Өлім жазасын орындау тәсілдері ұлғайтылды
Өлім жазасын орындау тәсілдері ұлғайтылды
4 жыл бұрын 3801 islam.kz-ке гиперсілтеме берілуі міндетті

АҚШ-тың әділет министрлігі өлім жазасын жүзеге асыру нормаларына түзетулер енгізді. Осылайша өлім жазасына кесілгендерді жазалау тәсілдері толықтырылды. Бұл жайында islam.kz порталы The Hill ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Нақтырақ әрі тарқатып айтқанда, федералды деңгейде айыпталған қылмыскерлерге жергілікті билік бұрынғыдай тек ине салумен, яғни, инъекция арқылы өлім жазасын қолданып қоймай, сонымен қатар, газ камерасына қамап тұншықтырып, улап өлтіруге құзыретті болады, бұдан бөлек, электрлі орындыққа отырығызып немесе ату жазасы арқылы да өлім жазасын қолдана алады. Тиісті заңнамаларға енгізілген бұл өзгертулер желтоқсан айының 24-нен бастап қолданысқа енеді. Осы уақытқа дейін аса ауыр қылмыс жасағандарға өлім жазасы қарастырылған барлық штатта өлім жазасы тек ине салумен, яғни, иньекция арқылы орындалатын. Алайда, фармацевтикалық компаниялар өлім жазасын орындауға қарсылық білдіріп, өлім жазасын орындауға қажетті тиісті дәріні беруден бас тартқан еді. 1976 жылы АҚШ-тың жоғарғы соты өлім жазасын қолдануды қалпына келтірген болатын. Аталмыш мерзімнен бері АҚШ түрмелерінде мың жарымнан аса қылмыскерге өлім жазасы қолданылған. Олардың тек екеуіне ғана федералды деңгейде, қалғанына жергілікті деңгейде өлім жазасы қолданылған болатын. Қазіргі уақытта федералды түрме қабырғасында 60-қа тарта қылмыскер өлім жазасын күтіп жатыр.

0 пікір
Мұрағат