Эмпатия да адамның генотипіне байланысты болып шықты
Эмпатия да адамның генотипіне байланысты болып шықты
5 жыл бұрын 2971 islam.kz-ке сілтеме берілуі міндетті

Бір қарағанда бір-бірімен үш қайнаса сорпасы қосылмайтындай көрінетін құбылыстардың шындығына келгенде бір-бірімен тығыз байланысты болып жатқанын көргенде күллі әлем бір-бірімен жіпсіз байланған тұтас организмді көз алдыңа әкеледі. Бір қарағанда сыртқы факторларға тәуелді болып келетін психологиялық жай-күйдің адамның геніне ешқандай қатысы жоқтай көрінеді. Алайда, шындығында олай емес екенін ғалымдар алға тартып отыр. Таяуда әлемге әйгілі Кембридж университетінің ғалымдары адамның психикалық өзгешелігі оның генотипімен байланысты екенін мәлімдеді. Дәлірегі, аталмыш жоғарғы оқу орны ғалымдарының бұл бағыттағы зерттеу нәтижесі Translational Psychiatry мерзімді басылымында жарияланды. Осы мақсатта ғалымдар арнайы тәжірибе жүргізіп көрген екен: ғалымдар тәжірибеге қатысушыларға сауалдар дайындап, генетикалық зерттеулермен шұғылданатын гендік зерттеуге маманданған 23andME компаниясының сарапшыларын да осы жобаға тартқан болатын. Ішінара алғанда, аталған компанияның 46 мыңнан аса клиентінің ДНК үлгісі пайдаланылады. Аталмыш зерттеу нәтижесі көрсеткендей, эмпатия (эмпатия — өзге адамның басындағы эмоциялық жайына ортақтаса алу, яғни, оның қуанышымен де, қайғысымен де бөлісуді білдіретін психикалық жай-күй) нақты бір гендердің қызметімен және олардың вариациясымен тығыз байланысты болып шықты. Бұған қоса, мұндай психикалық жай-күй, бір қызығы, әйелдерге көбірек тән болып шыққан. Яғни, жыныстық белгіге қарай мейлінше дамитыны анықталған. Тағы бір қызығы, эмпатиясы төмен адамдардың бойында аутизм секілді психикалық аурулардың пайда болу қатеріне жол ашылады. Тіпті, өзі бұл дертке шалдықпаса да болашақта ұрпағының бойынан көрініс табуы мүмкін екенін көлденең тартып отыр. Ғалымдар бұл бағыттағы зерттеу жұмыстарын әлі жалғастыруда.

0 пікір
Мұрағат