Биыл Желіде жалған аккаунт арқылы тіл тигізген қанша адам сотталды?
|
Елімізде әлеуметтік желілерде жалған аккаунттар ашып, жеке басқа тіл тигізген қанша адамның жауапқа тартылғаны белгілі болды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Бұл туралы ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті редакцияның ресми сауалхатына берген жауабында айтты.
Сонымен, комитет өкілдерінің мәліметінше, елімізде жыл басынан бері ҚР ҚК-нің 131-бабы ("Қорлау") бойынша құқықбұзушылық жасағаны үшін барлығы 89 адам сотталған (оның ішінде 131-бабының 1-бөлігі бойынша - 64, 131-бабының 2-бөлігі бойынша - 25) (заңды күшіне енген үкімдері бойынша). "857 тұлғаға қатысты көрсетілген бабы бойынша қылмыстық істер қысқартылған (заңды күшіне енген қаулы бойынша), оның ішінде: ҚР ҚК-нің 131-бабының 1-бөлігі бойынша 602, ҚР ҚК-нің 131-бабының 2-бөлігі бойынша 106 тұлғаға қатысты ақтайтын негіздер бойынша; ҚР ҚК-нің 131-бабының 1-бөлігі бойынша 16, ҚР ҚК-нің 131-бабының 2-бөлігі бойынша 3 тұлғаға қатысты рақымшылық жасалды; ҚР ҚК-нің 131-бабының 1-бөлігі бойынша 109, ҚР ҚК-нің 131-бабының 2-бөлігі бойынша 19 тұлғаға қатысты тараптардың татуласуымен; ҚР ҚК-нің 131-бабының 2-бөлігі бойынша 19 тұлғаға қатысты басқа негіздер бойынша", - делінген ведомствоның ресми жауабында.
Ал ҚР Ішкі істер министрлігінің өкілдері өз кезегінде Интернеттегі тіл тигізу деректерін анықтау ҚР "Жедел-іздестіру қызметі туралы", "Қылмыстық-порцестік кодекс" және басқа да қолданыстағы заңнамаға сәйкес жүргізілетінін мәлімдеді.
"Жалпы шетелдің әлеуметтік желілері үлкен танымалдыққа ие. Аталған әлеуметтік желілерді пайдаланушылар жалған парақшаларды тіркеп, көбінесі өздерін жасырады. Олардың құқық бұзушылықтарын анықтау Қазақстан Республикасының "Жедел-іздестіру қызметі туралы", "Қылмыстық-порцестік кодекс" және басқа да қолданыстағы заңнамаға сәйкес жүргізіледі", - делінген министрліктің сауалхатқа берген жауабында.
Алайда, айтуларынша, бұл құқықбұзушылықтарды анықтау әдістемесі қызметтік ақпаратқа жататындықтан, бұл әдістеме туралы ақпаратты беру мүмкін емес.
Еске салайық, мұның алдында ҚР ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов ғаламтор арқылы тіл тигізіп, жала жабатын аноним пікір білдірушілерді қалай жазалауға болатынын айтып берген еді. Бұл жайлы министр электронды үкімет сайтындағы "Ашық диалог" бөлімінде қойылған сұраққа берген жауабында айтқан болатын.
"Мұндай құқық бұзушылық үшін 200 АЕК түрінде айыппұл, не осы көлемде түзету жұмыстары, не 180 сағат қоғамдық жұмыс түрінде жазалар қарастырылған. Қазіргі кезде ішкі істер органдары жалған аккаунт арқылы тіркелген желі қолданушыларын анықтауға болатындай техникалық мүмкіндіктерге ие. Бірқатар жағдайда халықаралық келісім негізінде шетелдік құқық қорғау органдарына сұраныс жолданады.
Сонымен бірге, Қылмыстық процесстік кодекстің 32-бабына сәйкес, қылмыстық құқықбұзушылық ҚР ҚК-нің 131-бабымен сотта қаралатын дербес сипаттағы істер қатарына кіреді. Ішкі істер органдарына мұндай арыздар түскен жағдайда Қылмыстық процестік кодекстің 179-бабының 2-тарауы бойынша іс сотқа жолданады. Дәлелдерді жинау, зерттеу және өзге де процестік іс-әрекеттер тікелей сотқа қарасты", - деп жауап берген еді министр Қасымов.