Бақыт, қайда барасың?
Бақыт, қайда барасың?
8 жыл бұрын 26157
Қаблиса (Қабан) жырау

- Бақыт қайда барасың?
- Ата-анасын сыйлаған,
Ұйымшылдық ойлаған,
Тату жанға барамын.

- Бақыт қайда барасың?
- Өсірген жақсы баласын,
Сыйлаған ата-анасын,
Көргенді ұлға барамын.

- Бақыт қайда барасың?
- Балбұл жанған көрікті,
Ұл мен қызы серікті,
Берекелі үйге барамын.

- Бақыт қайда барасың?
- Еш адамды күндемес,
Өсек отын үрлемес,
Әдепті үйге барамын.

- Бақыт қайда барасың?
- Ұлы, қызы есейген,
Ауыз бірлік күшейген,
Келінді үйге барамын.

- Бақыт қайда барасың?
- Шариғат сөзін тыңдаған,
0 дүниені ойлаған,
Аллаһты үйге барамын.

- Бақыт қайда барасың?
- Сыйлай білген молланы,
Діннің жолы қорғаны,
Бісмілләлі үйге барамын.

- Бақыт қайда барасың?
- Үйінде тұрған Құраны,
Расул Аллаһ ұраны,
Тәртіпті үйге барамын.

- Бақыт қайда барасың?
- Көршімен болған бірлігі,
Тағат, ғибадат тірлігі,
Ұйымшыл елге барамын.

- Бақыт қайда барасың?
- Тарауық намаз оқыған,
Көңіліне аят тоқыған,
Ниетті елге барамын.

- Бақыт қайда барасың?
- Сәресі, сахар ішетін,
Хақ жолына түсетін,
Сәресі ішуге барамын.

- Бақыт қайда барасың?
- Балбыраған бесікте,
Қайыры бар есікте,
Балалы үйге барамын.

- Бақыт қайда барасың?
- Келін мен қызы ибалы,
Ата-анасын сыйлайтын,
Сондай үйге барамын.

- Бақыт қайда барасың?
- Туысымен татулы,
Жаман сөз жоқ шатулы
Ынтымақты үйге барамын.

- Бақыт қайда барасың?
- Соғысқа құмар ойы жоқ,
Ұлан асыр тойы көп,
Бейбіт елге барамын!

1 пікір