Алланың өз расулына нәсіп еткен және сол үшін таңдаған сахабалары үмбеттің ең қайырлы тұлғалары болып табылады. Құран кәрімде Мұхаммедтің (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) үмбетінің ең қайырлы үмбет екендігі айтылған:
«Ей, Мұхаммедтің үмбеті! Сендерді адамдардың игілігі үшін ең қайырлы үмбет еттім. Жақсылықты таратып, жамандықтың алдын алуға тырысарсыңдар, өйткені Аллаға сенесіңдер. Кітап иелері (әһлі-кітап) де осыған иман келтіргенде, әрине, өздері үшін қайырлы болар еді. Араларында иман келтіргендері болғанымен, көпшілігі діннен шыққан күнәһарлар» («Әли Имран», 3/110).
Бізге жеткен дерек бойынша, халифа кезінде Омар (р.а.) осы аятты түсіндіріп тұрып былай деген:
«Алла тағала қаласа, аятта айтылған «сендер едіңдер» деген сөздің орнына «сендерсіңдер» деген сөзді қолданып, үмбет ретінде барлық адамды осы аяттың мазмұнына сыйғызар еді. Алайда «сендер едіңдер» деген сөз арқылы аятта тек сахабалар туралы айтылып тұрғандығы байқалады. Сондықтан да кім соларға ұқсап, солардың жасағанын жасайтын болса, таңдаулы, ең қайырлы үмбет болу құрметін иеленеді».
Тағы бір риуаятта Омар (р.а.) бір қажылық кезінде кейбір жағымсыз қылықтарды байқап, аталмыш аятты оқып, былай дейді:
«Уа, халайық! Оқылған осы аятта айтылған үмбет болуды қалаған адам Алланың сондай үмбетке қойған талаптарын орындасын». Осылайша, ол үмбетіне жақсылықты бұйырып, жамандықтан тыю мәселесінде болсын, басқа мәселелерде болсын, сахабалардан үлгі алуын және соларға ұқсауын насихаттаған1.
Хақ тағала құлдарына рақымдылық жасап, Мұхаммедті (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) таңдап, оны пайғамбарлыққа лайық көрді. Артынша пайғамбарға лайықты сахабаларды таңдап, ең жоғары деңгейде насихатталуы үшін Ислам дінінің алғашқы көмекшілерін солардан жасақтады. Сондықтан да Алланың құзырында бұл мұсылмандардың дұрыс деп тапқандары дұрыс, бұрыс деп тапқандары бұрыс болып табылады2.
Абдуллаһ ибн Омар (р.а.) сахабаларды былай сипаттайды:
«Тура жолды ұстанғысы келетіндер өздерінен бұрынғылардың жолын ұстансын. Сахабалар – осы үмбеттің ең қайырлылары, ілімі мол, көңілдері ақ, риясыз адамдар. Олар бәрінен үстем, ақиқатқа мейірім қылып, мерейі тасыған қауым, өйткені Алла оларды таңдаулы пайғамбары үшін іріктеп, дінді сол қадірлі қауыммен насихаттады. Ендеше, сендер де солардың жолын ұстаныңдар. Өйткені олар басқа емес, Мұхаммедтің (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) сахабалары. Сахабалар – нағыз тура жолмен жүргендер»3.
Пайғамбарымызбен көп араласып, ғұлама деңгейіне жеткен Абдуллаһ ибн Мәсғуд табиғиндерге (сахабаларды көргендер) мынаны ескерткен:
«Сендер табиғин ретінде, бәлкім, сахабалардан артық ораза тұтып, артық намаз оқып, олардан көп шаршауларың мүмкін. Алайда олар сендерден де қайырлы». Мұның себебін сұрағандарға: «Өйткені олар дүниелік нәрселерге құмартпай, ақыретке көп мән беретін», – дейді4. Ол кезде сахабаның қайсысынан сұрасаңдар да, сол жауапты естір едіңдер5.
Бір күні Али (р.а.) намазын оқып бітіріп, сәлем бергеннен кейін, ішкі сырын былай ақтарады:
«Мен Расулалланың сахабаларын көрдім, таныдым. Қазір
олар секілді ешкім жоқ. Олардың (көп намаз оқып, сәжде жасаудан) жүздері бозарып, шаштары ұйпаланып, беттерін, көздерін шаң басатын. Таң атқанша, не Құран, не намаз оқитын. Алланың аты аталғанда, толқып-тебірененіп кететін. Көздерінен сорғалаған жастан киімдері дымқылданатын. Меніңше, бүгінде адамдар түндерін бейқам өткізіп жүр»6.
Осыны айтқаннан кейін Али тұрып кетеді. Алланың пасық дұшпаны Ибн Мүлжәм шейіт еткенге дейін, Алидың (р.а.) күлгенін ешкім байқамаған.
1 әл-Хинди, әл-Кәнзул-уммал 2/492 (4289)
2 Әбу Нуайм, Хилия 1/375
3 Әбу Нуайм, Хилия 1/305-306
4 Әбу Нуайм, Хилия 1/136
5 Әбу Нуайм, Хилия 1/307
6 Ибн Кәсир, әл-Бидая 8/6
"Сахабалар салған сара жол"