Қарыз, қарыз, тағы да қарыз...
|
Әлем елдерінің қарызы туралы ақпарат жиі жарияланады. Байқағанымыздай, әлемдік қарыз деңгейін жалпы ішкі өнімге шаққанда абсолюттік тұрғыдан және салыстырмалы түрде ұдайы өсіп отырады. Әлемдік қарыз туралы нақты мәлімет келтіріп отыратын беделді ақпарат көзіне Халықаралық қаржы институтын (Institute of International Finance, IIF) жатқызуға болады. 1983 жылы батыс банктері ашқан аса ірі ақпарат орталығы таяуда 2018 жылдың бірінші тоқсанындағы жағдай туралы дерек жариялапты. 2018 жылдың сәуір айының 1-і күнгі мағлұмат бойынша әлемдегі қарыз деңгейі 247 трлн долларға жеткен. Бұл сома мынадай компоненттерден қалыптасқан (трлн доллармен алғанда): үй шаруашылығы секторы – 47; қаржылық емес корпорация секторы – 74; қаржы секторы – 61; мемлекеттік секторы – 67. Сондай-ақ, әлемдік қарыздың салыстырмалы деңгейі де оңып тұрған жоқ: биылдың бірінші тоқсанының соңында ол әлемдік жалпы ішкі өнімге шаққанда 317%-ды құраған. Дамыған елдер қарызының салыстырмалы деңгейі әлемдік орташа көрсеткіштен неғұрлым жоғары: АҚШ - 329,7%, Еуропалық аймақ елдері - – 386,8%, Ұлбыритания - 456,2%, ең рекордтық деңгей Жапонияда - 526,5%. Қытай қарызының салыстырмалы деңгейі туралы нақты дерек жоқ, десе де аталған елдің қарызы дамыған елдердің қарыз деңгейінде екенін айтады сарапшылар. Әлемнің көптеген елдерінде жалпы ішкі өнім туралы мәлімет қолдан өсірілген болуы мүмкін немесе асыра көрсетілген. Олай дейтініміз, жалпы ішкі өнімге тек экономиканың нақты секторының көрсеткіші ғана емес, сонымен қатар, қызмет көрсету секторының да табысы жатқызылып жүр. Ал қызмет көрсетудің көбісі – жалған. Енді әлемдік қарыздың өсу қарқынына тоқталмақпыз. Осы арада жоғарыда айтып өткен дерек көзінен мәлімет келтіре кетсек: кейбір жылдардың алғашқы тоқсаны бойынша әлемдік қарыздың абсолютті шамасы (трлн доллармен алғанда): 2003 ж. – 99; 2008 ж. – 178; 2013 ж. – 210. Яғни, биыл әлемдік қарыз деңгейі осыдан он бес жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 2,5 есе өскен. Нақтырақ айтқанда, 69 трлн долларға артқан. 2008 жылғы әлемдік қаржы дағдарысынан бері. 2018 жылдың алғашқы тоқсанында әлемдік қарыз 8 трлн долларға ұлғайған. Былайша айтқанда, әлемдік дағдарыстың алғы-шарты пісіп-жетілгенін байқаймыз. Бұл жайында беделді сарапшылар мен экономистер, халықаралық есеп айырысу банкі мен халықаралық валюта қорының, сондай-ақ, Бүкіл әлемдік банк, экономикалық ынтымақтастық және даму кеңесінің мамандары дабыл қағып отыр. Десе де халықаралық валюта қоры халықаралық қаржы институты келтірген деректен мүлде басқа мәлімет беріп отыр: әлемдік қарыздың жалпы жиынтық мөлшері (2017 жылдың қорытындысы бойынша) 182 трлн доллардан аспаған. Әлбетте, аталған ұйым есептеудің басқа тәсілін таңдаған. Ең бастысы бұл емес. Олар әлемдік қарыз мөлшерін жалпы ішкі өнімге шақпай, әр елдің ұлттық байлығымен өлшеген. Сонымен қатар, жекелеген елдер мен тұтас әлем байлығын бағалаған швейцариялық Credit Suisse банк мекемесінің таяуда жарияланған есебіне, дәлірегі, Global Wealth Report баяндамасында келтірген деректеріне қарағанда, ұлттық байлық (national net wealth) есепке алынған: 2017 жылы әлем байлығы - 280,3 трлн. долл. Ал халықаралық валюта қорының мәліметінде (трлн доллармен алғанда): 2000 ж. – 117,0; 2005 ж. – 172,3; 2010 ж. – 219,8; 2015 ж. – 219,8. 2000-2017 жылдар аралығында әлем байлығы 2,4 еселенеген. Бұл аралықта әлем тұрғындарының қарасы 6,1 млрд-тан 7,5 млрд-қа дейін көбейген екен. Яғни, 1,23 еселенген. Осылайша әлем байлығы адамзат санына шаққанда едәуір артқан. Ал байлықтың елдер бойынша бөлінуі қалай? Бұл тізімде АҚШ көш бастап тұр - 93,6 трлн. долл. Немесе әлемдік байлықтың үштен біріне ие болған. Одан кейінгі орында Қытай тұр - 29,0; Жапония – 23,7; Ұлыбритания – 14,1; Германия – 13,7; Франция – 13,0; Италия – 10,9. Осыған қарап экономикасы қпарқынды дамып келе жатқан Қытайдың ұлттық байлығы АҚШ-пен салыстырғанда 3,2 есе кем екенін аңғарасыз. Десе де жалпы ішкі өнім айналып келгенде «қисық айна» болса да шындыққа жақын көрсеткіш, ал таза ұлттық байлық экономиканың нақты жағдайын сипаттап бере алмайды. Таза ұлттық байлықтың дені қызмет көрсету саласынан, мәселен, казинолық қаржы десек, ол экономиканың нақты жағдайынан алыс жатыр. Көбісі көбік мұндай өлшеммен қарағанда, әлемдік қарыздың шамасын бағалау қаншалықты дұрыс?