Ұлтшылдардың райынан қайтуына не себеп болды? (ВИДЕО)
|
«Facebook» әлеуметтік желісінде түрлі ұлт өкілдерінің бойында өздері жек көретін өзге ұлттың қаны барын біліп, айран-асыр қалғанын көрсететін роликті 25 млн-нан аса адам тамашалаған екен. “Momondo» туристік қызмет көрсету фирмасы жүргізген тәжірибеге ұлты бөлек 70-ке тарта адам қатысқан. Олардың арасында француз да, орыс та, ағылшын да, ирландық та, кубалық та, бангладештік те бар. «Momondo» турсервисінің «ДНК бойынша саяхат» деп аталатын жобасы «Шексіз әлем жаңсақ ұғымнан тыс жерден басталады» ұраны аясында қолға алынды. Аталған тәжірибеге қатысушылар алдымен өздерінің қай ұлтқа жататынын айтып, артынан қай ұлттың өкілін жек көретінін және неліктен жек көретінін жеткізеді. Содан соң олардың түкірігі ДНК сараптамасына жіберіледі. Мәселен, түріктерді жек көретін күрд бойжеткені өзінің бойында түрік қаны бар екенін білгенде жаңалық ашқандай таң-тамаша болып отырып қалады. Ал немістерді жақтырмайтын ағылшын азаматы да осындай күй кешеді өзінің бойында немістің қаны барын білгенде.