Қазір жедел құтқару жасағының өзінде 40 сүңгуір құтқарушы бар. Оның ішінде 8 қайық бар.

Артынша сол моторлы қайықтардың біріне отырып, төтеншеліктермен рейдке шықтық. Ә дегеннен-ақ тыйым салынған орындарда шомылып жүргендер анықталды.

Мерей Қанапия, тілші: - Астанада суға түсуге рұқсат етілмеген 21 орын бар. Соның бірі - осы Ақбұлақ деп аталады. Бірақ, жағалауды көріп тұрған шығарсыздар адамға лық толы.

Жағалауға жақындағанымыз сол еді, көпшілігі қаша жөнелді. Басым бөлігі ата-анасының қарауынсыз жүрген балалар. Ал қарсыласып үйренгендер құтқарушылардың айыппұл сала алмайтынын біліп, боқтай жөнелді.

Аманжол Жұмабай, қала тұрғыны: - Жаңа мынадай кішкентай бала келді. Қазір біз кетеміз, олар қайта келеді осы жерге. Келеді иә. 3 жасар бала келді жаңа. Анасыз жүр. Өздері жуындырып, өздері тұншықтырып, ойнап жүр. Мынау жерде отырған 2 бала. Жаңа қашып кетті.

Тыйым салынған орындарда бала түгілі үлкендер де шомылып жүр.

Азамат Алпамысұлы, Астана қаласы ТЖД Азаматтық қорғаныс басқармасының аға офицері: - Рұқсат етілмеген жерлерде ешқандай жағдай қарастырылмаған. Судың түбінде не болып жатқанын ешкім білмейді. Темір шығып тұр ма, бетон бар ма 60-қа жуық баланы ұстаған болатынбыз. Оның ішінде 40 баланы полиция департаментіне апарып, түсіндіру жұмыстарын жүргіздік. Оның ішінде 14 хаттама толтырылған болатын.

Жауапсыз ата-аналарға қанша жерден айыппұл салынғанымен, мәселе оңалмай тұр. Рейд кезінде бірнеше рет ұсталған балалар мен азаматтар да болған. Соған қарамастан құтқарушылар тексерісті күн сайын күшейтіп жатыр. Нәтижесінде жыл басынан бері елде 130-дан астам адам құтқарылған. Соның 3-еуі астаналық.

Авторлары: Мерей Қанапия, Мадияр Қындыбаев

Әлемде жыл сайын 320 мың адам суға кетеді

Жер шарында жыл сайын орта есеппен 320 мың адам шомылу маусымы кезінде суға кетеді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, бұл әлемде күтпеген оқыс оқиғалардан болатын өлім-жітімнің үшінші себебі саналады. Әсіресе, өмір сүру деңгейі төмен қара құрлықта қауіп жоғары. Ал дамыған АҚШ-тың өзінде тәулігіне ондаған адам суға кетіп, қаза табады.

Судан келер қауіп көп

Кәрі құрлықта жыл сайын 20 мың адам суға батып, қайтыс болады. Өлім көрсеткіші Болгария, Венгрия, Румыния сияқты Еуропаның шығысындағы елдерде жоғары. Мұнда, әсіресе, 5 пен 14 жас аралығындағы балалар мен 49 жасқа дейін ер азаматтар жиі судың құрбаны болады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Еуропадағы директоры осылай дейді. Оның сөзінше, суға бату оқиғаларына қауіпсіздік ережелерін сақтамау, ішімдік тұтынып, суға шомылу сияқты факторлар әсер етеді. Өлім-жітімнің шамамен 26%-і алкогольді ішімдік тұтынумен байланысты.

Ханс Клюге, ДДСҰ Еуропалық өңірлік бюросының басшысы: - Суға бату деректеріне жағажайда серфинг тебу, яхта мен байдаркаға құтқару кеудешелерін кимей отыру, қараңғыда шомылу сияқты факторлар әсер етіп отыр. Әсіресе, адамдардың жалғыз шомылып жүріп, суға кету деректері көбейді.  

АҚШ-та балалардың суға кету дерегі азаймай тұр

АҚШ-та жыл сайын 4 мыңға жуық адам суға кетіп, көз жұмады. Әсіресе, 1 мен 4 жастағы балалар арасында жиі тіркеледі. Көбіне нәрестелер үйде бассейн мен ваннада шомылу кезінде тұншығып, өліп кетеді. Ал 5 пен 17 жас аралығындағы жеткіншектер өзен-көлдерде суға кетеді екен. Былтыр бұл елде 10 мың адам шомылу кезінде ажал құшқан. Тағы бір зерттеу америкалықтардың суға кетуіне олардың тұрмыс жағдайы да әсер ететінін көрсетіп отыр. Мысалы, отбасы табысы төмен жанұялардағы балалар жүзіп үйренуге мүмкіндігі болмай, зардап шегетін көрінеді. Сондықтан елде мәселені шешу үшін балаларды туғаннан бастап жүзуді үйрететін түрлі мемлекеттік бағдарламалар қабылданған.

Уильям Рамос, қоғамдық денсаулық сақтау мектебінің доценті: - Ажал аяқастынан. Ересек болсын, жас болсын, кез келген сәтте суға батып кетуі мүмкін. Америкада, әсіресе, 1-4 жас аралығындағы балалар байқаусызда суға кетіп жатады. Мұнан соң жасөспірім ұл балалар мінез-құлқына байланысты осындай жағдайға жиі ұшырайды. Сондықтан жүзуді жақсылап меңгеру қажет.  

Әлемдегі жағажайларда акула шабуылы жиіледі

Америкада жағажайларда адамдарға қарсы акула шабуылы жиіледі. Флорида университетінің дерегіне сүйенсек, былтыр 69 адам осы жыртқыштың шабуылына ұшыраған. Оның 10-нан астам жағдайы өліммен аяқталды. Мұндай оқиғалар АҚШ-тан тыс Австралия, Оңтүстік Африка және Жапония елдерінде де жиі тіркелді.

Мамандардың сөзінше, акулалар әсіресе адамдарға жиі шомылатын, серфинг немесе сүңгумен айналысатын жағажайларда көп шабады.

Мәліметке сәйкес серфингшілер мен спортшылардың 42%-і акула тарапынан зардап шеккен. Арнайы дайындықтан өткен суға сүңгушілер де жыртқыштардың жиі шабуылына ұшырайды екен.

Авторы: Әсия Нұрлыбаева.

 

0 пікір
Мұрағат