Алла Тағала Лұқман Хәкімге хикмет (даналық) беріп, оның дәрежесін биіктетті. Бойындағы құдай берген іліміне орай, халық оны "Хәкім", яғни, "Дана" деп атаған. Құран Кәрімде Лұқман Хәкімнің атымен аталған бір сүре бар, ол "Лұқман" сүресі. Құранның осы сүресінде ғана Лұқман Хәкім жайында ашық сөз етілген. Және де отыз төрт аяттан тұратын аталмыш сүренің 7 аятын, яғни, 12-19 аяттарын, Жаратушы Иеміз, Лұқман Хәкімнің ұлына айтқан өсиетіне арнаған. Төменде Лұқман Хәкімнің сол өсиет сөздерін келтіріп отырмыз.
Лұқман Хәкімнің Құрандағы ұлына айтқан өсиеттері
«Лұқман өзінің ұлына уағыз айта отырып былай деді:
وَإِذْ قَالَ لُقْمَانُ لِابْنِهِ وَهُوَ يَعِظُهُ يَا بُنَيَّ لَا تُشْرِكْ بِاللَّهِ ۖ إِنَّ الشِّرْكَ لَظُلْمٌ عَظِيمٌ
- «Уа, ұлым! Аллаға серік қоспа. Шынында, Аллаға серік қосу - үлкен зұлымдық (немесе үлкен әділетсіздік)».
وَوَصَّيْنَا الْإِنسَانَ بِوَالِدَيْهِ حَمَلَتْهُ أُمُّهُ وَهْنًا عَلَىٰ وَهْنٍ وَفِصَالُهُ فِي عَامَيْنِ أَنِ اشْكُرْ لِي وَلِوَالِدَيْكَ إِلَيَّ الْمَصِيرُ. وَإِن جَاهَدَاكَ عَلَىٰ أَن تُشْرِكَ بِي مَا لَيْسَ لَكَ بِهِ عِلْمٌ فَلَا تُطِعْهُمَا ۖ وَصَاحِبْهُمَا فِي الدُّنْيَا مَعْرُوفًا ۖ وَاتَّبِعْ سَبِيلَ مَنْ أَنَابَ إِلَيَّ ۚ ثُمَّ إِلَيَّ مَرْجِعُكُمْ فَأُنَبِّئُكُم بِمَا كُنتُمْ تَعْمَلُونَ
- «(Уа, ұлым! Алла Тағала маған былай деп бұйырған болатын): «Біз адам баласына ата-анасына қатысты өсиеттер айттық. Анасы оған мешеулік үстіне мешеулікпен жүкті болды және екі жылда омыраудан айыруы тағы бар (екі жыл емізуі тағы бар).Егер ата-анаң білмейтін нәрсеңді Маған серік қосуға зорласа, оларға бағынба! (Дегенмен) Олармен бұл дүниеде жақсы қарым-қатынаста бол! Және де маған бет бұрғандардың жолына түс. Кейін қайтар жерлерің мен жақ. Сол кезде сендерге істеген нәрселеріңнен хабардар етемін» - (деді маған Алла)».
يَا بُنَيَّ إِنَّهَا إِن تَكُ مِثْقَالَ حَبَّةٍ مِّنْ خَرْدَلٍ فَتَكُن فِي صَخْرَةٍ أَوْ فِي السَّمَاوَاتِ أَوْ فِي الْأَرْضِ يَأْتِ بِهَا اللَّهُ ۚ إِنَّ اللَّهَ لَطِيفٌ خَبِيرٌ
- «Уа, ұлым! (Істеген ісің) Ноқаттың дәнінің салмағындай болса да, бір жар тастың ішінде жасырулы болса, немесе көктерде яки жердің түбінде болса, Алла оны (қиямет күні) алып келеді! Шынында Алла - өте жұмсақ, барлық нәрседен хабардар».
يَا بُنَيَّ أَقِمِ الصَّلَاةَ وَأْمُرْ بِالْمَعْرُوفِ وَانْهَ عَنِ الْمُنكَرِ وَاصْبِرْ عَلَىٰ مَا أَصَابَكَ ۖ إِنَّ ذَٰلِكَ مِنْ عَزْمِ الْأُمُورِ
- «Уа, ұлым! Намазды (үзбей уақытында) оқып тұр. Дұрыстыққа бұйырып, бұрыстықтан тый. Басыңа келген (келеңсіздіктерге) шыда. Сөзсіз бұл нәрселер - Алла Тағаланың табанды түрде бұйырған істерден».
وَلَا تُصَعِّرْ خَدَّكَ لِلنَّاسِ وَلَا تَمْشِ فِي الْأَرْضِ مَرَحًا ۖ إِنَّ اللَّهَ لَا يُحِبُّ كُلَّ مُخْتَالٍ فَخُورٍ
- «(Уа, ұлым!) Тәкәппарланып бетіңді адамдарға мыжырайтпа (немесе адамдарға теріс қарама). Және жерде кербеңдеп жүрме. Сөзсіз Алла Тағала дандайсыған мақтаншақтарды жақсы көрмейді».
وَاقْصِدْ فِي مَشْيِكَ وَاغْضُضْ مِن صَوْتِكَ ۚ إِنَّ أَنكَرَ الْأَصْوَاتِ لَصَوْتُ الْحَمِيرِ
- «Және жүрісіңде орташа бол (яғни, тым асығыс, не тым баяу жүрме). Даусыңды біраз бәсеңдет. Шынында дауыстардың ең жағымсызы - есектің даусы!»
Дайындаған А. Қасым