Неге екенін бала кезімнен белгілі қоғам қайраткері Мұстафа Шоқайдың Гитлермен тізе біріктіргені мені қатты таңғалдыратын. «Ата жауымызбен» дос қазақ! Есейе келе 1941 жылы Шоқай өлмегенде тәуелсіздікке қол жеткізуіміз мүмкіндігі туралы әр-әр жерден ести бастадым. Қызық! Біздің халық ондай тұлғаларының артынан аңыз ертуге құмар ғой. Шоқай ақталып, есімі еліне қайтқан соң оның әр әрекетін халық аңызға айналдырды. Оның “Түркістан” идеясы жүзеге асуы мүмкін немесе мүмкін емес еді деп қазір айта алмаймыз. Бастысы – оның ниеті, Алаш зиялылары елде қалып, жаппай атылып кеткенде, оның шетте жүріп жүргізген толассыз күресі...
Атасы Торғай датқа екі рет қажылыққа барған
Мұстафа Шоқай 1890 жылы 7 қаңтарда бұрынғы Ақмешіт, қазіргі Қызылорда қаласына жақын жердегі Наршоқы ауылында дүниеге келген. Атасы Торғай датқа – Қоқан хандығында жоғары әскери шенге ие, би болған адам. Белгілі мұстафатанушы ғалым Дархан Қыдырәлі: «Қажылыққа екі рет барған Торғай датқа Жұмық бидің қызынан туған ұлының атын «Шоқмұхаммет» деп қойған екен. Пайғамбар атын жөнсіз айтудан именетін әдетпен жеңгелері оны еркелетіп «Шоқай» деп атапты», – деп жазады өзінің «Мұстафа Шоқай» атты кітабында. Төрт ұлдың ішінде өзгеше туған Шоқай да әке жолын қуып, ел ішінде би атанады. Шоқай бидің бәйбішесінен баласы болмай, тоқалдыққа Бақтыны алып, одан бес бала сүйген екен. Сол бес баланың бірі – Мұстафа екі ананың ортасында тел өскен, ерке болған. Айдаладағы қазақ ауылдарының білімге құштарлығын айтсаңызшы, Мұстафаның өз анасы Бақты араб тілін жақсы білген деседі. Мұстафа алғашқы білімді сол анасынан алған. Оған Мария Шоқайдың күйеуі туралы естеліктеріндегі мына жолдар дәлел: “Мұстафаның айтуынша, ол оқу-жазуды өз анасынан кішкентай кезінде, жасы беске толмай жатып-ақ үйренген. Бес жасында домбыра тартуды игерген. Мұстафаның есту қабілеті жоғары болған, музыканы өте жақсы көрген”, - делінеді.
Сауатын Құранмен ашқан Мұстафа
ХІХ ғасыр соңы, ХХ ғасыр басындағы қазақ зиялыларына тән бір дүние олар балаларын алдымен мұсылманша оқытып, кейін орыс білімін үйренуге жіберген. Бұлары таразының басы орысқа қарай ауып бара жатқанын сезгеннен болса керек. Мұстафа да осы жолмен жүрді. Зеректігі, алғырлығымен көзге түскен ол немере ағасы Әлмұхаммет ашқан мектептен, Құранды жатқа білетін, ауыл құрметтеп “Қари” деп атайтын түрік мұғалімінен сабақ алады. “Әуелі арабша қаріп таныған Мұстафа Құранды қырағат-мақамымен нәшіне келтіріп оқитын. Баланың даусы тыңдаған кісілердің сай-сүйегін сырқыратады. Ол ұзамай ғылымхал мен әптиекке түсті. Сосын Ахмет Ишаннан Чар кітап, Мырза Бедил, Сопы Аллаяр сияқты күрделі кітаптарды оқыды”, - деп жазады Дархан Қыдырәлі аталмыш кітабында.
Заманының аңысын аңдаған Шоқай би баласына мұсылмандық білімнің аздық ететінін түсінді. Түсінді де Ақмешітке апарып орыс мектебіне бермек болды. Бірақ оны ұқпаған ағайындары: “Бидің мұнысы несі? Баланы шоқындырып, мұсылмандықтан кеткелі жүр ме? Тәп-тәуір Құран оқып жүрген бала орыс болып кетпей ме екен?”- деп сынап жатты. Сол сөздерді естіп қорқақтаған Мұстафаның көңілін Шоқай би: “Сен Ақмешітке орыс болу үшін емес, оқып, білім алу үшін барасың. Орысша оқығанның бәрі діннен шыға ма екен? Құдайға шүкір, мұсылманша хат танып, Құранды жақсы меңгердің. Енді заман талабына орай орыс тілін де үйренуің керек. Орыс тілін білсең – ұлық болып жұртқа пайдаң тиеді. Онда анау малы мен жері тоналып, өзі қаналып, итжеккенге айдалып жатқан ауылдастарыңа болысасың”, - деп орнына түсіреді. Ақмешітте екі жыл білім алған Мұстафа 1902 жылы Ташкент гимназиясына оқуға келеді. Ғалым Д.Қыдырәлі Мұстафа өмірінің бұл кезеңі туралы: “Жасы екінші мүшелге енді аяқ басқан ұлына “орыстың оқуы өтіп кетпес” үшін әкесі сақтық жасап, оны жақын маңдағы мұсылманша дәріс беретін діни мектепке тіркеп қойды”, - деп жазады. Шоқай бидің бала болашағына бей-жай қарамай, тамырынан алыстап кетпес үшін жасаған бұл әрекеті кейін өз жемісін берді. Ташкентте оқып жүріп-ақ Мұстафаның елден келген ауылдастарына олардың арыз-шағымын жазуға көмектесіп, пайдасы тиіп жатты. Гимназияда жақсы оқығанына қарамастан, “бұратана халықтың өкілі” болғаны үшін алтын медальдан қағылып, күміс медаль алса да оның “заңгер болып, елімнің қажетіне жараймын” деген асқақ арманына ешкім қарсы тұра алмады. 1910 жылы 2 маусымда аттестат алып шыққан ол, дәл сол жылдың күзінде Петербург университетінің заң факультетіне оқуға түседі.
Студент Мұстафа
Ар азабын тартқан Мұстафа
Мұстафа Шоқай – өзі шыққан өңірдегі жоғары оқу орнына түскен алғашқы қазақ еді. Ол бірден Петербург жастарымен аралас-құралас болып, зиялы қауымға тез сіңісіп кетеді.
Иман ол кездегі қазақтың қанына сіңген еді ғой. Қазақ ол уақытта әділетсіздік жасауға бармайтын, өтірік айтуға ұялатын, арлы азаматтарын құрметтейтін. Университеттегі сабағын жақсы оқыған Мұстафа өзінікін тапсырып болғаннан кейін кей таныстарының орнына емтиханға кіріп, оларға жақсы баға алып береді екен. Бірде осындай әрекеті үстінде емтихан қабылдаушы профессор танып қойып, ұсталып қалған Мұстафа қатты ұялып, тіпті ар азабын тартып, ауырып та қалған көрінеді. Күніне қаншама өтірікке баратын бүгінгі қазақтың ар алдындағы соты қалай болар екен?!
1912 жылы Осман мемлекеті мен Болгария, Грекия және Сербия арасында болған Балқан соғысы Петербург студенттерінің арасында толқу тудырды. Олардың “Аясофия мешітінің үстіне крест асу” туралы көтерген ұрандары мұсылман жастарының ашу-ызасын тудырып, ереуілге шығарады. Қарсылық білдіріп, ереуілге шыққандардың арасында студент Мұстафа да бар еді. Осы әрекетінен-ақ, Мұстафаның мұсылман әлемінде болып жатқан елеулі оқиғаларға бей-жай қарамағанын байқаймыз.
Мұстафа Алаш қайраткерлерінің ортасында
Мұстафаның Алаш көсемі Әлихан Бөкейханмен қалай, қашан танысқаны туралы нақты дерек болмағанымен, Петербургке келген кезінен бір-бірін жақсы білетіні анық байқалады. Мұстафаның “Қазақ” газеті жарық көргенде қуанып, Петербургтегі бір топ қазақ жастарын жұмылдырып, редакцияға хат жазуы – соның айғағы.
1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс орын алғанда Әлихан Бөкейхан бастаған зиялылар, оның ішінде Мұстафа Шоқай да бар, мұны қолдамады. Олар халықты қырғыннан аман алып қалудың амалын жасаумен болды. Сол уақыттары Мұстафа оқуын да уақытша тоқтатып, құқық саласын жақсы меңгергені үшін Мемлекеттік думадағы мұсылман фракциясы жанындағы бюроға өкіл болып қабылданады. Оның бюроға енуіне де “Қазақтың” басшылары, яғни Әлихан бастаған топ ықпал етеді. Бұл туралы “Қазақ” газетінің 1916 жылғы санында: “Мұсылман фракциясы қасындағы бюроға қазақтан кісі қоюға жұрт қаулы қылғанда Бөкейханов баруын ұнатып, екінші адамның баруын қаржы қанша табылуына қаратып еді. Мұстафа Шоқаев мұсылман комитеті ашылғаннан бері сонда қызмет етуші еді. Екінші кісіге бюро адамдары студент-юрист Мұстафа Шоқаевты лайықтады. Бюро адамдары Мұстафаның осы қызметке кәміл жарайтындығын біліп лайықтап отыр. Олар жаратып жұмысқа шақырып отырған адамын біз де жарайды деп білеміз һәм бюроға қойылатын екінші адам Мұстафа Шоқаев болуын ұнатамыз”, - деп жазды. Ресей мемлекеттік дума қызметіне кіріскен Мұстафа думадағы депутаттарға баяндамалар дайындап беріп отырған.
Ұлт зиялыларымен
Мұстафаның түркі халықтарын біріктіруге ұмтылуы
Ал ақпан төңкерісінен кейін М.Шоқай Түркістан автономиясын құру туралы ойлай бастайды. Жүзеге асқанында бұл бір керемет идея еді. Мақсаты – түркі халықтарының басын біріктіру еді ғой. Өзі Ташкентте өткен құрылтайда сөйлеген сөзінде: “Төңкеріс бізге азаттық пен ұлттық белсенділікке жол ашқандай көрінді. Бірақ ұзақ жылдар қараңғыда қамалап қалған кісінің бірден жарыққа шыққанда көздері қармасатыны сияқты, талай заманнан бері патшалық отарлық саясаттың қапасында тұншыққан біз төңкерістен келген бостандықтың жарығына шыққанда көзіміз қамасып, бірден тура жол тауып кете алмадық”, – дейді. Сол «тура жолды» халқына Мұстафа көрсетуге тырысты. Тегі бір, тілі бір, діні бір ұлттарды біріктіруге барын салды. Ғалым Дархан Қыдырәлі Мұстафа туралы 2011 жылы «Аңыз адам» журналына берген сұхбатында осы мәселені нақтылай түседі: Шоқай діннің халықты біріктірудегі рөлін жіті сезіне білді. Мысалы, Мұстафа Шоқаймен 1938 жылы Цюрихте жасырын кездескен жапон елшісі: «Орталық Азияда ынтымақтастық орнатуға ұлттық фактор, яғни туысқандық, тек жағы үлкен ықпал ете ме, әлде дін факторы көбірек әсер ете ме?» – деп сұраған. Сонда М.Шоқай: «Әрине, дін. Өйткені, Орталық Азияда да түрлі халықтар тұрады. Және де түбі бір түркі жұрты болғанымен де, мұндағы туыс халықтар жеке-жеке ел ретінде қалыптасқан, өзіндік мемлекеттік дәстүрлері бар. Ал дін илаһи, көктен келген әмір болғандықтан, бәрі де мұсылмандық қағидаға қалтқысыз сенеді. Құбыла – жалғыз, дін – ортақ, пайғамбар – хақ болғандықтан, ортақ рухани құндылық баршасын бір бәтуамен біріктіре алады. Сондықтан Орта Азия халықтарын біріктіруде түрікшілдікке қарағанда дін факторы көбірек ықпалды бола алады», – деп жауап берген. Осыған қарап-ақ біз Шоқайдың дін саясатына қаншалықты мән бергенін байқаймыз». Сонымен қатар Мұстафаның 1917 жылы 12 наурызда құрылған “Шура-и Ислам” ұйымына да жетекшілік еткені де таңғаларлық жағдай.
Мұстафа – Алашорда үкіметінің Сыртқы істер министрі
Мұстафа Қазақстанның жеке ел болып суырылып шығып, алып империяға қарсы тұра алмасын білді. Ортақ дүниесі көп түркі халықтарының басы біріксе, бір нәтиже шығарына сенді. Ал Әлихан бастаған Алаш басшылары олай ойламады. Түркістан халқының бірігіп, бір шаңырақ астында өмір сүруі мүмкін еместігін, оған Мәскеудің жол бермейтінін жақсы түсінді. Екі көсемнің пікірі осы жерден қақ айырылды. Ақыры 1917 жылы 21-26 шілдеде Орынборда өткен жалпы қазақ съезінде Әлихан мен Мұстафа кездесіп, қазақ елінің болашағын кеңінен талқылады. Байламды пікірлері арқылы өз уәждеріне сендірген Әлихан ақырында Мұстафаны Алаш жағына шығарды. Жаңадан дүниеге келген Алаш автономиясының құрамына кірген Мұстафа, Алашорда үкіметінің Сыртқы істер министрі болып тағайындалады. Сонымен қатар, Ташкентте құрылып жатқан Түркістан автономиясының да сенімді өкілі Мұстафа болатын. Екі қазақ зиялысының ұлт үшін бір үдеден шығуы, бір келісімге келуі айналасындағыларға да қуаныш ала келді. Әрине, аяқтан шалып, етектен тартқысы келгендер де болмай қалған жоқ. Әсіресе, көтеріліс басшысы Амангелді Иманов бастаған бір топ адамның Мұстафаға келіп “Төре Әлихан бастаған арғындар үкіметіне қарсы күреске” шақырғаны, оған Мұстафаның: “Ағалар, сіздер не деп тұрсыздар? Мұндай сын сағатта, елдің тағдыры анықталар тұста, Түркістанның ұлт-азаттығы жолында білек сыбанып күреске түскен шақта қыпшақ, арғын деп бөліну былай тұрсын, тіпті қазақ, өзбек, түркімен болып бөлінудің өзі өліммен тең емес пе?!” – деп жауап беруінің өзі Мұстафаның ұлт үшін басын бәйгеге тіккенінің айқын көрісі.
Алаш зиялылары да, Мұстафа Шоқай да дегеніне жетпеді. Мұстафа алаштықтар секілді елде қалып, не де болса бір көруді емес, сыртқа шығып, тал қарманып болса да әрекет жасап қалуға талпынды. Біреулер айтып жүргендей «өзін өлімнен арашалау» үшін емес, халқына әлі де бірдеңе жасай алармын деген үмітпен кетті.
Париж, 1930 жыл
Орыс әйелі Мария мұсылмандықты қабылдады ма?
Марияны 1916 жылдан, студент кезінен танитын Мұстафа басына іс түсіп, Ташкенттен қашатын кезде қайта кездестірді. Марияның күйеуінен ажырасқанын білген соң, оған өзіне тұрмысқа шығуға ұсыныс жасайды. Орыс қызын ұнатып, оған үйленгісі келіп тұрғанымен, Мұстафа дінге келгенде табандылық танытады. Қиын-қыстау заманға, өзінің қашып жүргеніне қарамастан болашақ жарынан мұсылмандықты қабылдауын талап етеді. Бұл туралы Мария өзінің 1963 жылы жазған естелігінде: “Біз Мұстафа екеуміз үйленбекші болдық. Екеуміздің дініміз екі бөлек болатын, мен – христиан, Мұстафа – мұсылман. Мұстафа менің мұсылман болуым керектігін айтып тұрып алды. Бір күні ескі күймеге отырып, ескі шаһарға бардық. Ол жерде имам біздің некемізді қиды. Екі өзбек куәлік етті. Бұл 1918 жылдың 18 сәуірі еді”, - деп жазады. Осы дерекке қарап-ақ, Марияның Исламды қабылдағанына шүбә қалмайды. Тіпті ол үйленгендерінен кейін Мұстафаның ауылына барғанда орамал тартып, дәрет алғаны туралы да жазады: “Мұстафа алғашқы аялдаманы имамның ауылында жасайтынымызды айтты. Имам қазақша дін қызметіндегі адам дегенді білдіреді. Мұстафа “Қазір оның ауылына жаяу жүріп баруымыз керек, басыңа жаулық салып, қазақ әйелдері сияқты үстіңе камзол киесің, қол-аяғың көрінбейтін болсын”, - деп түсіндірді. Қазақ әйелдері салт бойынша бастарына үлкен ақ жаулық байлайлы. Менде орамал үшін пайдалана қоятындай ақ төсек жаймасынан басқа ештеңе жоқ еді. Соны басыма байлап алдым. Үстіме түлкі терісінен жасалған тонымды киіп алдым. Мұстафа маған имамның үйіне қалай кіруім керектігін түсіндіріп, ішке еніп кетті. Мен киіз үйге елу адымдай жетпей тұрып қалдым. Біраз тұрып қалғандай едім. Ми қайнатқан ыстықта үстімдегі киімім де әбден абыржытты. Қазақ әйелдері бет-жүзін жауып жүрмейді, үнемі ашық ұстайды. Қазақтар әйелді өте құрмет тұтады. Еркектер өз араларында әйелдер туралы әңгіме айтпайды. Мұстафа әлі имамның жанында, мен сыртта тұрмын. Біраздан кейін киіз үйден бір топ адам шыға келді. Мен де оларға қарсы жүрдім. Мұстафаның айтқанын орындауға тырыстым. Өмірімде бірінші рет қазақтардың киіз үйін көрдім. Тазалығына таң қалдым. Сөздің шыны, біз қатардағы бір адамның емес, имамның үйінде едік. Жас қыздар өз араларында сыбырласып, ара-тұра маржандай тістерін көрсетіп күліп қояды. Мен де оларға қарап күлімсіредім. Осылайша арамызда үнсіз достық байланысы пайда болды, мен жуынғым келетіндігімді айтып су сұрадым, әрине, ыммен. Маған бір құмғанмен ыстық, екіншісімен салқын су әкелді. Олардан үйден шыға тұруларын өтіндім. Олар шығысымен дәрет алдым”.
Жұбайы Мариямен
Мұстафаға имамның бата беруі
Мұстафа алғашқы аялдаманы имам ауылынан бекер бастаған жоқ. Жаңа шаңырақ көтеріп жатқан адам ретінде аузы дуалы имамнан бата алғысы келді. Және ол ниетінің оңынан орын алғанын да Марияның жазбаларынан көреміз: “Көпшілік алдымен дәрет алып, сонан соң бәрі бірдей намазға тұрды. Намаздан кейін еркектер жағы түйелерге қарай беттесе, әйелдер жағы қойлар мен сиырларды саууға кірісті. Мұстафа мені қасына шақырып алды да екеуміз әрі-бері жүріп сейілдедік, ол маған бұл жердегілердің бәрі менің орамал тағысыма, қимыл-әрекеттеріме ырза болғанын айтты. “Бұл уақытқа дейін олар орыс әйелі туралы басқаша пікірде болатын. Өз ұлтымның өкіліне үйленбеуім оларда реніш сезімін тудырғанымен, аз уақытта еуропалық әйелге азиялық әдеттерді қабылдата алғаным үшін мені кешіріп, саған құрметпен қарай бастады. Мен имаммен Петербургтағы өмірім туралы көп әңгімелестім. Ол өте ақылды кісі Үш рет Меккеге барған. Түрлі елдердің адамдарымен танысқан Өзге елдердегі мұсылмандар туралы айта келіп, маған егер сіз бақытты болсаңыз, мен сізбен келісемін, жұбайыңыз өле-өлгенше жолдасыңыз болсын деді. Көрдің бе, сүйіктім, екеуіміздің қосылуымызды рухани ықпалы күшті адамдар да қостады”. Имамның Мұстафаға берген батасы қабыл болды. Қазаққа келін болып, мұсылмандықты қабылдаған орыстың ізгі ниетті сол бір қызы Мұстафаға өле-өлгенше жолдас әрі сүйеніш бола болды.
Жұбайы Мариямен Парижде
Париж – “Түркістанның уақытша астанасы”
Мұстафа мен Мария Кеңес үкіметі шекарасынан қашып шығып, Баку, Тблилиси, Ыстамбұл асып Парижге орын тепті. Еуропаның жүрегіне айналған Парижде өмір сүру, ол жаққа орнығып кету оңай болмады. Бір кездегі Алаш үкіметінің Сыртқы істер министрі ақшалары таусылғанда ас пісіріп, оны сатып күн көріп жүрген жұбайына көмектесуге де намыстанбады. Инфляция кезінде Берлинге барып тұрған бұл отбасы ақырында 1923 жылы Париждің шет аудандарындағы Ножанға келіп қоныстанды. Ол туралы тарихшы Әбдіуақап Қара: “Ножанның аты уақыт өте келе Шоқайдың француз достары арасында ерекше мән-маңызға ие болды. Олар бұл ауданды Түркістанның уақытша астанасы деп санады. Өйткені Шоқайдың үйіндегі әңгімелер көбінесе Түркістан тарихы мен мәдениетіне қатысты еді. Сол себепті француз достары Шоқайды көру үшін Ножанға баратын кездерінде “Түркістанның уақытша астанасына бара жатырмыз” дейтін”, - деп жазды өзінің “Мұстафа Шоқай” атты кітабында.
Мұстафа Еуропаға келгеннен кейін де азаттық үшін күресін тоқтатқан жоқ. 1929 жылы “біртұтас Түркістан” деген мағынаны беретін “Жас Түркістан” газетін ашып, алғашқы санында: “Біз келешекте Түркістанымызды бөлінбес біртұтас ұлттық мемлекет түрінде көргіміз келеді”, - деп жазды. Газеттің 1929-1939 жылдар аралығында 117 нөмірі жарық көрді. Бір адамның тұтас бір редакция істейтін жұмысын жалғыз өзі атқарып, талмай қажырлы еңбек етуі таңғаларлық жағдай еді!
“Біз құл боп тұра алмаймыз” деп ұрандатқан Мұстафа
Мұстафа өзі шығарған газетте ұлт тағдыры, Түркістан идеясын жиі көтерді. Алыста қалған еліне газет арқылы үндеу тастады. 1930 жылы жазған мақаласында: “Атамекендегі және шеттегі Түркістан жастары! Сіздің шетте жүрген туыстарыңыз қаражат жетіспеуінен басқалардың есігін қағып жүрген кезде, Кеңес үкіметінің талабы бойынша халқымыздың қаржысы орыс студенттерін оқытуға судай ағып кетіп жатқаны туралы ойланыңыздар және осыны ұмытпаңыздар!” – деп, өзі шығарып отырған газеттің елге жететіне сенді. “Шовинизм туралы” мақаласында: “Біз өзіміздің ұлттық еркіміз бен тәуелсіздігімізді талап етеміз. Біз миллиондаған бауырларымыздың қандары төгілген, сүйегі жатқан ұлт азаттығы жолымызда орыс үстемдігі, ұлы орыс шовинизмімен бетпе-бет келіп отырмыз. Біз бұл үстемдікті аударып тастап, оның орнына түркістандықтардың билігін орнатуымыз керек” десе, енді бірде: “Біз құл боп тұра алмаймыз. Біз ұлт азаттығымызды аламыз. Мәскеудің “азабынан” құтылып, ұлт азаттығымызға тезірек қол жеткізетін бірден-бір дұрыс жол – түрікшілік жолы”, - деп ертеңіне сенім білдірді. Алыстан талып жеткен Мұстафаның үні 20 жыл бойы бір толастамады.
Мұстафа Шоқай мақалаларында дін мәселелері де жиі көтеріліп тұрды. Әсіресе 1920 жылы Түркістанда болған жер реформасына қазақтарды қалай көндіргені турасында: “Дінді апиын деп санайтын Мәскеудің дінсіздері ақырында мұсылман дінбасыларын жер реформасына бата беруге мәжбүр етті. Дін басылары жер реформасын діни тұрғыдан ақтау үшін дін кітаптарынан “бәтуалар” іздеп тапты. Бұл науқан шариғатқа, Имам ағзамның өсиеттеріне қайшы келмейтінін “дәлелдеді”, - деп жазды. Ал Токиода түрік тілінде шығатын “Жапон тілшісі” журналының 1931 жылғы сәуір айында жарияланған “Жапонияда тұратын мұсылмандар және Токиодағы Ислам махалласы” мақаласын өз газетіне қайталап басты. Онда: “Жапонияда 500-ге тарта мұсылман тұрады. Олардың бәрі Ресейден Манжурияға барып, одан Жапонияға өткен түріктер”, - деген жолдар бар еді. Ары қарай тіпті Токио басшылығының мұсылмандарға қабірлік жер беретіні де айтылған. Одан Мұстафаның өзге елдердегі түркі, мұсылман халықтарының жағдайларына деген қызығушылығымен қатар алаңдаушылығын да байқаймыз. 1936 жылы жарық көрген “Табыс мерекелері” атты мақаласында Сталиннің жеке басына табынуды сынап: “Интернационал” гимнінде: “Алла да, патша да немесе басқа бір қаһарман да бізге азаттық әпере алмайды”, - делінеді. Дұға мен сүренің орнына осы гимнді оқып, осы гимнді айтатын кеңестік Ресейде “халықтар көсемінсіз” ештеңе болмайтыны, тіпті шошқалар торайламайтыны, сиырлар бұзауламайтыны, мақта да өсіп-өне алмайтыны шынында таңқаларлық”, - дей келіп, большевиктердің Сталинді мысырлықтардың перғауыны секілді көтеретінін айтады, өзін Тәңір санаған перғауын өмірінің қалай аяқталғанынан мысал келтіреді. Ал Дархан Қыдырәлі оның Еуропада, әсіресе, эмиграциядағы орыс басылымдарында Ислам дініне қарсы мақала шықса, қолынан келгенше соған жауап бергенін айтады. Мәселен, ол бір мақаласында жалаға жауап ретінде, әйгілі Александрия кітапханасын әзіреті Омар халифтың қиратпағанын, оның әсіре христиандар тарапынан өртелгенін дәлелдеп жазған.
Үміті үзілмеген Мұстафа
Қазақта “Үмітсіз – шайтан ғана” деген сөз бар. Алла Тағала да пенделеріне қай істе болмасын үміт үзбеуге бұйырады. Дегенмен 15 жыл бойы бір дүниені аңсап, ол орындалмаса қай адам болмасын үмітін үзе бастайды ғой. Ал Мұстафа үміті бір сәтке де үзілмейді. “1937 жыл” атты жазбасында: “Үміт, сенім, иман – ұлттық күреске бел байлап кіріскен адамдар үшін аса қажетті қасиеттер. Біз барлық отандастарымызды үміт, иман, сенім тәрізді моральдық күш пен ғылыми-техника күшін бірлестіре отырып, ұлт азаттығы жолында жұдырықтай жұмылуға шақырамыз. 1937 жыл жат жұрттарда сергелдеңде өткізген өміріміздің соңы, азат, еркін өміріміздің басы болғай”, - десе, “1939 жыл” атты жылашар жазбасында: “Отанымыздың сыртында өткен тағы бір жыл артта қалды. Біз әр жолы жаңа жылды үміт және сеніммен қарсы алып келдік. Бірақ үмітіміз ақталмады. Соған қарамастан біз үмітімізді жоғалтқанымыз жоқ. Сеніміміз де жылдан жылға күшейіп келеді”, - деп жазады. Байғұс Мұстафа! Арманының тек жарты ғасырдан соң орындаларын, ал өзінің елін сүйген жүрегі жат жұртта мәңгілікке тоқтайтынын сезбеді де ғой. Әйтпесе, ол елін сағынбады деймісіз, қазақтың кең сахарасының ауасымен бір тыныстауды аңсамады деймісіз?!
Құранды жиі оқитын көркем мінезді Мұстафа
Жан жары Мария Мұстафаның қанша қиыншылық көрсе де, шетте жүрсе де барлық ізгі қасиеттерді бойына сіңірген жан болғанын айтады. Тіпті саясаткерлерге тән қаталдық, қаттылық секілді мінездер Мұстафаға жат болыпты. Мария Шоқай: “Саясатшылардың арасында соғысты жақтайтындар да, бейбітшілікті жақтайтындар да бар. Мұстафа Шоқай бейбітшілікті жақтаушы ұлтжанды саясаткер еді. Оның мінезі өте көркем және нәзік болатын. Оның шовинистерге немесе басқа ұлт өкіліне титтей дұшпандық ойы болмаушы еді. Түрлі саяси көзқарастағы адамдарды және олармен пікір таластырғанды ұнататын. Өте сабырлы болып, қарсыласының пікіріне құрмет көрсететін. Ең үлкен кемшілігі – оның сенгіштігі еді, осы тез иланғыштығының кесірінен үлкен қиындықтарға да ұшыраған”, - деп, сенгіштігінің кесірінен талай алданып қалғанын да жеткізеді. Енді бірде: “Саясат адамы Мұстафа Шоқай шенқұмарлықтан аулақ болатын. Бірақ өзі қаламаса да алдыңғы қатарда болуға мәжбүр еді. Мұстафа Шоқайдың бойында саяси менмендік атымен жоқ-тын. Саяси интригаларды жаны сүймейтін, ал жағымпаздық ол үшін өзін-өзі қорлаумен бірдей еді”, - деп жазады.
Мұстафа эмиграцияда жүрген кезінде Құранды да жиі оқып тұрыпты. Тіпті әр сөзіне ой жүгіртіп, Інжілмен салыстыра оқиды екен. Жұбайының естелігіне сүйенсек, онда: “Ол көбіне қолына Құран мен Інжілді алып салыстырып отыратын. Мұстафа арабша білмейтіндігіне өкінетін, француз тілінен Құранды аударып оқитын. Оның арабша Құраны да бар еді”, - делінеді. Осы естелікке қарап, Мұстафаның тәжуид білгенімен, араб тілін жетік меңгермегенін байқаймыз.
Парижде Мұстафа мен Мария әр күнін Аллаға тәуекелмен өткізіп жатты. Тіпті 1939 жылы соғыс басталып, ол кездегі көңіл-күйлері туралы Мария: “Мен болған оқиғаларға онша мән бермедім, болатын нәрсе бәрібір болады, оны ешкім де өзгерте алмайды. Мен көптен бері барлық нәрсе Алланың жазмышынан болады деп ойлайтынмын”, - деп жазса, енді бірде: “Құдай мені әруақытта сақтады. Мен осыған сенемін. 1939 жылғы соғыс басталғанда “Ұшақтар өте биік ұшатын. Біртіндеп біздің оған да бойымыз үйрене бастады, сигнализацияны есіте салысымен подвалға түсетінбіз де, Алладан тілек тілейтінбіз”, - деп еске алады.
Тұтқындағы түркістандықтар үшін неміс халқына қарсы шығу
Соғыс басталғанда Мұстафа бір қуанды, бір мұңайды. Көкірегінде ұлтын азат етудің үміті пайда болғандай еді. Осы кезде неміс өкіметі Мұстафаны бірігіп жұмыс істеуге Берлинге шақыра келді. “Тұтқындағы отандастарымның хаттарын аударуым керек. Маған радиода сөз сөйлеуге ұсыныс жасалды, бірақ мен түркістандық тұтқындармен әзірше кездеспейтінімді, радио арқылы оларға ештеңе айтпайтынымды кесіп айттым. Мен лагерьде Түркістан туралы дәріс оқуым керек болатын. Алдағы уақытта тұтқындармен кездесуді ойлап толқып жүрмін. Олармен түсінісетін ортақ тіл таба аламын ба? Жастар мен туралы ештеңе білмейді. Менің шет жерлердегі қызметтерімнен тіпті бейхабар. Сондықтан да осыны ойласам толқып кетемін”, - деп аттанған Мұстафа, тұтқындағы отандастарының ауыр жағдайын көріп, қатты қынжылады. Әсіресе сүндеттелгені үшін мұсылман тұтқындарды еврейлер деп атып жатқанын көргенде қатты қайғырып, талайына араша да түсті. Тұтқында жүріп Шоқайдың көзін көрген, кейін елге қайтып келген тұтқын Мақсұт Нәбиев: “Бір қазақ зиялысы келіп, түркі тектес тұтқындардың барлығын бір жерге жинады. Оның сол кезде дәл не айтқаны есімде жоқ. Бірақ сөздері жүрегімізге жылы тиді. Айтқан пікірлері ұнады. Оның қарапайым кісі еместігі, өте мәдениетті жан екендігі көрініп тұрды. Кейіннен білдік, ол кісі Мұстафа Шоқай екен”, - деп жазды өз естелігінде. Мұстафа Шоқайдың сол кезде тұтқындар алдында сөйлеген сөзі мынау болатын: “Менің сүйікті отандастарым! Сіздерге қарап менің жүрегім қан жылап тұр. Сіздер темір тордың ар жағында азап шегуге тиіс емессіздер! Жоқ! Алла Тағала Түркістанның ұлан-ғайыр төсінде еркін өскен ұланның тілеуін берсін. Жаратқанның жәрдемімен сіздердің немістерге тұтқын болудан құтылып, өз отбасыларыңыздың жанында бейбіт өмір сүретіндеріңізге менің сенімім кәміл. Менің ойымша, сіздердің араларыңызда ынты-шынтысымен берілген коммунист яки комсомол жоқ. Сіздер өзінің отаны бар біртұтас ұлттың ұланысыздар. Сондықтан біздің бір отбасының балаларындай бір-бірімізге бауыр басуымыз керек. Біздің келешек отанымыз – ұлы Түркістанды құру үшін сіздерді түрлі мамандықтар бойынша жұмысқа орналастырып, шеберліктеріңізді шыңдау – менің ең негізгі мақсатым болмақ!”.
“Бір айда қайтып келемін” деп кеткен Мұстафа Берлинде бірнеше ай тұрақтап қалады. 1941 жылдың қараша айында Марияға жазған хатында, тұтқындардың “аштықтан өз жолдастарының жүрегі мен өкпесін жегенін, сықырлаған аязда жалаңаш қалпы тек құдықтарды паналағанын, құдықтың қабырғаларын жаңбыр мен қардан қорғану үшін қолдарымен қазғандарын көріп шыдай алмайтынын, оларға көмектесе алмаса өлімді артық көретінін” баяндайды. Жоғары жаққа қоймай шағымданып жүріп: “Сіздер, немістер, өздеріңізді Еуропадағы ең мәдениетті адамдармыз деп санайсыздар. Егер сіздердің мәдениеттеріңіз менің көріп жүргендерім болса, онда мен сендерге де тұтқындардың шеккен азабын көрулеріңізді тілеймін. Сіздер ХХ ғасырда өмір сүре отырып, ХІІІ ғасырда Шыңғыс ханның жасаған зұлымдығынан асырып жібердіңіздер. Мәдениетті халық екендіктеріңізді айтуға хақыларың жоқ”, - деп жоғары шенділеріне тікелей айтқан да көрінеді. “Қатты айттың ғой” дегендеріне: “Егер сіздер осыған байланысты маған ату немесе асу жазасын берсеңіздер де разымын. Мұндай мәдени қоғамда өмір сүргеннен гөрі өлгенім артық. Бұл қорқынышты жағдайлардан соң тіпті де өмір сүргім келмейді”, - деп жауап беріпті.
Соңғы суреттерінің бірі
Шоқай өз өлімімен өлді ме?
Ақыры не керек, отандастарын құтқарамын, оларға азаттық алып беремін деп шыр-пыр боп жүрген Мұстафа жұмбақ жағдайда көз жұмды. Рас, соңғы хатында сүзек ауруының тарағанын айтып: “Түркістандық тұтқындармен кездесуім көп нәрсені өзгертті. Жазғандарымда жаңылмаппын. Тұтқындар арасынан жақын туысымды да тауып алдым. Менің жоғарғы орындарға жазған хатым жақсы әсер еткен сияқты. Жұмыс көп, жалғыз өзім бәріне үлгере алмаймын, көмекші керек. Тезірек, қалайда карантинге жауып тастамай тұрғанда, құтылып шығуым керек”, - деп жазған еді. Алайда ол құтылып шыға алмады, 1941 жылдың 27-желтоқсанында Берлиндегі Виктория ауруханасында жан тапсырды. Ол уақыт туралы: “Өлген емес, қатты ұйықтап кеткен секілді. Мен Парижден Құран мен сәлде әкелген болатынмын. Қолының үстіне Құранды қойдым, тақия мен сәлдені мұсылмандардың әдетіндей басына кигіздім. Қаюм хана екеуміз жарты сағаттай моргта болдық. Сол жердегі қызметшіден мәйітке жақындап қоштасуға рұқсат беруін өтіндім. Бірақ бұл тілегім орындалмай қалды, себебін біле алмадым. 1942 жылғы 2 қаңтарда мені мұсылмандардың бейітіне алып барды. Мұстафаның табытының айналасы гүлмен көмкерілгенін көрдім. Мен Мұстафамен ақтық рет қоштасқым келетінін айтып, табытты ашуларын өтіндім. Алайда өтінішім қабылданбады. Өліміне қырық күн толғанда мен оған арнап Париж мешітінде еске алу рәсімін өткізіп, “Дебасси” залында саяси күн ұйымдастырдым”, - деп жазған Марияның да, кейінгі Шоқай өмірін зерттеген тарихшылардың да көкейінен “Мұстафа өз ажалынан өлген жоқ, оны улап өлтірді” деген күдік кеткен емес. Тарихшы Әбдіуақап Қара: “Шоқайдың өз ажалынан емес, өлтірілгендігі жөнінде күмәнданған жалғыз Мария емес еді. Шоқайдың жанашыры болған бірқатар адам, әсіресе соңғы жылдары бірге жұмыс істеп, жақын қарым-қатынаста болғандардың барлығы бұл мәселеде ортақ пікірде болды. Мысалы, Тахир мен Саадет Чағатайлар және көптеген тұтқын әскерлер “оны улап өлтірді” деп тұжырым жасады. Виктория ауруханасынан 1950 жылы 2 наурыз күні алынған Шоқайдың өлімі туралы анықтамада қан айналымының нашарлауы салдарынан ішке қан құйылудан қайтыс болғандығы білінеді”, - деген қорытынды айтады. Ал ішке қан құйылу улаудың нәтижесінен болса керек.
1941 жылы 27 желтоқсанда өмірден өткен Мұстафа 1942 жылы 2 қаңтарда Берлиннің “Түрік шейіттігі” мазарына жерленді. Парижде қырқы өткізілді. Азаттықтың жаршысы, бүгінгі тәуелсіздіктің жаршысы! Жаның жәннатта болсын!
Өлгеннен кейін де Шоқайға тыныштық бермеу
Мұстафа Шоқай – Сталиннің ата жауы еді. Диктатор оны өлтіру үшін үш рет жансыз да жіберген көрінеді. Ал атақты әнші Әміре Қашаубаев Парижде Мұстафамен кездескені үшін өмірінің соңын қайғылы аяқтағаны бәріне белгілі. Бірақ Мұстафа өлгеннен кейін бұл текетірестің барлығы тоқтауы керек еді ғой! Бірақ тоқтамады. Енді артында қалған жесірі Марияны да сонау Парижде мазалаушылар көп еді. Ол туралы жеңгеміздің өзі былай әңгімелейді: “Бірде маған алматылық қазақ келді. Өзінің кім екенін, қай жерден екенін, нағыз коммунист екенін айтып таныстырған соң, Сталиннің арқасында адам боп отырғанын, Сталин үшін жанын пида етуге даяр екенін айтты. Егер Шоқайұлы тірі болғанда, дәл осы жерде өлтіре алатынын да менен жасырмайтынын айтты. Мен одан “коммунистерге қарсы шыққандарды жек көретін болсаң, маған не үшін келдің, тез үйімді босат” дедім. Оның жанарынан жек көрушілік пен ызаның табын байқадым. Оның қаруы болатын. Бірақ мылтығын үйге кірген сәтте коридорда есіктің қасына қойып кеткен еді. Мені өлтіру үшін не барып қаруын алуы немесе буындыруы керек еді. Алайда оның сөзге келместен үйден шығып кете барғаны мені таң қалдырды. Қалай болса да мені Құдай сақтады”.
Күйеуі өлсе де, түркістандықтарға қамқорлығын тоқтатпаған Мария
Марияны француздар сұрақ алуға да шақыратын, “Күйеуің қайда?” деп тергейтін. Ал Мария күйеуі бүкіл саналы ғұмырын арнаған олардың азаттығына арнаған түркістандықтармен, тұтқындармен байланысын үзбеді. Еуропаға табаны тиген кез келген түркі халқының өкілі Мұстафа Шоқайдың үйін, онда Марияны пана тұтып баратын еді. Күйеуінің рухы үшін талай адамды үйіне тұрғызды, талайына қамқорлық жасады. Тіпті Мария оларды дініне де бөлмеді. “Бір татар молдасы жылға жуық уақыттан бері менің үйімде тұрып жатқан. Бұл адам Париждегі мешіт арқылы күнін көретін. Маған тек түнде қону үшін келетін, қолында құжаты да жоқ болатын, кез келген уақытта тұтқындалып кетуі де мүмкін еді. Біз оған бір құжат тауып бердік. Енді оған жұмыс тауып беру керек болды, жасы 54-те еді. Аллаға құлдық етіп, ғибадат еткеннен басқа ештеңе білмейтін. Араб тілін жақсы білетін, арабша дәріс те бере алатын, бірақ арабша үйренгісі келген ешкім жоқ-ты”, - десе, американдық әскер зорлап, аяғы ауыр болған қызды жыл жарым уақыт паналатқанын айтады. Тіпті мұсылмандықтан католик дініне өтіп кеткен татар қызға алаңдаушылық танытып: “Ол “Алла” сөзін естігісі де келмейтін. Мен оған ар-ұят, ождан туралы айта бастасам болды, аузымды жауып тастайтын. Онымен бірге тұру мен үшін өте қиын болатын”, - деп мұңайса, “1945 жылы маған Германиядан шекарадан жаяу өтіп сібірлік бір қазақ келді. Хасан өте жақсы адам болатын, қабілетті, ақылды, соғысуға құмар-ақ еді, әскери мектепте оқуды аңсайтын. Ол да дінсіз еді, мен де ол туралы көп уайымдайтынмын”, - деп әңгімелейді.
Күйеуі өлсе де, күйеуінің туыстарына көмектесуде мейірімін де, күш-жігерін де аямаған Мария ақыры соғыс кезінде тұтқынға түсіп, Сталинның жазалайтынын түсініп, Еуропадан қайтпай қалған Әлім Алмат атты қазақты бала етіп асырап алады. Әлім Алмат Марияны қалай тапқаны туралы: «1946 жыл болатын. Мария шешеміз Парижде тұратын. Мекен-жайын Мұстафа Шоқайды өз көзімен көрген, жанында болған Қарыс Қанатбаевтан сұрап алғанмын. Содан бір күні Мәриям Шоқайға хат жаздым. Ол кісі де музыкант екен. «Мен оркестрде жұмыс істеймін. Егер қолыңыздан келсе, Парижге алдырыңыз. Білімімді жалғастырғым келеді» дедім. Мәриям Шоқай маған былай деп жауап жазды: «Мұстафаның рухы үшін саған көмектесемін. Қалайда осында алдырамын. Маған керексің». Шешеміз мені «Мұстафаның жиені» деп француздарды сендіріпті. «Қазір Германияда жұмыс істеп жүр, Парижге қалайда алдыруым керек. Маған қолғабыс жасайды» деп бір жыл бойы жүгіріп жүріп рұқсат қағазын алады. 1948 жылы Парижге келдім. Мария Шоқай вокзалдан өзі қарсы алды», - деп әңгімелейді. Әлім Алмат оқуын бітіріп, Түркияға қоныс аударып, сонда музыкант ретінде үлкен жетістіктерге жеткен көрінеді. Өткен жылдары мұстафатанушылар ол кісіні тауып, сұхбат та алған көрінеді.
Қазаққа келіндік қызметін адал атқарған Мария Шоқай бүгінде француз жерінде жатыр. Көрген-білгендердің айтуынша, жан дүниесімен мұсылман болған жеңгеміздің басында крест тұрған көрінеді. Қандай өкінішті! Бірақ Францияға жолы түскендер тағдырын қазақтың Мұстафадай арысының жолына байлаған сол бір орыс қызының басына барып, зиярат етіп, Құран оқымай кеткен емес...
Франциядағы Мария Шоқай қабірінің басында "Мұстафа Шоқай" фильмінің режиссері С.Нарымбетов
Елі үшін құрбан болған есіл ер...
Саяси қайраткер А.Я.Шульгиннің: “Түркістан бір күндері жаңарып, өз батырларын еске алатынын, Мұстафаға Перовскіде, не Ташкентте ескерткіш қоятынын білмеймін. Бірақ халық оған өз жүрегінен ескерткіш орнататынына кәміл сенемін”, - деген сөзі бар екен. Айтса айтқандай, бар ықылас-пейілімен елдің бірлігіне қызмет еткен, “Біздің Түркістан үшін ең қорқыныштысы – халықтың бірлігінің болмауы. Өзіміздің әлсіз екенімізді білемін. Мен халқымның тыныштығын және бірлігін қалаймын. Сондықтан да Швейцария мемлекетінің үлгісімен федерация құрғым келеді. Біздің өз арамыздағы жасырын алауыздық күндердің күнінде тұтанып кетуі мүмкін. Әрине, бұл жағдайды күшті көршілеріміз пайдаланбай қалмайды. Орыстардың саясаты: “Бөлшекте де, билей бер!” Империяның ертеңін ойлайтындар да алақайлап қуанады. Түркістанда бес республиканың болуы тіпті де дұрыс емес. Біз бәріміз бір ұлтпыз, дініміз де бір, тіліміз де бір, тек тілімізде айырмашылықтар бар. Біз барлық халықты құрметтеуге тиіспіз”, - деп, Кеңестік басқаруға үзілді-кесілді қарсы болған Мұстафаға ескерткіш қазағының жүрегіне қойылды.
“Алла елімнің тәуелсіздікке қол жеткізгенін көруді нәсіп етсе, мен тек саяси үгіт ісімен айналысар едім. Жастар үкімет құрса, мен елімнің тарихы және басқа өлке халықтары туралы кітаптар жазумен шұғылданар едім”, - деп армандаған Мұстафаның тілегі орындалмады. Жиырма жыл өмірі шетте туған өлкені аңсаумен өтті. Әйеліне: “Мен үшін ең қымбатты, ең жақын адамдардың көбі бұл күнде арамызда жоқ. Мен олардың ешбірімен ең соңғы рет арыздасып, қоштаса да алмадым. Егер сен біздің туыстар арасындағы қатынастарды білген болсаң, менің қайғымның қаншалықты орынды екенін, шын мәнінде орны толмас өкініш екенін түсінер едің”, - деп көкірегі қарса айырылды. Анасына да топырақ сала алмады. Марияға 1923 жылы Парижден Берлинге жазған хатында анасы туралы: “Ол менің әр жетістігіме қуанатын. Оның жалғыз тілегін де орындай алмадым. Оның бар арманы – менің қолымда тұру болатын. 1917 жылы августе үйден кетіп бара жатып бір қалтаға біраз топырақ толтырдым да, егер анам мен жоқта көз жұматын болса, қабірге алдымен осы топырақты салыңдар дедім, бізде осындай әдет бар. Мен оған иіссу мен Құран апарып бергенмін. Ол 75 жасында қайтыс болды. Әлі күнге дейін көз алдымда жанды бейнесі елестейді де тұрады”, - деп жазды. Ол эмиграцияға кеткен соң артында қалған бүкіл туған-туысын Сталин қудалауға ұшыратты. Осының бәрін білмеді емес, білді. Бірақ ол өзінің жан тыныштығынан ұлттық мүддені жоғары қойды. Еліне, жеріне деген сағынышты келер күнге деген үмітпен тұншықтырды. Мына бір мысалды қарайықшы, Мария: “1922 жылы онымен бірге Трокадеродағы этнография музейін аралағанымыз әлі есімде. Мұстафа сол жерде бір домбыра көріп қалды да, тағатынан айрылды. Ол жердегі қызметкерден рұқсат сұрап, аспапты қолына алып, құлақ күйін келтірді де, әсем қазақ әуенін орындап шықты. Сөйтті де, аспапты орнына қойды. Жабырқау болатын, жанары жасқа толы еді. Мен алғашқы және соңғы рет Мұстафаның көз жасын сол кезде көріп едім”, - дейді. Бұл 1922 жылы болған оқиға. Ал одан кейін өмірден өткенше 20 жыл бойы Отанына деген сағынышты арқалап қалай тірі жүрді екен десейші! Бейбарыс сұлтанды жусан иісі қалай аңсатса, Мұстафаны да домбыра үні солай сағындырған екен ғой... Түркістан үшін от кешкен ұлы азаматтың күреске толы өмір жолы осылай еді...
Берлиндегі Мұстафа қабірі
Былтыр Берлинде болғанда магистранттарды ертіп атамыздың қабіріне зиярат жасап, Құран бағыштап қайтқан едік. Жаны жанатта болсын.