Кішкентай дрон күн сәулесімен ұшады (видео)
|
Электростатикалық қозғалтқыштың салмағы - небәрі 1,52 грамм және дронға бір сағат әуеде болуға мүмкіндік береді. Микро дрондардың әуеде болу уақыты әдетте 30 минуттан аспайтын. Бұл туралы islam.kz порталы TechXplore ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып хабарлайды. Қытайдағы Бейханг университетінің инженерлері мен Advanced Aircraft Propulsion орталығы күн сәулесінің энергиясын пайдаланып, қозғалатын шағын ұшақ жасап шығарды. Ұшқышсыз ұшу технологиясы жетілген сайын ғалымдар мен басқа да мамандар оларды қолданудың түрліше мүмкіндіктерін табуда. Келешегі зор бағыттардың бірі – биіктіктегі мониторинг. Теориялық тұрғыдан алғанда, күн ұшқышсыз ұшақтары аспанға ұшырылуы мүмкін және жер серіктері сияқты ешқашан жерге қонбайды. Мұндай ұшқышсыз ұшақтардың титтей болғаны сонша, оларды әскери операциялар кезінде көру, қадағалау немесе атып түсіру іс жүзінде мүмкін емес. Қытайдың білікті мамандары осындай құрылғыларды жасау кезінде ұшқышсыз ұшу аппараттарының дамуына кедергі келтірген кейбір техникалық кедергілерді еңсере алған екен. Микро дрондардың (MAV) ұшу уақыты 30 минутпен, ал ең кішкентайлары үшін 10 минутпен шектелген. Себебі, олар күн батареясынан қуат алатын электр қозғалтқыштарымен жұмыс істейді. Дрон неғұрлым кішірек болса, оның күн панелінің беті соғұрлым кіші болады. Осыған байланысты неғұрлым ықшам электр қозғалтқыштарының тиімділігі төмен келеді. Бұл олқылықтың орнын толтыру үшін зерттеушілер электростатикалық өрістерді пайдалана отырып, роторды басқаратын электростатикалық қозғалтқышты пайдаланды. Бұл тәсіл өз кезегінде командаға салмағы небәрі 1,52 грамм мотор жасауға мүмкіндік берген екен. Қозғалтқыш 64 ротор қалақшасы бар айналмалы цилиндрге негізделген. Цилиндрдің айналасында пластина электродтары бар, олардың шеттері айналдырылған кезде ротордың қалақтарына тиіп, электростатикалық күш тудырады. Дрон қозғалтқыштың астына орналастырылған және тірек құрылымы арқылы қосылған екі күн панелімен жабдықталған. Тікұшақ тәрізді ротор қозғалтқыштың үстіне орнатылған. Күн сәулесінің әсерінен батареялар дрон қозғалысына қажетті энергия істеп шығарады. Айналдыру қозғалтқышы өз кезегінде жоғарғы роторға әсер етіп, оның айналуына әкеледі, осылайша дронды әуеге көтереді және көкте болуына көмектеседі.