Тарихта тұңғыш рет қасиетті екі мешіт жетекшісінің орынбасары болып әйел адам тағайындалды
|
Қасиетті Меккедегі Харам мешіті мен Мәдина шаһарындағы Пайғамбар (с.а.с.) мешіті басқармасының тарихында тұңғыш рет төраға орынбасары болып әйел адам тағайындалды. Бұл жайында islam.kz порталы ArabNews ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Аталған қос мешіт басқармасының жетекшісі Әбдірахман ас-Судайыс тақ мұрагері Мұхаммед бен Салманның пәрменімен елде жүргізіліп жатқан әлеуметтік-экономикалық реформалар аясында әйелдердің қоғамдағы мәртебесін көтеру бастамасын басшылыққа алып, осындай қадамға барды, дәлірегі, Харам мешітінің кітапхана және мәдениет істері жөніндегі төрағасының орынбасары етіп Нұра әл-Тауйби есімді әйелді тағайындады. Сөз орайы келгенде исі мұсылман қастер тұтатын аталған екі мешіт штатында жұмыс істейтін әйелдер қарасы 600-ге жақындап қалғанын айта кетпекпіз.