Күні өткен аса қымбат әрі қауіпті жоба түріктерге не үшін керек болды
Күні өткен аса қымбат әрі қауіпті жоба түріктерге не үшін керек болды
7 жыл бұрын 5245 islam.kz-ке сілтеме берілуі міндетті

Ақылдан алжастыратын амбиция әдетте авторитарлы елдердің басшыларына тән болып келетіні несі?! Мұнда қандай заңдылық бар?! Бар билік пен ресурсты қолына шоғырландырған авторитарлы ел басшылары тарихта қалу үшін құлашты алысқа сермеймін деп, қолын мезгілінен кеш сермеп жататыны бар. Олай дейтініміз, естеріңізде болса, кезінде Түркияда, Жерорта теңізінің жағалауында алғаш рет атом электр стансасы салынатыны турасында хабар таратқан едік. Тарқатып айтқанда, Түркия аумағындағы АЭС-ті ресейлік мамандар салады. Дәлірегі, бұл АЭС-тің 51%-на «Росатом» мемлекеттік корпорациясы иелік етпек. Ауқымды жоба ресейлік ВВЭР-1200 реакторлық қондырғылары орнатылатын төрт энергоблокты қамтымақ. Аталмыш жобаның құны 20 млрд долларға бағаланып отыр. Алғашқы энергоблок 2023 жылы іске қосылады. Жоспар бойынша. «Төрт блок іске қосылған соң тек «Аққұй» АЭС-і Түркиядағы электр энергиясына деген қажеттіліктің 10 пайызын қамтамасыз ете алады. Бұл өз кезегінде қазіргі уақытта белгілі бір дәрежеде мұнай мен газға және көмірге тәуелді энегретикалық портфелімізді әлдеқайда саламатты деңгейге көтереді»,- деп мәлімдеді Түркия президенті Режеп Тайыр Ердоған әріптесі Владимир Путинмен келешек АЭС-тің қазығын қағып тұрып. Ал Түркия энергетика министрі Берат Әлбайрақ бұл жобаны елдегі энергетика мен технология саласындағы маңызды белеске балады. Десе де мынаны айта кету керек, Түркияның экспортшылар қауымдастығының (TİM) келтірген мәліметке қарағанда, түріктердің өнімі Еуропаның және әлемнің өзге 10 еліне ең көп экспортталады екен. Атап айтқанда, Германия, Ұлыбритания, Италия, Испания, АҚШ, Франция, Ирак, Голландия, Израил және Белгия. Осындай сауда-саттықтағы серіктестері бар да, Түркияның Ресеймен арадағы теңсіз сауда қатынасына баруына не зор келді десеңізші. Екі елдің арасындағы сауда дисбалансы, әсіресе, 2018 жылдың сәуір айының 3-і күні «Аққұй» АЭС-нің іргетасы қаланған кездеорын алды. Аталған жоба қазірдің өзінде шамамен 25 млрд долларға шарықтап кеткен. Энергетика жөніндегі сарапшы Мехмет Оғұйтшүйінің айтуынша, оның бағасы әлі де өсуі мүмкін. Бұдан бөлек, әлем елдері қауіпсіз әрі арзан, ең бастысы, қоршаған орта мен экологияға еш зияны жоқ жаңғыртпалы энегрия көздеріне көшіп жатқанда Түркия билігінің күні өтіп бара жатқан, яғни, ескірген қауіпті әрі қымбат технологияға неліктен жүгінгенін түсіне алар емес. Экономиканы саясат үшін құрбан етуге бола ма, бұл енді басқа тақырып. «Бірнеше ондаған жылдар бойы біз ядролық энергияға ие болғымыз келіп, талпыныс жасадық, алайда, батыс елдері технологиясымен бөліскісі келмеді. Ендігі жерде біз бұған ресейліктер арқасында қол жеткізді. Әлбетте, бұл алдыңғы қатарлы технология, алайда, технологиядағы тенденция өзгерген»,- деді күйінішпен тіл қатқан сарапшы. Оның айтуынша, қазіргі уақытта Түркия аумағында шағын реактор бар, 300 немесе 400 млн долларға 300 немесе 400 мегаватттық – атом суасты қайығының негізінде жасалған. Енді «Аққұй» АЭС-де өндірілген электр энергиясы да қымбат болмақ: киловатт-сағатына 13 центтен айналады, ал күн немесе жел энергиясының құны килловатт-сағатына төрт центтен айналмақ. Үш есе айырмашылық бар арасында. Салыстыруға да келмейді. Әлбетте, ядролық технологияны дамыту керек. Энергетикалық балансты сақтау үшін. Алайда, тенденцияны елемей, айналып өтуге болмайды. «Әлемдегі ең үлкен әуежай», «Әлемдегі ең ұзын көпір», т.б. неғұрлым ауқымды болса, соғұрлым дамыған деген тар түсініктен арылу керектігін алға тартты сарапшы сөзінің соңында.

0 пікір
Мұрағат