Стилист мектеп формасын қазақи нақышта тігуге шақырды
|
Қазақтың ою-өрнектерімен көмкерілген ұлттық киімге тапсырыс беретін адамдардың саны өте аз. Бұл жайында nur.kz ақпарат көзі хабар таратты.
Жеке стиль бойынша кеңесші Мәди Бекдайыр шапанды мерекелерде ғана емес, күнделікті өмірде киіп жүру керектігін айтты.
"Қазақтың ұлттық киімдеріне тапсырыс жоқтың қасы. Бізге сатып алушылар атаулы даталар мен мерейтойлар қарсаңында киім тіктіру үшін келеді. Негізінен заманауи көйлектерді күмістен жасалған қазақтың ұлттық әшекейлерімен көмкереміз. Ұлтық киімдерге тапсырыс көбінде компаниялардан түседі. Олар фотосессия өткізгенде ұлттық нақыштағы киімдерді қолданады", - деді Бекдайыр.
Қазақтың ұлттық киімдеріне тапсырыс жоқтың қасы. Бізге сатып алушылар атаулы даталар мен мерейтойлар қарсаңында киім тіктіру үшін келеді.
Модельердің айтуынша, күнделікті тұрмыста ұлттық нақыштағы киімдерді енгізу үрдісін оқушылардан бастаған абзал.
"Менің ойымша, қазақтың ұлттық киімдерін кию үрдісін күнделікті тұрмысқа енгізу қажет. Бұл өте әдемі көрініс болады. Мысалы, Үндістан немесе Африкаға барсақ, сол елдің ұлттық киімін киіп жүреді тұрғындар. Ал біздің елімізде банк қызметкерлері мен стюардессалардан бастасақ, жалғасын табады деген ойдамын. Мектеп оқушыларының киімдері де ұлттық нақышта жасалса, керемет болар еді", - деді ол.
Ұлттық киімдерді сатып алуға кез келген азаматтардың қаражаты жете бермейді. Себебі, қазақи нақышта жасалған қамзолдардың бағасы дүкендерде асқақтап тұр.
Ал базарда тұрған киімдердің сапасы сын көтермесі анық. Модель ретінде подиумға дизайнердің қолынан шыққан ұлттық үлгідегі коллекцияларды халық назарына ұсынып жүрген Айжан Байзақованың баға турасында өзіндік пікірі бар.
"Ұлттық киімдерді бағасына қарай екі топқа бөліп қарастырар едім. Фабрикадан шығатын стандартты киімдер мен дизайнердің қолынан шыққан коллекциялар. Базарда, киім дүкендерінде сатылатын дайын стандартты қамзолдар, шапандарды айтатын болсақ, олардың бағалары қонымды, қол жетімді деп айта алар едім", - деді Айжан Байзақова.
Ұлттық киімдерді кию үрдісін күнделікті тұрмысқа енгізу қажет. Мысалы, Үндістан немесе Африкаға барсақ, сол елдің ұлттық киімін киіп жүреді тұрғындар.
Ол дизайнердің кішкентай сәбиге, тұсаукесерге арнап тіккен киімінің өзі үлкен адамның күрделі, сыртқы киімінің бағасымен бірдей немесе тіпті асып кететінін айтады. Ал бұл киімді сәби көп уақыт кимейді де.
Оның үстіне, қолдан тігілген ұлттық киімдер бағасы тым қымбат. Көп жағдайда ұлттық киімдерді сахна мен экран алдында жүрген адамдар тапсырыс беріп, сатып алады.
Әлем аренасына шықса, төрткүл дүниені мойындататын қазақтың ұлттық киімдері тойда ғана емес, күнделікті тіршілікте көрініс тапса көз үйренетіні анық.
Отандық тігіншілер қазақи ою-өрнектермен сәнделген киімерді мерекерге ғана арнап тікпей, тұрмыста кигенге қолайлы етіп тіксе қоғамның қазақи киімдерге деген қызығушылығы артары сөзсіз.