Google программисті Шерзат Айтбаев: «Арманыңыздағы компанияға жауап беруден қорықпаңыз — бұл тегін!»
Google программисті Шерзат Айтбаев: «Арманыңыздағы компанияға жауап беруден қорықпаңыз — бұл тегін!»
6 жыл бұрын 3657 7kun.kz Нуршат Сопбекова

Біз Booking.com, Amazon, Twitter сияқты IT-компанияларынан жұмысқа ұсыныс алған қазақстандықтар жайлы мақаланы жалғастырамыз. Бұл жолғы кейіпкеріміз Google компаниясында программист болып жұмыс істейтін Шерзат Айтбаев болады. Алматыға демалысқа келген Шерзат сұхбат барысында Google қызметі, мәдениеті мен жұмыс жүйесі жайлы және шет елде білім алғысы келетін жастарға пайдалы кеңесімен бөлісті.  Олай болса, қызықты сұхбатқа назар аударайық. 

— Шерзат, алдымен өзіңіз жайлы айтып өтсеңіз. Сіздің мансап жолыңыз неден басталды?

— Мен балалық шағымның күәсі болған Өзбекстанда дүниеге келдім. Жасым тоғызға толғанда жанұямызбен Қазақстанға көштік. Қазақ-түрік лицейін тәмамдағаннан кейін Техас штаты, Хьюстонда орналасқан North American University-ге оқуға тапсырдым. Студент бола тұра бірнеше компанияда жұмыс істедім. Нәтижесінде қазір  Google компаниясында жұмыс істеймін. Айта кететін жайт, Google-мен қатар тұрған өзге де алып компанияларды таңдауға мүмкіндік болды. Бірақ, мен армандаған әрі Калифорнияда орналасқан беделі мен бағамы жоғары қазіргі жұмыс орнымды ойланбастан таңдадым.

IT саласына қызығушылық мектеп жасынан басталды. Неге екені белгісіз мектепте олимпиадаға қай пәннен қатысатынымызды жеребе тастау арқылы таңдағанбыз. Бір түрлі, иә? (Күліп). Маған информатика пәні түсті. Сөйтіп, 9-11 сынып аралығында Республикалық және халықаралық олимпиада сайыстарынан бірнеше рет жүлдеге ие болдым. Сол сәттен бастап маған не ұнайтынын толық түсіндім. Ол бағдарлама жасау. Бағдарлама жасау өте қызық. Компьютер нұсқауына сәйкес кодты терсеңіз, құрылғы сіз үшін бәрін істейді. Ойлап қараңызшы, адамзат өз өмірін жеңілдету үшін құрылғы ойлап тапты. Расыменде таңғаларлық. 

— Сонда Google компаниясынан ұсыныс жасалғанға дейін қандай  компаниядан тәжірибеден өттіңіз? Толығырақ тоқталыңызшы.

— Хьюстондағы Halliburton Oil мұнай компаниясында және 4-курста Amazon –нан тәжірибеден өттім. Тіпті, Amazon-да толықтай full-time   жұмыс істедім десем де болады.

Студент шағымда жұмыс іздегенде болашақта орналасу керек компаниялардың тізімін жасадым. Ғаламтордан «Best places for software engineers to work» (сайт істеуші маман орналасуы тиіс ең үздік орындар) деп жазып, ең үздік алпысқа жуық компанияны анықтадым.Содан соң күні-түні ұйықтамай, компания поштасына тәжірибеден өту жайлы өтінішті жібердім. Қателеспесем 3-курсты аяқтаған кез болатын. Сәттілік серігім болып, Amazon компаниясы өтінішімді қабылдады.

— Ал қазір Google компаниясында немен айналысасыз?

— Google компаниясында программист болып жұмыс істеймін. Яғни,  фронтенд және  бэкендпен айналысамын. Ал соңғы екі жылда Firebase өніміне жауаптымын. Ол инфрақұрылымды тез әрі оңай құруға көмектесетін мобильді және веб-әзірлейтін платформа. Егер сіз мобиль әзірлеушісі болсаңыз, Firebase сіздің өміріңізді жеңілдетеді. Қазіргі уақытта ірі компаниялар үшін тегін қолжетімділік пен ақылы түрі де кеңейтілген. Біздің компанияның бөлімшесі  Сан-Франциско, Маунтин-Вью, Нью-Йорк, Лондон, Бостон және Китченер (Канада) қалаларында бар. Мен басында Калифорнияда жұмыс істеп, кейін жарты жыл Лондонға ауысып, қазір соңғы бір жылда Нью-Йорктемін.

Hipo.kz

— Білуімізше, Google компаниясына жұмысқа кіру үшін бірнеше сұхбаттан өту қажет. Ол шарт көптеген мамандар үшін қорқынышты көрінеді. Ал сіз қалай өттіңіз?

— Сұхбат өте ұзақ уақытқа созылады. Жалығып та кетесіз. Сұхбат алушы, жазған фидбэкті тексеруші инженер тағайындалады.  Мен компания өкіліне тағы басқа компаниялардан сұхбаттан өтіп жатқанымды ескерттім. Шындығында уақытым шектеулі болды. Алайда, олар мен қойған шартқа келісіп, менеджер келісімімен сұхбатты телефон арқылы өткізуді мақұлдады.  Негізі 2 сұхбат болу керек еді. Бірақ, мені бірден onsite-сұхбатқа қабылдады. Сұхбаттан өту үшін Маунтин-Вью штап-пәтерінде 2-3 күн болдым. Сұхбаттың өзі төрт 45 минуттан  тұратын бір күндік уақытты қамтыды.

Google инженері сіздің жеке қасиеттеріңіз бен мінез-құлқыңызды жеке тапсырмамен тексермейді. Барлығы техникалық сұхбат аясында, әңгімелесу барысында анықталады. Фидбэкте «non-technical skills» (жеке дағдыңызды) байқайды. Мәселен, қалай сөйлейтінің, өзіңді ұстауың, ойыңды дұрыс жеткізуің, екінші тараптың пікірін қаншалықты сыйлайтының немесе тыңдайтының, белгілі бір ойға келісім беруің мен қарсы келуіңды сынайды. Бір күнге жалғасатын сұхбат адамның жүйкесіне қатты әсер етеді. Ал мен дәл сол күні кептелісте қалып қойып, маңызды сұхбатқа кешіге жаздағанмын.  Соңында бәрі жақсы аяқталды.

— Сұхбаттан сүрінбей өту үшін дайындыққа қажет кітаптар мен сайт сілтемесімен бөлісе аласыз ба?

-– Әрине, бөлісе аламын. Жас маманға арналған «Cracking the Coding Interview» деген пайдалы кітап бар. Оны біраз бағдарламашы біледі. Кітапты түрлі tech-компаниядан тәжірибе жинап, Google-де «Hiring Committee»-те (жұмысқа қабылдау комисиясында) қызмет атқарған қыз жазған.

Сондай-ақ, https://leetcode.com сайтында түрлі сауалдың жауабын таба аласыз. Ал, жұмыс барысындағы мәселені тек компьютерде ғана емес, кәдімгі қарапайым тақтада шешуге болады. Ол мидың жұмыс істеуіне, ойлануына көмектеседі. Егер тақта болмаса, ақ қағазға жоспарды түсіріңіз.

Жалпы, сұхбаттан сүрінбей өту сәттілікке де байланысты сияқты. Мәселен, кенеттен  қойылған сұрақ жайлы жеткілікті деңгейде ақпарат білуіңіз мүмкін. Онда жолыңыз болды деген сөз.

Бір нәрсені есте ұстаған жөн. Сұхбатқа алдын-ала дауыстап, анық сөйлеп дайындалу керек. Жауап беру барысында сіз дұрыс бағытта келе жатсаңыз, кейбір сұрақтың жауабын айтпасаңыз да олар сіздің білетініңізді іштей сезіп  отырады.

Hipo.kz

 IT-индустриясынан қалыс қалмау үшін қандай ресурстарды бақылап отырасыз?

— Индустрия жайлы жаңалықты https://techcrunch.com және  https://news.ycombinator.com. сайттарынан оқимын. Маған  «Consumer Electronics» ұнайтындықтан жаңа технология жайлы ақпаратқа шолу жүргізетін  https://www.theverge.com/ сайтының тұрақты оқырманымын.

— Google компаниясында жұмысшыларға ерекше күтім мен жағдай жасалған дейді. Осы жайлы ақпарды өз аузыңыздан естісек?

 — Компания өз қызметкерлері үшін барлық жағдайды жасаған. Бізде жаттығу залы, массаж бен медициналық қызмет және 2-3 кафе бар.  Тамақтың бағасы өте тиімді. Мұның бәрі жұмысты өте нәтижелі атқаруымызға мүмкіндік береді.

Мысалы, дәстүрлі жүйеде жұмыс істейтін әріптестеріміз түскі асын ішуге 2 сағаттарын жоғалтады. Офистен шығып, сырттан ас ішіп келетін уақытта қаншама істі бітіруге болады. Сондықтан жұмысшының жағдайын жасау арқылы компания үздік нәтижеге қол жеткізеді.

— Google-де жұмыс жүргізу жүйесі қандай? Командаңыз бен оны басқару құрылымы жайлы ашып айтыңызшы.  

— Google-дің ерекшелігі мәдениетінде. Әр бейсенбі сайын Mountain View офисінде TGIF өткізіліп, атқарушы директорлар Сергей Брин мен Ларри Пейджпен кездесу өтеді. Басшылық қызметкердің қойған барлық ашық сұрағына бүкпесіз жауап береді. Онлайн түрде де сұрақ қоюға болады.

Біздің командада аздаған адам бар. Бір топ 5-12 адамнан тұрады. Көбіне желі арқалы байланыста боламыз. Менің тобымдағы жігіттердің бірі Нью-Йорктен және Калифорнияда жұмыс істейді. Екі апта сайын кездесіп, жоспар барысын талқылаймыз. Жолыға алмаған жағдайда онлайн байланысқа шығамыз. Жұмысты кейінге қалдыруға ештеңе кедергі келтірмейді.

Тобымызға ортақ «OKR» (Objective Key Results) жүйесі бар. Онда ұйымның басты мақсаттары мен нәтижесі қойылған. (Жүйе туралы қосымша мәліметті Ласло Боктың «Работа рулит» кітабынан оқысаңыз болады).

Hipo.kz

— Демек, мақсатты іске асыруға техниканың көмегі зор дегіңіз келеді ғой. Ал компаниядағы қызметкердің жұмысы қалай бағаланады?

— Дәл солай. Әр жарты жыл сайын компанияға есеп береміз. Алдымен адам жырты жылдық еңбегіне баға береді. Ал жанындағы әріптестері оның еңбегіне сырттай қарап, фидбэк жазады. Менеджер файнал-ассессмент жазып, баға қояды. Бұл баға рейтингке әсер етіп, бүкіл компания басшылығына ұсынылады. Қорытынды баға көп ішінде талқыланады. Бұл әділдікті көрсетеді. Яғни, таныс-тамырдың рөлі жоқ. Сондықтан бас менеджер қайсыбір қызметкермен жақсы достықта болса да, қызметіне қарай әділ бағасын қояды.

— Сонда қызметкердің жеке өсуі қалай ұйымдастырылған?

— Мәселен, мен компанияда жеке мансабымды көтергім келсе, жоғары басшылыққа хат жолдаймын. Жай ғана «мен жақсы жұмыс нәтижесін көрсеттім» деп емес, нақты фактілерде көрсетіп жазамын. Мәселен, мен мынандай жоба жасадым. Оны 500 адам пайдаға асырып, бағдарлама нәтижесі компанияға 40 пайыз табыс алып келді.  Міне, осындай есеп берумен комиссия төрағалары тексеріп, шартқа сәйкес келсе, жұмыста жоғарылатады.

— Жас мамандарды жұмысқа бейімдеу тәсілі қандай?

— Джуниор маман 2-3 күндік orientation-нен өтеді. Инженерлер үшін 1,5 апта ішінде компания құндылығын, мақсатын, ішкі жұмыс жүйесін, құрылғымен жұмыс істеуді таныстыратын bootcamp өтеді. Google-ді көзі көрмейтін зағиптар да, құлағы естімейтіндер де қолданады. Сондықтан мүмкіндігі шектеулі жанға Google-ді оңай қолдануға мүмкіндік беретін жаңа әзірлеуші қосымша жайлы баяндалады. Өйткені компания құрылғысы бүкіл әлем халқына бірдей түсінікті болу қажет. Таныстыру сабағында компания жетістігі, құлдырауы, тарихы, мақсаты жайлы әңгімелейді. Bootcamp-тан соң, жас маман компания инфрақұрылымымен азда болса танысқан болады.

Командаға жаңа адам келгенде, қалған әріптестер оның бірден жұмысқа кірісіп кете алмайтынын біледі. Google-дегі адаптация 3-6 айға дейін созылады. Сондықтан жас маманға қиын тапсырма берілмейді. Уақыт өткен сайын тапсырма  күрделене береді. Маман 6 айдан кейін сенімді түрде жұмыс істейді.

Компанияға жаңадан жұмысқа келгенде ортаңдағы адамдар түсініксіз терминдермен, түсініксіз тілде сөйлейді. Сол сәтте жаңа ортаның ойын ешқашан түсінбейтіндей күйде боласың. Бір қызығы, Google-де алғаш жұмыс істейтін қызметкердің көбісі үрейге салынып, өз-өзіне деген сенімсіздікпен «жалған жұмысшы» деген депрессиялық синдромға ұшырайды. Алайда, бұл өтпелі кезең. Бірде компания басшысы «Бұл жұмысқа өзін лайықты санамайтын және мұнда кездейсоқ тап болдым деген адам қолын көтерсінші» деген сөзіне аудиторияның жартысы қолын көтерген болатын. Сол сәтте директор «Бұл уақытша нәрсе, жұмысқа әлі-ақ үйренесіңдер» деп бізді тынышталдарды. Басшылықтың бізге осылай қолдау білдіргені үлкен дем береді (күліп).

Hipo.kz

— Google дүние жүзіне танымал, беделі жоғары компания. Сіздіңше, мұның сыры неде?

— Меніңше, Google мен Facebook-тың айырмашылығы ұстанымдарында. Мысалы, Facebook-та «Build fast, break fast» философиясы болған. Бұл дегеніміз «тез жаса да, тез бұз», яғни, өнімді тез өндіріп, жарамаса, бұзып, қайта туралау қажет мағынасында беріліп тұр.

Ал Google-де біз асықпай іске кірісіп, дұрыс нәтижеге қол жеткізе аламыз. Жоспарды орындауда ешқашан тәуекелге бел бумаймыз. Қосымша кодын жиі қолмен жасалатын тексерістен өткереміз. Иә, мұның бәрі ұзақ уақытты алады. Әйтседе, біз қателік жібермеуге тырысамыз, тек сапаға жұмыс істейміз. Кейде, біздің тараптан қате кетсе, компания ол үшін жұмысшыны жазғырмайды, системаны кінәлайды. Қалай болғандығын түсірме хатқа толық жазсаңыз, қателікті қарайды да, алдын алу шараларына кіріседі. Бар болғаны сол.

-Көптеген басылымның мәліметінше,  Google-дің жылдам жетістікке жетуі қызметкерге жұмыс орнында шығармашылықпен айналысуға рұқсат бергендіктен деп жатады. Бұл тәсіл қазір де қолданылады ма?

— Иә, ол «twenty percent project» деп аталады. Жұмысшы жұмыс уақытының 20 пайызын қосымша жобамен айналысуға болады. Бірақ, тек тапсырылған жұмысты аяқтаған жағдайда. Google-де ішкі джоб-сайт бар, оның ішінде командалар өздеріне осындай «twenty percenters» адамдарын іздейді. Мысалы, біздің топта сатылым бөлімінде жұмыс істейтін адам бар, ол бізге әр дүйсенбіде келіп, бағдарлама жазуды үйренеді.

Hipo.kz

— Алғаш компанияға келгеніңізде сізді таңқалдырған не?

— Мен университтен жаңа келгендіктен, мен үшін бәрі таңсық әрі қызық болды.  Тіпті, жұмыс жазбам, ресми электрондық хат жазу бәрі-бәрі ерекше қызықтырды.  Мен жұмысқа келген сәтте жаңа жоба іске асырылғалы жатқан болатын. Мен оны қалай жасау керектігін тіптен білмедім. Бәрін ұжыммен бірігіп жасау арқылы үйрендім.

— Жаңа Google компаниясында ерекше мәдени ұстаным бар деп айтып өттіңіз. Ол қандай мәдениет?  

— Google адамды бірінші сатыға қойып, оның жеке өмірін құрметтейді. Сондықтан жұмыстан бөлек топ мүшелерімен өмір жайлы әңгімелесіп, білгенімізбен бөлісемез. Топтағы біраз жұмысшы Канадада болғандықтан, оларға жиі барып, жақыннан танысуға тырысамын. Алыс сапарға шығар шығынымды компания өз мойнына алады.

— Енді, біздің дәстүрлі сұрағымызға көшсек. Мансап жолында алғаш рет қадам жасағалы жатқан жастарға берер кеңесіңіз?

— Алып компанияда жұмыс істеуге қорықпаңыздар. Арман қойыңыз және оны жүзеге асырыңыз. Бәрі тегін. «Google мен  Facebook-ке жұмысқа кіру қиын» деген ойды өшіру керек. Ал студенттер сабақпен қоса жобамен айналысқаны жөн. Иә, сіз университті GPA балы  4,0 көрсеткішпін аяқтауыңыз мүмкін. Бірақ, ондайлар өте көп. Көптің бірі болмаңыз. Сондықтан жаңашылдыққа құмар болыңыз, ізденіңіз, талпыныңыз. Жетістікке жеткен үлкен азаматтармен сұхбаттасыңыз, сөйлесіңіз, кеңесіне құлақ түріңіз және сұрақ қоюдан ұялмаңыз. Егер сізді адам құрлы көрмей елемесе, ол трагедия емес.  Әрекет ете білген адам сөзсіз соңында ойлағанына жетеді.

0 пікір
Мұрағат