Жаһан: Армения мен Әзірбайжан бір-біріне қарсы оқ атпауға келісті (видео)
|
Таулы Қарабақ аймағындағы Армения мен Әзірбайжан бір-біріне қарсы оқ атпауға келісті. Бұл туралы аталған елдердің қорғаныс министрліктері мәлімдеді. Әзірбайжан қорғаныс министрлігінің ресми сайтында екіжақты келісімнің жергілікті уақытпен сағат 12:00-де күшіне енгені жарияланған. Қазіргі уақытта тараптар бұл шешімді егжей-тегжейлі талқылауға кірісті. Айта кетейік, Таулы Қарабақтағы қақтығыс 2 сәуір күні күрт ушығып кеткен еді. Бұған қос тарап бірін-бірі айыптады. БҰҰ-ның мәліметі бойынша, қақтығыс салдарынан екі жақтан 33 адам көз жұмып, 200-ден астамы жараланған.
ЕҚЫҰ Минск тобының өкілі Таулы Қарабақтағы ахуалға қатысты мәлімдеме жасады (видео)
Таулы Қарабақтағы бітімгерлік келісім қатаң сақталуы керек. Бұл туралы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы Минск тобының жиынынан шыққан АҚШ-тың тұрақты өкілі Даниель Баер мәлімдеді. Айтуынша, бітім сақталған күнде ғана қос тарап өкілдері бейбіт мәмілеге келе алады. Даниэль Баер, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымындағы АҚШ тұрақты өкілі: - Біз бітімгерлік келісім орнағаны туралы ақпаратты көріп отырмыз. Енді ол нығайып, екі тарапта оны мұқият сақтайды деп үміттенеміз. Ал біз ондаған бейбіт жанның өмірін жалмаған қақтығысты қатаң сынға алып отырмыз. Бұл мәселені әскери жолмен шешу мүмкін емес деп ойлаймын.