EXPO: Малайзиялықтар телефон қуаттайтын «чехол» ойлап тапты (фото)
|
Малайзиялық ғалымдар байланыс құралын қуаттайтын телефон қабын ойлап тапты. Олар күн энергиясынан күш алатын қапты алдағы уақытта пайдалануға бермек. Бұл жайында «Nanopac Innovation» компаниясының директоры Чен Кок Леон мәлім етті.
«Бұл телефонның қабы ерекше. Ол күн сәулесінен энергия алып, телефонды қуаттайды. Күндізгі уақытта телефонды қабына салып, күннің көзіне қойса жеткілікті. Бұл технологияны ойлап тауып, жасап жатырмыз. Алдағы уақытта қолданысқа енгіземіз. Қуаты ұзаққа жететін болады», - деп сендірді Чен Кок Леон.
Малайзия көрмесінде ұсынылған тағы бір бірегей технология – күн сәулесінен қуат өндіретін панельдер. Аталған панельдердің басты ерекшелігі – ол далада ғана емес, ғимарат ішінде де қуат өндіре беретіндігінде. Ол күн сәулесімен қатар, ғимараттағы күндізгі жарықтан, электр жарығынан да күш алып, энергия беретін әлемдегі жалғыз технология. Оны жасап шығаруға 10 жыл уақыт кеткен екен. Бұл технология Малайзияда 2 жылдан бері пайдаланып келе жатыр. Атап айтсақ, ол кеңсе, мектеп пен басқа да ғимараттарда қолданылуда. Аталған технологияға көптеген ел қызығушылық танытып отыр екен. Таиланд өз елінде пайдалану үшін Малайзиядан осы жобаны 1млн долларға сатып алған. Бірқатар елмен бірлескен жобалар да жүзеге аспақ.
«Ғимарат толығымен осы панельдерден жасалса, ол электр қуатын біршама үнемдеуге мүмкіндік береді. Панельдің 1,5 шаршы метрі 600 ватт энергия береді. Мысалы, онымен 2-3 сағат салқындатқышты және күні бойы компьютерлерді қосуға болады», - дейді Чен Кок Леон.
Атап өтсек, бүгін Малайзия павильонында Жасыл инновациялар апталығы басталды. 30 маусымға дейін жалғасатын апталық аясында өнімдер таныстырылып, ашық талқылаулар мен түрлі жиындар өтеді. Малайзияға қызуғышулық танытқандар аталған елдің жасыл инновациялары мен ғылым саласындағы жетістіктерімен таныса алады.
Айта кетерлігі, Малайзия павильоны жасыл орманда жүргендей әсер беретін бөлмесімен және виртуалды түрде ұлттық киім киюге мүмкіндік беретін технологияларымен ерекшеленеді.