Үш жүз сахабаның алып теңіз балығымен бір ай қоректенулері
Үш жүз сахабаның алып теңіз балығымен бір ай қоректенулері
3 күн бұрын 1137 islam.kz/
Сахабалар тарихынан бір оқиға

Ардақты сахаба Жәбір ибн Абдулла (р.а.) бастарынан өткен мынадай бір оқиғаны жеткізеді. Ол оқиға һижри 8 жылы орын алған екен.

 

«Алла елшісі (с.а.у.) бізге Әбу Ъубайданы қолбасшы қылып, Құрайштың сауда керуенін аңду үшін сапарға жолдады» деп бастайды Жәбір ибн Абдулла (р.а.). «Алла елшісі бізге бір дорба құрма берді, одан өзге ас таппаған еді. Басшымыз Әбу Ъубайда (р.а.) әрқайсымызға бір-бір құрмадан ғана беріп тұрды». Сонда сахабаның әңгімесін тыңдап отырған табиғин Әбу Зубәйр (р.а.): «Бір құрманы қалай талғажа еттіңіздер сонда?» деп сұрағанда Жәбір ибн Абдулла: «Біз сәби сияқты құрманы соратынбыз, сосын артынан су ішуші едік. Сол бізге күні бойына жететін. Және таяқпен ағашты қағушы едік. Одан түскенді суға жібітіп, жейтінбіз» деп жауап бергеннен кейін, әңгімесін әрі қарай былай өрбітеді:

«Теңіздің жағасына келдік. Теңіздің жағасында үлкен бір құм төбесі секілді дөңкиген таушық көрінді. Барып қарасақ «әл-Ъанбар» деп аталатын бір алып балық екен. (Басшымыз) Әбу Ъубайда: «Бұл өлексе» деді (өлексені жеуге болмайтынын ымдап). Бірақ артынан: «Жоқ. Біз Алла елшісінің (с.а.у.) елшілеріміз және Алла жолындамыз, әрідесе, (жеуге тамақ таппай) зәру жағдайдамыз. Сондықтан, жеңдер!» деді. Сол жерде үш жүз адам алып балықты қорек қылып бір ай тұрақтадық. Бойымызға ет бітіп, семірдік. Сосын көзінің шұңқырынан үлкен құмыраларымызға май құйып алдық әрі бойынан бұқаның көлеміндей қылып үлкен көлемде ет кесіп алдық.

Әбу Ъубайда арамыздағы он үш адамға алып балықтың көзінің шұңқырына отыруды айтты (яғни, балықтың үлкендігін сүйреттеп беріп отыр, он үштің бәрі балықтың көзінің шұңқырына сыйып кетті дейді-ауд.). Артынан оның қабырғасының бірін алып (жерге қойды). Сөйтіп түйелеріміздің ең бигін астынан өткізді. (Биік түйе балықтың қабырғасынан еркін өтіп кетті, соншалықты алып балық болған).

Кепкен балық етінен қамданып алдық (та жолға шықтық). Медине қаласына келгенімізде Алла елшісіне (с.а.у.) барып, әлгі балық жайында әңгімелеп бердік. Сонда Алла елшісі: «Ол - Алланың сендерге берген ризығы еді. Оның етінен қалды ма? Бар болса бізге де ауыз тигізіңдер» деді. Алла елшісіне (с.а.у.) балықтың қалған етінен беріп жібердік. Алла елшісі одан жеді»1.


1  Имам Мүслім: «Сахих Мүслім». №1935.

 А. Қасым

 

0 пікір