Қытай факторы: Ауғанстан күрделі жолайрықта
Қытай факторы: Ауғанстан күрделі жолайрықта
6 жыл бұрын 6011 islam.kz-ке сілтеме берілуі міндетті

Қытай Ауғанстанды "Бір белдеу - бір жол" жобасы аясында "Қытай-Пәкістан даму дәлізіне" қосуды жоспарлап отыр. Бұл жайында кезінде Қытай халық республикасының сыртқы істер министрі Уан И Ауғанстан, Пәкістан және Қытайдың сыртқы істер министрлерінің тарихта тұңғыш рет - өткен жылдың желтоқсан айының 26-ы күні өткен үш жақты кездесуінде мәлім еткен болатын. Қытай осылайша аймақтағы Ресей мен АҚШ-тың ықпалын кеміте ала ма: бұл арада сөз жалпы құны 62 млрд долларға бағаланған, 2015 жылы көтерілген инфрақұрылымдық жоба турасында сөз болып отыр. Бұл жоба тас және темір жолдарын қамтиды - Қытайдың батысын Пәкістанның Үнді мұхитының жағалауындағы Гуадар айлағымен жалғайды. Сондай-ақ, Пәкістан аумағындағы айлақтар мен әуежайларды ұлғайтып, жетілдіруді, мұнай және газ құбырларын тартуды, терминалдарды, электр энергиясына инвестиция құюды, т.б. қысқасы, бұл мұсылман еліндегі ең ірі инвестициялық жоба болайын деп тұр. Қытай осылайша Пәкістан аумағы арқылы Үнді мұхитының жағалауына шығып, одан ары Таяу Шығысқа және Еуропаға қол созады. Бұл бағыт Ауғанстанды қамтымақ. Яғни, Ауғанстанды да өзінің мүддесін жүзеге асыратын аймаққа айналдырмақ. Ауғанстанның табиғи ресурстарына көз тігіп отыр. 2007 жылдың өзінде қытайдың China Metallurgical Group Corp, Jiangxi Copper Corporation және Zijin Mining Group Company корпорациялары Кабул қаласына таяу жерде орын тепкен, әлемдегі ең ірі жез кен орындарының бірінен саналатын Айнақты игеруге тендер ұтып алған болатын. Бұл мәміле құны 3,5 млрд долларға бағаланған болатын. Бұл мәміле, сондай-ақ, Ауғанстандағы тарихта тұңғыш рет осынша мол қаржағы жасалған алғашқы мәміле ретінде қалмақ. Қытайлар аталған елдің аумағындағы жезбен шектеліп қалмай, сонымен қатар, алтын мен темір өндірісіне де қол салуы мүмкін. Бұл жайында The Diplomat ақпарат көзі Ауғанстанның Пәкістандағы елшісі Омар Зақибилдің мәлімдемесіне сілтеме жасай отырып, хабар таратқан еді. Сол кезде. Бұдан бөлек, Ауғанстанда мұнай қоры бар - шамамен 1,6 млн баррел және табиғи газ қоры 15,7 трлн текше метрді құрайды. 2017 жылдың сәуір айында Ауғанстан билігі қытайлардың "Бір белдеу - бір жол" жобасына қатысуға ниетті екендерін мәлімдеген болатын. Ауғанстан осылайша өзінің соғыстан күйреген экономикасы мен инфрақұрылымын қалпына келтіргісі бар. АҚШ-қа қарағанда Қытайдың мүддесі әлдеқайда прагматизмге құрылған: АҚШ-тың 2012 жылдан бергі Ауғанстан жеріндегі мемлекеттік мүлік шығынының өзі 10 млн доллардан асып кеткен. Өзге шығындарын айтпағанда (өзге әскери, т.б. шығындары туралы кезінде толық ақпарат бергенбіз, естеріңізде болса). Бұдан бөлек, Қытай Ауғанстанға жылына жүздеген млн долларды қайтарымсыз (қарыз емес) көмек беріп отырғанын да жасыруға болмайды. Өткен жылы Қытай билігі теріске шығарса да Ауғанстанда әскери базасы бары туралы хабар таратқан едік. Дәлірегі, террористерге қарсы Ауғанстан аумағындағы Шағын Памир таулы өңірінде ауғандық сарбаздармен қытай әскерлері бірігіп күзетеді деген турасындағы ақпарат әлемдік бұқаралық ақпарат құралдарын шулатқан еді. Сөз орайы келгенде айта кету керек, Ауғанстандағы АҚШ контингентінің мақсаты туралы кезінде шет-жағалап айтып өткенімізбен, нақтысында АҚШ-тың да Ауған жеріндегі табиғи ресурстарға таласы барын айта кетпеске болмайды. Жер қойнауындағы сирек кездесетін элементтерді өндірумен айналысатын америкалық American Elements компаниясы келтірген дерекке қарағанда, ауған жерінде минералды ресурстардың 2 пайызы бар. Біздің айтпағымыз, ресурсқа талас аймақтағы қауіпсіздікке қаншалықты нұқсан келтіреді. Соғыстан әрі түрлі ұлттар мен ұлыстардың, соның ішінде, пуштундардың ықпалын кеміту, т.б. түрлі саяси әрі әскери топтардың, соның ішінде, тәліптер қозғалысының мақсаты мен мүдде қақтығысынан титықтаған халық бір тығырықтан шығар жол іздеймін деп одан ары шырғалаңға түспей ме? 

0 пікір
Мұрағат