Елімізде соңғы екі жылда 42 балалар үйі жабылды (видео)
|
Неге дейсіз ғой? Өйткені, өзгенің баласын өзінің бауыр етіндей сүйіп, оған қамқор болатындар көбейген. Қуантарлық жағдай мұнымен шектелмейді. Алматыда бала асырап алушыларға кәсіби кеңес беретін клуб ашылды. Сондай-ақ, алаңдататын жағдай да жоқ емес. Мәселен, соңғы кездері тірі жетімдер көбейген. Бұл балалар да анадан туды. Алайда, арнайы мекемедегі тәрбиешілер бауырында өсіп келеді. Бірге тұрып, бірге қыдырады. Ортақ әңгіме, ортақ сырлары бар. Былай қарағанда бәрі жеткілікті сияқты. Десек те әрқайсысы өз отбасы болғанын қалайды. Оларды перзент қылуға әзір жомарт жандар да бар. Асырап алу үшін тұрақты айлық, үйінің ауданы сәйкес дегендей талаптарға сай болуы тиіс. Забира Оразалиева, ҚР БҒМ Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрайымы: - Ниет білдірген ата-ананың сотталмағанының дәлелі ретінде құжаты болуы керек. Ол ата-ана наркология немесе психологияда тіркелмеуі керек. Ішімдік ішпейтін болуы қажет. Аида балаларына мерекелік дастарқан жайды. Байқасақ, үстел басында отырғандар – түрлі ұлттың өкілі. Екеуі өзіне Жаратқанның бергені, төртеуін асырап алған. Тағы екеуі демалысқа балалар үйінен қонаққа келген. Бірге тұрған жарты жылда барлығы бір-біріне қатты үйренісіп қалған. Аида Макимова, бала асырап алушы: - Мен таңдаған жоқпын, балалар өздері таңдады. Барасың ба маған, тұрасың ба менімен деп, тек сұрадым. Біз қазірден алдымызға жоспар қойып жатырмыз. Мысалы, Ваня хоккеист, Саша боксер, Настя аспазшы болатынын айтады. Аиданың анасы балалар үйінде жұмыс істеген. Соны көріп өскен ол шамасы келгенше ондағы тәрбиеленушілерге көмектесуге тырысады. Ал балажан Дәурен Қасенов болса, кенже перзентіне серік болсын деп 8 ай бұрын Диананы асырап алады. Апалы-сіңлілі қыздар бақытты өмір сүруде. Дәурен Қасенов, бала асырап алушы: - Менің бір білетінім, бала асырап алуды қалайтындар көбейді. Соған қарағанда балалар үйлері болашақта жабылатын шығар. Елімізде ата-анасыз бала болмағаны дұрыс. Сандарды сөйлетсек. Бірер жыл бұрын 188 балалар үйі болса, қазір – 146. Ал тәрбиеленушілер 10 мың болса, бүгінде – 8066. Ал мынау бала асырап алғысы келетіндерге қолдау көрсететін клуб жұмыс істеген жарты жылда 32 тәрбиеленуші өзіне отбасы тапқан. Жанна Ким, жоба жетекшісі: - 60 отбасы бізден кеңес алды. Кей жағдайларда олардың өтініші қабылданбайды. Оның өзіндік себебі бар. Асығыстықпен алып, кейін одан бас тартса, бүлдіршіндердің жүрегін жаралайды. Тағы бір айта кетері, балалар үйіндегі тәрбиеленушілердің 80 пайыздайы – тірі жетім. Олардың ата-аналары түрлі себептермен өз құқықтарынан айырылғандар. Бұл – бір. Сосын мамандардың айтуынша, баласының есебінен пайда көргісі келетін жандар көбеюде. Забира Оразалиева, ҚР БҒМ Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрайымы: - Өскеннен кейін мемлекет балаға үй беруі керек. Сол үйді алған кезде мен баламды алып кетемін, қолына барып тұрамын дейтін де ата-аналар бар өкінішке қарай. Шетелге жіберілген балалар да жіті назарда. Олардың біразы Нью-Йоркте тұрады. Қазақстан елшілігі жылына бір рет барлығының басын қосуды дәстүрге айналдырған. Мамандардың пікірінше, өзімізде болсын, сыртта болсын балалардың отбасын тауып, бақытты өмір сүргені маңызды.