Жердің шөлге айналу қарқыны артып келеді
Жердің шөлге айналу қарқыны артып келеді
3 жыл бұрын 3525 Материалды көшіріп басқан кезде islam.kz порталына гиперсілтеме берілуі міндетті

Бүгінде жаһандық жылынумен қатар келе жатқан проблемалардың бірі – жердің шөлге айналуы. Яғни, құнарлы жердің тіршілік етуге жарамсыз күйге енуі. Бұл жайында islam.kz порталы түрлі ақпарат көздеріне, соның ішінде интернет мәліметтеріне, парсылардың Iran news  дерек көзінде келтірілген мағлұматтарға сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Жердің шөлге айналуына антропогендік фактор (адамның араласуынан орын алатын қоршаған орта дағдарысы) және табиғи факторлар себеп болып отыр. Жыл сайын кем дегенде құрлықтың 12 млн гектары құрғақшылық пен шөлейттенуден құнарынан айырылып, шөлге айналып жатыр. Әлемнің 100 елінен астамында шамамен 900 млн адам шөл зардабын тартып отыр. Шөл ұғымына анықтама берілгенде әдетте жылдық ауын-шашын мөлшері 250 мм-дан кем аймақтар осы санатқа жатқызылады. Бұл тарапта қар мен мұз құрсанған Антарктида да шөлді, полярлы аймақ ретінде есептеледі.  Біріккен Ұлттар Ұйымының бұл бағытта келтірген дерекке қарағанда, құрлықтың 41%-н құрғақшылық жайлаған және бұл көрсеткіш жылдан жылға артып келеді. Осы құрғақшылық жайлаған аймақтар әлемнің 100 елінің аумағында кездеседі. Бұл өлке-өңірлерде қазіргі уақытта 2 млрд-тан аса адам өмір сүріп жатыр. БҰҰ болжамы бойынша 2025 жылға дейін адамзаттың бестен бір бөлігі осындай шөлді аймақта тұратын болады – жердің шөлге қарқынды түрде айналуына байланысты. Бұған жаһандық жылыну секілді күллі адамзатқа ортақ проблема себеп болады. Бүгінде құнарлы әрі шұрайлы жердің 2 млрд гектарынан көбі дегредацияға ұшырап, шөлге айналып барады. Яғни, жыл сайын қосымша 12 млн гектер жер дегредацияға ұшрайды. Жердің құнарынан айырылып, шөлге айналуы өз кезегінде әлеуметтік-экономикалық, кедейлік, денсаулық, азық-түлік қауіпсіздігі, биологиялық әрлауандылықтың жұтаң тартуы, климат дағдарысы, көші-қон босқындарын қалыптастыру секілді ауыр салдары мен зардаптарына, табиғи апаттардың көбеюіне жол беру секілді өзге де жағымсыз құбылыстардың жиілуіне алып келмек. Бүгінгі таңда Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркіменстан, Тәжікстан, Пәкістан, Ауғанстан елдері жайлаған Орта Азия аймағының үштен екісінен көбісі шөлейтті болып келеді Мәселен, алысқа ұзамай-ақ, өзіміздің Қазақстанда алайық, бүкіл әлемдік банк есебі бойынша еліміздің аумағының 66%-ы шөл және шөлейтті аймаққа жатқызылады. Бүгінде Орта Азиядағы егістік алқабының 10%-ның құнары жоғалған, яғни, өнім бермейді, өсімдік өспейді, жайылымның 68%-ы дегредацияға ұшыраған, орман-тоғайдың 8%-ы жойылу алдында тұр. Бұған антропогендік факторлар, яғни, табиғи ресурстарды шектен тыс пайдалану, соның ішінде ауыл шаруашылық мақсатында жерді рационалды пайдаланбау, орман-тоғайды отау, т.б. факторлар әсер еткен. Мұның тек экологиялық зардабы болып қоймайды, соынмен қатар, әлеуметтік-экнолмикалық салдары ауыр болады. Экономикасы көбінесе ауыл шаруашылығына негізделген, жалпы ішкі өнімінің 38%-ы және жұмыс орнының 65%-ы осы сектор құрайтын Орта Азия үшін жердің дегредацияға ұшырау тенденциясы үлкен қауіп төндіріп тұр. Тәуелсіздік алған жылдардан бері Орта Азия аймағының ауыл шаруашылығы осындай антропогендік факторлар мен құрғақшылықтан, жердің құнарсыздануынан ауыл шаруашылығы жылына 2 млрд доллардан аса шығын көріп келеді. Әлем бойынша ауыл шаруашылық мақсатында пайдаланылатын аумақтың 44%-ы шөлейтті жерлерде, әлемдегі азық-түліктің 60%-ы осы шөлейтті жерлерде өндіріледі. Шөлейттің шөлге айналуынан ауыл шаруашылығына жарамды жерді азайтып әрі адамзат қарасының көбеюіне байланысты азық-түлікке деген сұраныс артып келеді. Ал Парсы шығынағы аймағы бойынша соңғы жылдары Иран аумағы шөлге айналу қаупі жоғары аймаққа жатқызылып жүр. Иран әлем бойынша жері шөлге айналу қарқыны жағынан алғашқы ондыққа кірген ел. Әлемдегі шөлді жерлердің 2, 4%-ы осы шиғалар елінің аумағында. Негізі 1996 жылы шөлге айналуға қарсы БҰҰ құжаты қабылданған болатын. Аталмыш құжатқа Иран да (Қазақстан бұл құжатты 1997 жылы  ратификациялады, яғни, мақұлдады) қосылған болатын. Шөлге қарсы тиімді күресу үшін 2 млн гектардан аса Иран жеріне ағаш отырғызылды. Бұдан бөлек, шөлге төзімді өсімдіктер 224 мың гектар аумаққа отырғызылды. Иран аумағынан шамамен 100 млн гектар жер түрлі эрозияға ұшыраған: су әсерінен 75 млн гектар, жел әсерінен 20 млн гектар, химиядан 5 млн гектар жер дегредацияға ұшыраған. Бұл елде заң жүзінде рұқсат етілген орман-тоғайды отаудың  жыл сайынғы мөлшері – 700 мың текше метр. Бұдан бөлек, жергілікті халықтың отын үшін 15 млн текше метр орман-тоғайды мен бұта-қарағанды отайтыны да жердің құнарынан айырылуына себеп болып отыр. Ал елімізге келсе, қазақ даласының тек 4,7%-ы ғана орман-тоғайдан тұрады. 

0 пікір
Мұрағат