Халифа Әбу Бәкірдің өсиеттері
Халифа Әбу Бәкірдің өсиеттері
11 жыл бұрын 5155

Екі қасиеттен абзал ештеңе жоқ: Аллаға иман келтіру және мұсылмандарға пайда тигізу. Екі нәрседен асқан жамандық жоқ: Аллаға серік қосу және мұсылманға зарар келтіру.

***

Қабірге жол азықсыз (ізгі амалдарсыз) кірген адам ашық теңізде кемесіз қалғанмен бірдей.

 ***

Пенденің тілі бұзылса, адамдар жылайды, ал егер жүрегі бұзылса, періштелер жылайды.

 ***

Үш нәрсенің қателігін толықтыратын үш нәрсе бар. Намаздың толықтырушысы – сәһу сәждесі, оразаның толықтырушысы – пітір садақа, қажылықтың толықтырушысы – фидия.

 ***

Бес нәрсе қараңғылық, бес нәрсе қараңғылықты сейілтетін шамшырақ: дүниені жақсы көру – қараңғылық, тақуалық оның шамшырағы, күнә – қараңғылық, оның шамшырағы – тәубә, қабір – қараңғылық, оның шамшырағы – калима (лә иләһә иллаллаһ...), ақырет – қараңғылық, оның шамшырағы – ізгі амал, сират көпірі – қараңғылық, оның жарығы – иман.

 ***

Ібіліс алдыңда тұр. Нәпсің сол жағында, оң жағыңда әуейлік (желік) тұр. Артыңда дүние. Дене мүшелерің жан-жағыңда. Бәрін көруші Жаббар иең төбеңде. Лағынат болар Ібіліс дініңді таста деп азғырады. Нәпсі асылыққа шақырады. Дүние ақыретіңді айырбастауға азғырады. Дене мүшелерің күнәға жетелейді. Жаббар Ие жәннатқа шақырады. (Алла өз кітабында: «Алла сендерді жәннатқа және жарылқануға шақырады» (Бақара-221) деген). Кім Ібілістің айтқанын тыңдаса, дінінен айырылады. Кім нәпсісін тыңдаса, сауабынан айырылады. Кім дүниені тыңдаса, ақыретінен айырылады. Кім дене мүшелерінің айтқанына ерсе, жәннаттан құр қалады. Кім Аллаға құлақ асса, жамандықтары жуылады, есепсіз қайырға кенеледі.

 ***

Сараң қайыр жасамайтын адамның тағдыры жеті жағдайдың біреуіне душар болады. Өзі өлгенде мирасқорлары мал-мүлкін теріс жолға жұмсап құртады. Ия болмаса малын біреулер тартып алады. Болмаса пайдасыз жерге ғимарат (әулие-әмбиелерге зират тұрғызу т.б.) салуға жұмсайды. Болмаса, құмархана-ойынханалар салып құртады. Болмаса мал-мүлкі табиғат апатына (топан су, жұт) ұшырайды. Немесе, созылмалы сырқатқа ұшырап пайда бермес емделуге жұмсалады. Немесе бір жерге жасырып қойып оны таппай қалады.

 ***

Кедейліктің нығметі – тілемсек болмау. Нығметтің нығметі – шүкірлік. Алладан қорқудың нығметі – шынайы көз жасы. Жақсылық жасаудың нығметі – міндетсінбеу.

 ***

Аллаға шынайы құлшылық қылушылардың сипаты: өзін-өзі төмен санайды, Алла жайлы ең жақсы ойда жүреді, садақа жасауда жомарт келеді, Алланың ризашылығы үшін жақсылық жасайды.

1 пікір