Пұтқа табынушылар «ритуалсыз» қалатын болды
Пұтқа табынушылар «ритуалсыз» қалатын болды
2 жыл бұрын 1180 Материалды көшіріп басқан жағдайда islam.kz порталына сілтеме берілуі міндетті. Фото: Adnan Abidi / Reuters

Алдағы он жыл соңында әлемдегі ең ірі өзендердің бірінен саналатын Үндістан аумағындағы Ганга мен Азияның оңтүстігіндегі өзге де өзендерінің табаны тартылып, құрғап қалатын болды. Бұған аталған аймақтағы тұшшы судың қайнар көзіне жататын мұздақтардың еріп кетуі себеп болмақ. Бұл жайында islam.kz порталы ТАСС ақпарат агенттігіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Біріккен Ұлттар Ұйымының бас хатшысы Антониу Гуттериштің өзі дабыл қағып отырған аталмыш экологиялық мәселе өз кезегінде пұтқа табынушыларды өздерінің наным-сеніміне байланысты жөн-жоралғыларынан айырады. Дәлірегі, Ганга (Ганга атауы да үнді наным-сеніміне байланысты шыққан – ред.) үнді наным-сеніміндегілер үшін киелі өзен саналады. Оңтүстік Азиядағы аса ірі өзеннің суына шомылып, күнәсінен «арылады», сол өзеннің жағалауында бақилық болғандарды өртеп, күлін суға ағызып жібереді немесе өртемей-ақ мәйітін суға тастайды. Десе де 2700 шақырымға созылып жатқан, бастауын Гималай тауынан алатын алып өзен бір жарым млрд адамға жуықтаған үнді халқының 40 пайызын асырап отыр. Ганга әлемдегі киелі саналатын саусақпен санаулы өзендердің бірі болғанына қарамастан әлемдегі ең лас өзен. Тек адам мәйіті тасталмайды, сонымен қатар, өнеркәсіптің зиянды қалдықтары мен улы заттар деңгейі өте жоғары. Сөз соңында әлемнің әрбір төртінші тұрғынының тірлігі мен тіршілігі (шамамен екі млрд адам) тікелей мұздақ және еріген қар суымен байланысты екенін айта кеткіміз келеді.

0 пікір
Мұрағат