Танымал хадистерді риуаят еткен Біләл ибн Сағыд
Танымал хадистерді риуаят еткен Біләл ибн Сағыд
9 жыл бұрын 3765
Бақ БЕР

Tабиғин ғалым, уағызшы, қари (Құран кәрім хафызы) кісі. Есімі Біләл ибн Сағыд ибн Тәмим әл-Әшғари.

Лақап аты – Әбу Амр. «Әбу Зүра» да делінген. Шамда болған. Әкесі Сағыд ибн Тәмим – сахабалардың бірі. Хазірет Біләл, әкесі хазірет Сағыд, хазірет Мұғауия, хазірет Әбуд Дарда, хазірет Ибн Омар, хазірет Жабирден және бірқатар сахабалардан хадис риуаят еткен. Өзінен хазірет Әузаи, хазірет Саид ибн Абдулазиз, хазірет Ата ибн Әби Рабах, хазірет Ибн Сағыд секілді көптеген кісілер хадис жеткізген. Ғалымдар хазірет Біләл ибн Сағыд үшін сиқа (сенімді) екенін білдірген. Былай деген: «Басрада хазірет Хасан Басри қандай орын алса, Шамда да хазірет Біләл ибн Сағыд сондай орын алады».

Күн сайын әрі түнде мың рәкат намаз оқитын. 120 (милади 737) жылы қайтыс болды.

Хазірет Біләл ибн Сағыд бір күні «Анкабут» сүресінің 56-аятын: «Еш күмәнсіз, менің жер шарым кең. Ендеше, тек өзіме ғана құлшылық жасаңдар» оқыды және «Өздерің тұрған жерде бүліктердің жайылғанын көрсеңдер, басқа жаққа кетіңдер. Өйткені жер беті кең» деген.

Бір жыл жаңбыр жаумайды. Халықпен бірге тасаттыққа шықты. Халыққа «Уа, халайық! Бәрің де күнәкар екендіктеріңді мойындайсыңдар ма?» деп сұрады. Олар «Иә, бәріміз күнәкармыз. Көп күнәларымыз бар. Бәріне тәуба еттік» деді. Осыны естігенде Аллаға былай деп дұға етті: «Уа, Раббым, Құран Кәрімде: «Жақсылық жасап, тура сөйлегендердің дұғасын қабыл аламын» деп едің. Біз күнәларымыздың көптігін мойындап, шындықты айттық әрі тәуба еттік. Бізді кешір әрі бізге жаңбыр жаудыра гөр!» Сәлден кейін-ақ жаңбыр жауа бастады.

Біләл ибн Сағыд (р.а.) әлдекімнен: «Өлгің келе ме?» деп сұрады. Ол: «Жоқ, әлі де біраз өмір сүріп, жақсы істер жасасам деймін, содан кейін ажалым келгенін қалаймын» деді. Хазірет Біләл ибн Сағыд былай деді: «Әрі өлгің келмейді, әрі жақсы амал істемейсің. Ендеше, сенің жағдайың дүниеге байланған адамның халін байқатуда».

«Уа, адамдар, Алла Тағаладан қорқыңдар. Сендерге Одан басқа көмек берер ешкім жоқ».

«Қиямет күні баршаның есебі алынғаннан кейін жұмақтықтар жұмаққа, тозақтықтар тозаққа барғаннан кейін Алла Тағала періштелерге тозақтан екі кісіні шығарып алып келуді бұйырады.  Періштелер әкелгенде Алла Тағала олардан «Орындарың қалай екен?» деп сұрайды. Олар (Уа, раббым! Біздікінен өткен нашар орын жоқ) дейді. Алла Тағала былай дейді «Бұлар істеген жамандықтарыңның жазасы. Мен ешқашан ешкімге әділетсіздік жасамаймын. Ал енді орындарыңа қайтыңдар». Осы кезде екеудің біреуі жүгіріп, ал екіншісі бір қадам басып, кері бұрылып қарай береді. Алла Тағала періштелерге оларды қайта әкелуді бұйырады. Қайта әкелген кезінде Алла Тағала жүгіргеннен неге жүгіру себебін сұрайды. Ол «Уа, раббым, барлық нәрсені ең жақсы білетін өзіңсің. Мен дүниеде сенің бұйрықтарыңды орындауға салғырт қарағандықтан, тозаққа лайық болдым. Бұйрығыңа қарсы келгендей болмайын деп «Орындарыңа қайтыңдар!» деген бұйрықты ести сала тұра жүгірдім. Алла тағала екінші пендесінен де сұрайды «Сен неге бір қадам алға басып, бұрылып артқа қараумен болдың?» Ол «Уа, раббым, барлық нәрсені ең жақсы білетін өзіңсің. Алла Тағала тозақтан бір шығарған соң қайта тозаққа тастамайтын шығар деп едім. Сол себепті әр қадам басқан сайын артқа қайта-қайта қарай бердім. Алла Тағала былай деп бұйырады «Құлым Мен туралы қалай ойласа, Мен сондаймын. Бұл екеуін де жұмаққа апарыңдар!» Сөйтіп ол екеуі жұмаққа барады».

«Адамдар сонда тозақ азабына сенбей ме? Сенсе, неге дайындық жасамайды? Бұл не деген ғапылдық?!»

Имам Әузаи былай деуде: хазірет Біләл ибн Сағыдтың бір ұлы шейіт болған еді. Біреу келіп «Қайтыс болған ұлыңыз маған 20 дирхам қарыз еді» деді. Келген кісіден «Бұған бір куәңіз немесе қолыңызда бір жазуыңыз бар ма?» деп сұрады. Ол жоқтығын айтты. «Ендеше, осы үшін ант ішесің бе?» «Ант айтайын» дегенде, ант айтқызбастан 20 динар берді. Сөйтті де: «Егер рас айтсаң, баламның қарызын төлегенім. Ал өтірік айтсаң, садақам болсын» деді.

 

Риуаят еткен хадистердің кейбірі

Бірде: «Уа, расулалла, адамдардың ең қайырлысы кімдер?» деп сұралғанда, мынандай жауап естілген: «Мен және менің ғасырымдағы мұсылмандар». Олардан кейін кімдер екені сұралғанда: «Екінші ғасырдағы мұсылмандар» деген. Олардан кейін кімдер екені сұралғанда, үшінші ғасырдағы мұсылмандар екенін айтқан. Олардан кейін кімдер деп тағы сұралғанда:

«Олардан кейін келгендер, қаламаса да ант еткен, куә болған, орындамаған нәрселері үшін кепіл болғандар». «Уа, расулалла, сізден кейін бізді кім басқарады? Халифаңыз кім болады?» Сонда былай деді: «Менен кейін үкімі менікі секілді әділ, сөзі менікі секілді адал, мен сияқты мейірімді жан менің орныма халифа болсын. Бұның тысында бір нәрсе істегендер менен алыс. Мен де олардан алыспын. Ол менен емес».

«Алла Тағаланың үмбетіме алғаш парыз еткен құлшылығы бес уақыт намаз. Алғаш қабыл ететіні де бес уақыт намаз. Қиямет күні алғашқы болып намаздан сұралады».

 

Хазірет Біләл ибн Сағыдтың бағалы сөздерінің кейбірі

«Күнәлар жасырын жасалса, оның зияны күнә істегендерге. Ал ашық істелсе, оған ешкім қой демесе, бұның зияны баршаға тиеді».

«Бір адамның жақсылықтарын еске алып, күнәларын ұмытуы –тәкаппарлықтан. Күнәлардың қаншалықты кішкентай екенін емес, сол күнәні Алла Тағаланың алдында істегенін ойлау керек».

«Алла Тағала бізге харамдардан, күмәнді нәрселерден, тіпті күмәнге бармау үшін ықтиятты болып, мүбахтардың көбінен сақтануды бұйырған. Біз болсақ, әсіре дүниені жақсы көріп, соған байланамыз. Бұл болса, күнә ретінде бізге жеткілікті».

«Алла Тағаланың бұйрықтарын есіңе түсірген, насихат айтатын бір бауырыңның ісі саған алтын сыйлағаннан да әлдеқайда артық».

«Бұндай бауырды тапқан кезіңде (Әй, бауырым, менде кемшілік бар ма? Өтініш, соны маған айт, түзетуге тырысайын) деу керек».

«Әлдекім өзін мақтағанда, ол мақтауды іштей ұнатпаса қандай жақсы. Ал  соны естігенде, қуанса, онда зиянда».

«Үш түрлі адамның ешбір құлшылығы қабыл болмайды. Мүшрік, кәпір және раи». «Раи ол кім?» деп сұрағанда: «Ислам діні білдірген үкімдерге қарамай, өз көзқарас, пайымымен амал еткен жан», - деп түсіндірген.

«Әлдекім мұсылманмын деген кезінде, Алла Тағала оның амалына қарамайынша жібермейді. Амал еткен кезінде уәрасына (күмәннан сақтануына) қарайды. Уәра иесі болса, ниетіне қарайды. Ниеті де қалыс (Алла разылығы үшін) болса, онда өзге кемшіліктерін Алла Тағала түзетеді».

1) Хилиятул-әулия 5 т. 221 б.
2) Tахзибут-тахзиб 1 т. 503 б.
3) Әл-Кашиф, 1 т. 165 б.

0 пікір