Жапонияда көктем ерекше мезгіл саналады. Өйткені, суық күндер артта қалып, жапонның әйгілі шиелері гүлдейтін кез басталады. Бірақ, дәл осы көктем айларында ел тұрғындары шөп қызбасы дертіне шалдығып, өсімдіктен бөлінетін шаң-тозаңнан қатты зардап шегеді, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі CNN басылымына сілтеме жасап.
Жапондар шаң-тозаң үшін жылына 1,8 миллиард доллар төлейді
|
Шөп шаңынан шыққан аллергиядан арылу үшін биыл Жапония 200 миллиард иен немесе 1,8 миллиард доллар қаражатын құрбан етті. Токиодағы Dai-Ichi Life Research Institute зерттеу институты осы ақпаратпен бөлісті.
Институттың бас экономисті Тошихиро Нагахаманың хабарлауынша, ел экономикасына келген залалдың бірнеше формасы бар.
«Аллергияға душар болған адамдар далаға шыққысы келмейді, бұл тұтыну қызметін азайтады. Ал жұмысшылар шаң-тозаң дертіне шалдыққан соң, еңбекке қабілетсіздік демалысына шығуға мәжбүр болады. Жұмысқа келсе де, ауырып, шаршап отырып, белсенділік танытпайды», - деді Тошихиро Нагахама.
Шие және балқарағай ағаштарынан бөлінетін шаң-тозаңнан зардап шегушілер саны 2018 жылы көбейгенін айта кету керек. Былтырғы жылмен салыстырғанда, Жапонияның кейбір аймағындағы аллергияға шалдыққан тұрғындар саны екі есеге артқан.
Ең қатты зардап шеккен – Токио. 2018 жылы ел астанасы тұрғындарының тең жартысы өсімдік шаң-тозаңы аллергиясына шалдықтық деп шағымданған.
Екінші дүниежүзілік соғыстан соң, қатты зардап шеккен Жапония өз ормандарын қалпына келтіру үшін көптеген ағаш түрін екті. Соның ең көбі – балқарағай мен кипарис ағашы болатын. Биылғы жылы соғыстан кейін егілген ағаштардың көбісі жеміс беріп, шаң-тозаң шығару қасиетін өршітті.
Токио жылына 7 млрд доллар қаражатты осы ағаштардың күтіміне арнайды. Мамандар арнайы түрде шаң-тозаң шығаратын ағаш түрлерін шауып тастап, оларды басқа ағаш сұрыптарымен алмастырады.
2006 жылдан бері ел Үкіметі 60 гектар жерді бақылауға алды. Дегенмен, ағаштарды жаппай алмастыру Токионың айналасындағы төбелерде су тасқыны қаупін күшейтеді. Токиодағы ормандарға жауапты Мамору Исигаки қаладағы 30 гектар жерге өсірілген ағаштар әлі де қараусыз қалып отыр деді. Оның бәрін алмастыру үшін 200 жылдан астам уақыт қажет дейді маман.
Бір қызығы, елдегі хирургиялық бетперделер мен дәрілерге деген сұраныс артып кеткен. Мәселен, наурызда өсімдік шаң-тозаңына қарсы дәрілер сатылымынан 20 млрд иен пайда түскен (184 миллион долларға тең). Бұл - Anterio жапон медициналық зерттеу фирмасының мәліметінше, соңғы 10 жылдағы ең жоғарғы көрсеткіш.