Уа, қазағым, асыл дінің, салтың бар,
Құлшылық ет, мұсылмансың, тартынба!
Сауапты амал қалмаса егер, артыңда!
Кеш болады, жан келгенде алқымға!
Мен ризамын өміріме тым шексіз!
Айлығым мол, табысым бар қомақты!
Дей алмайды, ешкім мені құрметсіз,
Танымалмын, зор басшымын атақты!
Мен мықтымын барлығын да жеңетін!
Жиған байлық, абырой мол, жетерлік!
Адамдардың түстерінде көретін,
Көліктерді, тек мен мінем, шетелдік!
Қорықпаймын, бұл жалғанда ешкімнен!
Маған қарсы шығатындар, жоқ мүлдем!
Уайымсыздың көрген күнін кештім мен,
Сол себепті қайғырмаймын, көп күлем!
Тағдырыма дән ризамын өкінбен!
Мен мәңгілік бақыттымын, күмән жоқ!
Молда емеспін өткеніне өкінген,
Анау айтқан қателік пен күнәм жоқ!
Діндар байқұс қызық көрмей мұңайған!
Тәубені айтып, өз дініне уағыздар!
Сұрарым жоқ, жалбарынып Құдайдан!
Қайғым да жоқ көзден жасты ағызар!
Балам да бар шетелде алған білімі,
Өз қолында мекеменің тізгіні!
Қажет те емес, оған діннің ілімі,
Алмасақ та бақыттымыз біз мұны!
Ал әйелім отырыстың гүліндей,
Бір көргендер тамсанумен құлайды.
Ән шырқаса, құдды бұлбұл үніндей,
Мінсіз пері, ақауы жоқ, сынайтын?
Арманыма жеттім деумен көз ілген,
Кенет.... Бір түс көріп, қатты қиналды!
Жан азабын, мұң қайғысын сезінді,
Бар қасірет маңайына жиналды!
Өкінгендей, болғанына бір дінсіз
Аяқ асты бір сырқатқа кез болды.
Таныс-тамыр туыстары кетті үнсіз,
Тым нашарлап денсаулығы өзгерді!
Маңайына келмей қойды еш пенде!
Жұқпалы дерт бойлағанда денесін!
Тастап кетті әйелі, өзі көшкендей,
Бұзып, берген серті менен уәдесін!
Жалғыз қалып қателігін түсінген,
Шаңырағы моласына айналды!
Байлығымен жұрттың көзін түсірген
Берекелі үй бір-ақ күнде шайқалды!
Әйел, бала бар дүниесін талады,
«Өлесің ғой саған керек емес» - деп!
Тозағына айналды, өмір алаңы,
Көз алдына, жан азабы елестеп!
Жылады шын, тауқыметке шыдамай,
Жан қайғысын бір түс көріп, сезінді,
Сырқаты да емсіз болып, тұра алмай
Дінсіз күйде мәңгілікке көз ілді!
Жаназа деп ағылуда барша адам,
Өз өлімін өз көзімен көріп тұр!
Адамдар мәз, мәйіт басын қоршаған!
Құтылдық деп туыстар да келіп тұр!
«Көкем егер тәубе еткенде әттең-ай,
Имансыз боп өлмес еді, бұл жолда»!
Бір Аллаға құлшылығы жетпеді-ай,
Деп, дауыстап, уағыз айтып жүр, молда!
Жерлеп болып, істің соңы біткенде,
Барлық жұрты теріс елге бой алды.
Таңға жуық әйелі кеп түрткенде,
Шошып тұрып, ұйқысынан оянды!
Қиналған сәт ұмыт болды, аһ ұрып,
Бар уайымы түсі екен, мұңайған!
Әйелі мен балаларын шақырып,
Тәубеге кеп, жалбарынды Құдайға!
«Дінсіз өлсем қандай күйде болам-ай,
Енді білдім асыл діннің қадірін!
Құлшылықтан басқасына қарамай,
Жидым жетер, дүниенің барлығын!
Бостан-босқа сайран қуып жүріппін,
Әттең, неге құлшылыққа кешіккем?
Әсерімен, сәуле шашқан үміттің,
Тұрды-дағы беттеп кетті мешітке!
Күніне бір, назар аудар, өлімге!
Болары оның шындығында, ақиқат!
Құлшылық қып, иеленсең сенімге,
Сауап алып, қуанарсың бақида!
Иманменен ұштасса егер амалың,
Қияметте сәуле төгер, жәннат бақ!
Көрем десең Құдіреттің Жамалын,
Иман жолын қадірлей біл, ардақтап!
P. S.
Кез келгеннің әр ісінен сұрау бар!
Кешіреді Жаратқан Хақ, тәубе етсе,
Өлгеннен соң қабыл болмас жылаулар,
Құтқара алмас, абырой да, дәулет те!