Жағфар ас-Садық – Һижри 80 жылы Мәдине қаласында дүниеге келген. Аса шыншыл, әділ және өте адал адам болғандықтан жұрт оған «Садық» деген лақаб ат таққан. Онымен қатар, Сабыр, Фазыл (көркем әдеп иесі), Таһир (таза адам) және Атыр (хош иісті) деген лақап аттары да бар.
Жағфар ас-Садық Әзіреті Әлидің шөпшегі. Оның әкесі Мұхаммед Бәкір – Али Зәйнәлабидиннің ұлы. Ол – Әзіреті Хусейннің баласы. Ал Әзіреті Хусейн – Әзіреті Әлидің баласы. (Алла олардан разы болғай!)
Жағфар ас-Садық анасы жағынан да, екі ұрпақтан кейін Әзіреті Әбу Бәкірге барып тіреледі екен.
Жағфар ас-Садық өте діндар болуымен қатар, шариғат ғылымын жетік білетін ғұлама еді. Сондай-ақ, дуалы ауыз дана тұғын. Әнәс ибн Мәлік, Сәһл ибн Саъд сынды сахабалардың көзін көрген табиғин.
Жағфар ас-Садықтан көптеген нақыл сөздері жеткен. Солардың біршамасы төмендегідей:
1) Игі істер тек мына үш нәрсемен кемелденеді:
- Шешім шығарғаннан кейін, кейінге қалдырмай бірден орындау;
- Жасаған ісін қор көріп, тәкәппарлыққа салынбау;
- Және рия араласып кетпесі үшін ол істі жасырын орындау.
2) Алла Тағала дүниеге құдды былай дейтін сияқты: «Ей, дүние! Маған қызмет ететінге сен де қызмет ет. Ал, Саған қызмет ететінді шаршат, шалдықтыр!»
3) «Әлдебір дін бауырыңның сенің хақында ұнамсыз бір сөз айтып жүргенін естісең, көңілін түспесін. Егер, мәселенің әсілі оның айтқаныдай болса, онда оның сен жайында айтқан ауыр сөзі – ақыреттегі жазаңның бұ дүниедегі өтемі болмақ. (Яғни, ол ісің үшін ақыретте алатын жазаң, осы дүниеде берілген болды). Ал, мәселенің әсілі оның айтқаныдай емес болса, онда еш нәрсе істемесең де, оның сен жайында айтқан ауыр сөзі себепті саған сауап жазылады».
4) «Кімнің ырзық-несібесі азайып жатса, бірден «истиғфарды» көбейтсін!». (Истиғфар - астағфирулла деген сөзді айтып, кешірім тілеу).
5) «Әлдебір мұсылман дін бауырың жайында жағымсыз бір нәрсе естісең, ол үшін жетпіс түрлі үзір ізде. Үзір таба алмасаң: «Мүмкін мен түсіне алмай тұрған әлдебір себебі бар шығар» деп айт та, тақырыпты жап!». («әл-Хүлья»).
Дереккөз: www.islamveihsan.com
Аударған: islam.kz/