Ғалымдар өсімдікті сабын көпіршігімен тозаңдандыруды үйренді
Ғалымдар өсімдікті сабын көпіршігімен тозаңдандыруды үйренді
5 жыл бұрын 2544 islam.kz-ке гиперсілтеме берілуі міндетті

Жапонияның алдыңғы қатарлы өнеркәсіптік ғылым және технология ұлттық институтының ғалымдары сабын көпіршігімен өсімдікті тозаңдату тәсілін ойлап тапты. Бұл жайында Science ақпарат көзі хабар таратты. Мамандардың айтуынша, мұндай технология қолдан тозаңдатудан гөрі гүлдерге зиянсыз болып келеді. Яғни, гүлдің табиғи жолмен тозаңдануы кезіндегідей күйінен танбайды. Бұл бағыттағы зерттеуге жетекшілік еткен Эйдзиро Мияко әріптестерімен бірге алғашында сабын көпіршігін алудың ерітіндісін дайындау қамына кірісті. Ғалымдар сабын көпіршігін алу үшін косметикада қолданылатын қоспаға - бетиан лаурамидопропилге тоқтаған еді. Содан соң сұйықтыққа алмұрт тозаңы мен кальций секілді өзге де пайдалы элементтерді қосты. Бұл ерітіндіні сабын көпіршігін сыртқа шығару үшін тапаншаға құйды. Осылайша алмұрт ағашын тозаңдандыруда пайдаланды. Тапанша шүріппесін басқан кезде әр ағашқа оншақты көпіршік қонған. Нәтижесінде осындай жолмен тозаңдатылған алмұрт ағашының 95 пайызы жеміс берген. Келесі тәжірибеде сабын көпіршігін шашу үшін GPS-навигаторы бар дрондарды пайдаланып, лалагүлдерді тозаңтандырған болатын. Яғни, аталған гүлден екі метр биіктіктен, секундына 2 метр жылдамдықпен көпіршікті шашқан. Нәтижесінде гүлдердің 90 пайызы бүр жарған.  Десе де бұл технологияның өз кем-кетігі толып жатыр: көпіршікті жел немесе жауынды күні пайдалану мүмкін емес. Соған қарамастан аталмыш жаңалықтың маңызы зор: жәндіктер, соның ішінде өсімдіктерді тозаңдандыратын аралар жылдан ылға күр азайып келеді. Хельсинкі университеті ғалымдарының келтірген дерегіне қарағанда осы уақытқа дейін жер бетіндегі жәндіктер 40 пайызға кеміп кеткен әрі қалғандарының үштен бірі жойылудың алдында тұр.

0 пікір
Мұрағат