Имам Нәсаи
Имам Нәсаи
9 жыл бұрын 3544
Бақ БЕР

Алты ірі хадис кітабының бірі «Сүнәні-сағирдың» авторы Имам Нәсаи –айтулы хадис пен фиқһ ғалымдарының бірі. Жастайынан ілім ізденген ол он бес жасында хадис үйренуге ден қойған. Бірқатар ғалымдар секілді Нәсаи хазірет те ілім үйренудің машақатты іс екенін біліп, оқу үшін бірнеше қалаға барған. Түрлі ұстаздардан дәріс алған. Хадис риуаятындағы мұқияттылығымен жұрттың назарын өзіне аударған имам көп шәкірт оқытқан.

Туылған уақытына қатысты әртүрлі деректер кездесетін имам хижри 214 немесе 215 жылы Хорасанның Нәса қаласында өмірге келген. Есімі – Ахмед ибн Шуайб ибн Али ән-Нәсаи. «Хадисші имам Нәсаи» деген атпен танылған. Хадис ілімінде имам, яғни үш жүз мыңнан астам хадис шәріпті рауилерімен бірге жатқа білген. Шәкірті Әбу Саид ибн Юнустың айтуынша, 303 жылы Палестинадағы Рәмла қаласында қайтыс болған. Алғашқы хадис дәрістерін Әнас ибн Мәлікті (радиаллаһу анһу) де қосқанда көптеген хадис ғалымдарына шәкірт болған ірі хадисші Құтайба ибн Саидтен алған. Бұл кісінің қасында болған бір жыл, екі айлық мерзімдегі үйренгенін өмір бойы азық еткен.

Ірі хадисшілерден ілім алған Нәсаи көп кісілерге өзі де дәріс береді. Өз дәуірінде ілімде озықтығымен әрі басқа да артықшылықтарымен танылған. Хадистерді терең меңгерген. Ғұмырының соңына дейін хадис үйрену мен үйрету жолындағы сапарларын үзбеген. Бір жағынан саяхаттап жүріп, екінші жағынан тапқан хадис ғалымдарынан хадис алған. Таңдаулы дәрежеге жеткен.

Ілімдегі орны талассыз Имам Нәсаи – хадис хафызы, дін ғалымы әрі хадистің негізгі тіректерінің бірі.

Хәкім ол жайында «Көп рет Әбул Хасан әд-Даратқұтнидың «Имам Әбу Абдуррахман ән-Нәсаи өз дәуіріндегі хадис ілімі, рауилердің жарх пен тадилінде әйгілі болған ғалымдардың алдыңғы қатарлыларынан» дегенін естідім» дейді.

Имам Нәсаиден ұзақ жыл дәріс алған Шафиғи ғалымы Ибнул-Хаддад әл-Кинаи ұстазының хадис пен фиқһ біліміне, діндарлығына таңғалған. Тіпті өзге ұстаздардан сабақ алуды қажет деп таппайды.

Имам Нәсаи хадисшілер арасында үшінші ғасырдың мүжәддиді деп есептеледі. Ибни Касир бұл туралы былай деген: «Жазған еңбектерінен аңғарғанымыз: есте сақтау қабілеті мықты, туралығы нақты, иманы күшті, ілім мен ирфаны (Алланы тануы) мол жан еді».

Хадис риуаятына өте мұқият қараған имам Нәсаи хазірет алғаш жазған «Сүнәні кәбирінде» хадис шәріптердің негіздері мен жинақталуы жайында мағлұмат беріп, шарттарына сәйкес хадис шәріптерді жазады.

Замандас бір әкімнің «Кітабындағы хадис шәріптердің барлығының сенімділік дәрежесі бірдей ме?» деген сұрағын естігенде, жаңадан іріктеу жасап, «Сүнәні кәбирді» қысқартады. Иснад етілген рауилеріне қарап, ғалымдар қарсылық білдірген ешқандай хадис шәріпті алмайды. Бұл еңбегі «Мүжтәна» немесе «Мүжтәба» деп ат бергеніне қарамастан, «Сүнәні сағир» деген атпен әйгілі. Енді көбіне «Сүнәні Нәсаи» деген атпен білінеді. Осы бағалы еңбек алты әйгілі хадис кітабының бірі ретінде мұсылмандар арасында ерекше беделге ие.

Әбу Абдуллаһ ибн Мәнда сахих риуаяттарды жинақтап әрі иллеті бар риуаяттарды ажыратқан төрт хадисші бар екенін білдіріп, Бұһари, Мүслим, Әбу Дәуіт және Нәсаидің аттарын атаған.

Имам Нәсаи хазірет өмірінің соңына таман Шамға барады. Ол жақта хазірет Алиді жамандаған кейбір Харижиттермен кездеседі. Хазірет Али мен Әхлі бейтті мақтайтын «Китабул-хасаис фи фадли Али ибн Әби Талиб уә Әхли бейт» атты еңбегін жазады. Бұл еңбегіндегі хадис шәріптердің көбін Ахмед ибн Ханбәл хазіреттің риуаяттарынан алады. Бұл кітабын қандай мақсатта жазғанын білмеген кейбіреулер «Шәйхайнның, яғни Әбу Бәкір мен Омардың артықшылықтарын неге жазбадыңыз?» деп сұрайтын. Осы себепті «Фадаилус-сахаба» атты сахабалардың артықшылықтарын түсіндіретін басқа кітабын жазған.

Бүкіл өмірін ілім үйренуге және үйретуге арнаған ірі имам артқа көп еңбек жазып қалдырған. «Мүснад-и Али», «Мүснад-и Малик уә дуафа уәл-матрукин» атты кітаптар оның аса бағалы еңбектерінің қатарында.

0 пікір