Австралиялық жігіт өзінің исламға қалай келгені жайында ғажап оқиғасымен бөлісті (ВИДЕО)
Австралиялық жігіт өзінің исламға қалай келгені жайында ғажап оқиғасымен бөлісті (ВИДЕО)
8 жыл бұрын 4009 qamshy.kz

Оқиға Австралиялық жігіттің бірінші курста оқып жүрген кезінде болған. Одан бір жыл бұрын ата-анасы қайтыс болды, жақсы көретін итінен айырылды. Бір аптаның ішінде екі мәрте көлік апатына ұшырады. Орын алған жағдайлардың бәрі жігітке көп нәрсені түсінуге септігін тигізді. Жігіт өз-өзіне сұрақтар қоя бастайды. Өмірдің мәні не? Өмірге келгендегі мақсатым не? Таңертең не үшін тұрамын? Не үшін өмір сүріп жүрмін? Осылайша, өмірдің мәні туралы ойлануға көшеді, философиялық, әдеби, сондай-ақ, діни кітаптарды оқуды бастайды.

Діни кітаптар оқып жүріп, Христиан діні жайында естіп-біледі, сол дінді қабылдайды. Алайда, әр түрлі түсініктерге сенетін христиандықтар жігіттің көңіліне күдік ұялатады. Будда діні жайында зерттеп көреді. Жаны жоқ мүсіндерге табынатын буддалықтарға қарап жігіттің жаны тағы тағат таппайды. Енді не істер екем деп жүргенде достарынан ислам діні жайында естиді. Алайда, ат-тонын ала қашады. Ислам дегенде көз алдына террористер, жауыздар, адам өлтіргіштер елестеген.

Бірақ, сонда да діндерді зерттеп жүргендіктен мұсылман қауым құлшылық қылатын Ливанның мешітіне кіреді. Мұсылман заңдарынан хабары жоқ жігіт мешіт ішіне аяқ киімімен кіріп кетеді, намаз оқып отырғандырдың алдын кесіп, сәждеге жығылғандарды аттап өтеді. Сөйтіп, сол мешіттің ішінде бір ұзын сақалды адаммен танысады. Сол сәттен бастап өмірі өзгереді. "Террорист, жауыз" деп ойлап жүрген ливандық мұсылмандар жігітке жылы шырай танытып, жақсы қарсы алады. Тоқаш пен шәйға әбден тойдырады. Бұл жағдайдан соң жігіт мешітке келуін жиілетеді. Шәймен тоқаш жеген ұнап қалған болу керек.

Сондай бір күні өзін мазалап жүрген сұрақты мұсылмандарға да қойып көрді. Дін қызметкерлері еш іркілместен қолына Құран кітабын ұсынды. Барлық сұрақтардың жауабын сол кітаптан табатынын айтты. Жігіт сұрақ қоя берді, дін қызметкерлері жауап беруден еш шаршамады. Жігіт қойған сұрақтардың жауаптары Құранда болды. Құранды оқып жүріп, жігіт адамдардың өз ойларын сұрады. Алайда, олар Құранның сөзі тұрғанда біздің ойымызды не қылмақсың деді. Сөйтіп, Құранды оқи бастайды. Бір уақытта жігіт тылсым күшті сезінгісі келеді. Жаздың бір кешінде айналасына қарап тұрып, табиғаттың ғажап көрінісін көзі шалады. Бұрын-соңды байқамағандай. Бәрі көзіне таңғажайып дүниедей көрінді. Исламға аяқ басуына жақын қалды. Тек бір нәрсе жетпеді. Ғажап көрініс емес, бір тылсым күштің болғанын қалады. Найзағай жарқ етсе, құс ұшып өтсе... Бірақ, күткен белгісі болмады.

Үнжырғасы түскен жігіт қолына Құранды алып, әрі қарай оқи бастайды. Ғажап! Бар белгі Құранда жазылған. «Сендер үшін түнді, күндізді жараттым, әрі ай, жұлдыздар да оның әміріне бағынышты. Шын мәнінде ойланған қауым үшін әлбетте белгілер бар». Иә, расында, айналаның бәрі адам үшін белгі, дәлел, бәрін Алла жаратқан. Бұған көзі жеткен ол исламды қабылдауға шешеді. Бір күні мешітке барса, мешіт ішінде мыңға жуық адам жүр. Рамазан айы екен. Намаз біткен соң адамдардың бәрі бір-бірін құшақтап, Рамазанмен құттықтай бастады. Ондайды бұрын көрмегендіктен таңданысын жасырмады. Исламның қай жағынан да ең керемет дін екеніне көзі жетті. Исламға дейін мүлдем басқаша болған жігіттің қазіргі түрінен нұр төгіліп тұрғандай.

0 пікір
Мұрағат