Аллаға құлшылық етіп, намаз оқып өткен Кенен Әзірбаев жайында
Аллаға құлшылық етіп, намаз оқып өткен Кенен Әзірбаев жайында
8 жыл бұрын 9558
Марфуға ШАПИЯН

 

Бала Кененнің молдадан сабақ алуы

Деректерге жүгінсек, ақынның атасы Мандабай мен одан туған үш ұл – Әзірбай, Ниязбай, Абданбайлар да өлеңші, әнші, сауыққой, өнерпаз жандар болыпты. Бәйбішесі Алуа мен екі ұлы (жастай) өмірден өтіп, алпысты алқымдап қалған Әзірбай Ақыш деген батырдың Ұлдар атты қызын алады. Халық ақыны, әнші және композитор Кенен Әзірбаев 1884 жылы 19 маусымда Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Мәтібұлақ ауылында Әзірбай мен Ұлдардың шаңырығында дүниеге келген. К.Әзірбаевтың өзі анасы жөнінде: «Анам бойшаң, көрікті, өзі әнші, дауысы өте келісті, өлеңді суырып салып айта беретін кісі екен. Сол ауылдың той-жиынының гүлі болатын. Мен туған соң «Әзірбай шал ұлды болды» деп ел қуаныпты» деп еске алады.

Бала Кенен ерке болып өседі. Алайда бақытты кезең ұзаққа созылмай, Ұлдар да, Кененнен кейін туған Бибісара да көз жұмады. Ағайынның қолына қарап қалған Кенен жетімдіктің зардабын әбден тартады. Өзі сол уақыт туралы:

Ол кезде әкем менің алпыс жаста,

Байғұстың баласы жоқ менен басқа.

Баға алмай мен жетімді шешесі өлген,

Жыласа көзі толған қанды жасқа, – деп толғанады. Кенен 9-10 жасқа келгенде Құлжабай, Әймен деген ағайындарының қозысын бағады. Ауыл балаларымен бірге Бейімбет молдадан сабақ алуға барған Кенен молданың шыбығынан қашып құтылған соң, ол жаққа қайта беттемейді. Ол туралы ақынның өзі естелігінде: «Балалармен бірге мен де Бейімбет молдаға бардым. Әкем алып келді. Молда арабша жазылған бір жапырақ қағазды дуалға іліп қойып, соны оқытады екен. Қи қорада қырық-елу бала қозыдай шулап, қатар дауыстап оқимыз. Сейіт деген бала екі жылдан бері «әліпбиден» ары өтпепті. Әріптерге тілі келмей, күнде таяқ жейді. Байғұс күнде бақырып жылап шығады. Соны көріп молдаға бармай қойдым», – деп жазады. Осыған қарап-ақ сол замандағы бай баласы да, кедей баласы да молда алдын көріп, сауатын мұсылманша ашқанын байқаймыз.

 

Дала «бозторғайы» – Кенен

Қой соңында жүрген бала Кенен бір күні түс көреді. Түсінде шөлдеген Кененге Сарыбас ақынның өзі айран ішкізіп, шөлін қандырады. Осы түстің өзі жас баланың болашағынан аян бергендей. Кенен Әзірбаевтың өзі ол туралы былай дейді: «Көрген түсімді атама айтып бердім. Әкем: «Шырағым, Сарыбас ақынның өткеніне биыл үш жыл болыпты. Мынау түсіңде көргендеріңді Сарыбас атаңның саған берген батасы деп ұғын. Иншалла, ақындыққа жолың ашылар» деген еді».

Расымен де, Кенен жастайынан өлең-жырға ерекше құмар болады. Әкесінің аузынан шыққан өлең, аңыз-әңгімелерді бірден жаттап алатын. Сүйінбай, Қаңтарбай, Қуандық, Сарыбас, Майкөт сияқты ақындардың жырларымен де алғаш әкесі арқылы танысады. Кенен домбыраға да әуес еді. Еркебай деген жігіттің домбырасын бірде сұрап, енді бірде ұрлап алып үйреніп жүреді. Кененнің өнерге құштарлығын байқаған Еркебай оған кішкене ақ домбыра сыйлайды. Алғашқы домбырасын Кенекең кейінге дейін көзінің қарашығындай сақтаған.

Осылайша, Кенен домбырасына өлеңін қосып әндетіп жүреді. Жеті күнде бір болатын базарға шығып, асхана, шайханада жүрген саудагер байларға ән айтып беріп, тиын-тебен тапқан кездері де болыпты.  

Қасиетті Қордай өңірінде өткен, көпті көрген, көп жасаған дана қарт Байсақ дүниеден өтерінің алдында халін сұрай келген бала Кененге: «Е, Кененсің бе? Боларсың-ау, боларсың... Шырғанақтан сөз келсе, шырғаушының тап өзі боларсың түбі», – деген екен. Бұл да Кенен бойындағы таланттың ерте танылғанын көрсетсе керек.

Қой соңында күні өткен бала таяқтан домбыра жасап, азапты өмірін сипаттап, ән салып жүреді. 13 жасында тұңғыш әні «Бозторғайды» шығарады. Халықтың көңілін елең еткізген ән лезде бүкіл қазақ даласына тарап, бала Кененнің аты қырғыз-қазаққа мәлім бола бастайды. Жасөспірім әншіні «Боздаланың бозторғайы» деп атаушылар да көбейді. Кенекеңнің өзі осы әнінің дүниеге қалай келгені жөнінде: «Күз айының бірі еді. Малдың алдын қайырып тастап, Қордайдың етегінде жатқанмын. Шалқалап жатқан бойы көз жетер маңды көзбен, көз жетпегенді оймен біраз шолып шықтым да, нақ төбемде тұрған бозторғайға көзім түсті. Құдды, аспанда шырылдаған өзімнің жаным сияқты...» – деп еске алады.

Ортада халық ақыны Жамбыл Жабаев пен Кенен Әзірбаев

Әзірбай ақсақалдың ұлын ұрлықтан тыюы

Кенекеңнің кейін өзі жазған естеліктері арқылы Әзірбай ақсақалдың ұлын адалдыққа тәрбиелеп, мұсылманның ізгі қасиеттерін бойына сіңіруге көп күш жұмсағанын байқаймыз. Жоқшылықтың зардабын көп тартып, көрсеқызарлықпен ұрлық жасаған сәтін Кенен Әзірбаев былай еске алады: «Бір күні Сүйкім деген кемпірдің үйіне келсем, далада жіп иіріп отыр екен. «Қарағым, қарның ашса үйге кіріп, айран құйып іше ғой. Анаң қандай кісі еді, Құдай ол сорлыға сенің қызығыңды көруді де жазбапты, тым ерте кетті. Тәртіпті, жақсы болып өс», – деп күрсініп қойды. Қасық тік тұратын қою айранды тойғанымша сіміріп ішіп жатып жоғарыда ілулі тұрған бір затқа көзім түсті. Ашып қарасам, күміс сапты кездік екен. Қызығып кеттім де, дереу кездікті қойныма тығып жібердім. Өзім айранға тойып, «әже, рақмет» деп жөнелдім. Екі күндей әлгі кездікпен қамыстан сырнай, қурайдан таяқ жасап мәз болып жүрдім. Үшінші күні Сүйкім апам Ыбырайым деген баласы екеуі іздеп келіп: «Кездігімді неге ұрладың, ақымақ? «Есіркеме жетімді» деген осы екен ғой», – деп қайдағы-жайдағыны айтып қарғап, сабап, қонышымдағы кездікті тауып алып кетті. Бетім от болып жанып, істеген ісіме қатты өкініп қала бердім. Әшіржан деген құрбым Сәт деген байдың қойын жаятын еді. Қойлары ылғи қара бұйра қозы табады. Қатты қызығамын. Бір күні онымен әңгімелескен болып, қозыларымды қатарластыра жайып, аңқау Әшіржанның бір қара қозысын қосып айдап кеттім. Оңашаға апарып, жас қозыны сойып, елтірісін алып, Күлдаяқ деген жеңешеме жалынып, «терісін илеп, бөрік істеп берші» деп апарып бердім. Сөйтіп жүргенде он бес лақ, үш қозым ел аман, жұрт тынышта өзінен-өзі өліп қалмасы бар ма? Таңғалдық. Әкем: «Бұл қалай болды, шырағым? Осы сен бір сұмдық істесең керек, шыныңды айтшы, қане, ұрыспаймын, ұрмаймын», – деп қинады. Болған оқиғаның бәрін – кездік ұрлағанымды, қозы ұрлағанымды да айтып бердім. Бұдан былай ұрлыққа жоламасқа ант бердім. Әкем: «Балам, біздің тұқымға ұрлық, саудагерлік деген жақпайды. Аштан өлсең де, адал жүріп, адал тұр. «Ұрлық түбі – қорлық» дегенді халқымыз бекер айтпаған. Антың соңғы болсын», – деп қасына шақырып алып, бетімнен, маңдайымнан сүйді. Мен жылап жібердім». Осындай әке өсиетінен кейін расымен де, Кенен ақын жаман әдеттерден бойын аулақ ұстайды.

 Белгілі жазушы Сәбит Мұқановпен

Кененнің даңқын арттырған «Көкшолақ» әні

Жоқшылық пен кедейліктен көз ашпаған әкелі-балалы Әзірбай мен Кенен төрт жылғы табысын жинап, Көкшолақты сатып алады. Маңдайына біткен жалғыз ат та Кененнің әніне арқау болады.

Бір күні көрші ауылда той болып, шамасы келгендердің барлығы солай қарай ағылады. Тойға Кененнің де барғысы келеді. Бір күндік тамағын құрдасы Аянбайға беріп, оны өз орнына қой бағуға қалдырған Кенен той болатын ауылға қарай жолға шығады. Қырға шыққанында қызылды-жасылды киім киіп жасанған қыз-келіншектерді көреді. Көкшолағымен тепеңдеп Кенен де жетеді. Жорға мінген Шәлипа қыздың тұсына келгенде өлеңмен қағыта жөнеледі. Кененнің Шәлипа қызбен айтысы осылай басталған еді. Кейін сол ұзақ айтыстың бір үзіндісі «Көкшолақ» әні болып кеңге тарайды. «Бозторғайдан» кейінгі «Көкшолақ» Кененнің даңқын одан әрі арттыра түсті. Бұл әндер өмірдің қысастығы мен кедейлігіне ашынған, содан құтылар жол іздеген жас ақынның бұлқынған жүрегінің үні еді.

Қойшы Кененнің бойындағы талантты, өнерді таныған – Еркебай Базарұлы. Оның өзі де қыран құс, алғыр тазы ұстаған өнерпаз, Жетісуға келген жанның барлығы соның үйіне тоқтайтын ауқатты жан болса керек. Сол Еркебай қырғыз манабы Шәбденге берілетін асқа Кененді де алып барады. Бұрын-соңды мұндай тойды көрмеген әрі атақты төкпе ақындардан кейін кезек алған Кенен екі рет ұмтылғанда да аузына сөз түспей, өлең айта алмапты. Жиылған жұрт «Ер кезегі үшке дейін. Жас бала ғой, тағы бір көрсін!» деп шулайды. Сонда ғана жас баланың кеудесінен өлең-жыр жарып шығып, «Көпшілік, тыңда әнімді» деген жаңа әнін орындап, бас жүлденің бірін алыпты. Сол аста тағынған қамар белдікті Кенекең өмірінің соңына дейін тастамаған екен. Қазір ол белдік ақынның мұражайында сақтаулы тұр.

Қырғыз манабы Шәбденнің асы жасөспірім Кененнің әншілік, ақындық жолын бастап берді. Қырғыз асында қазақтың абыройын көтерген Кененді Еркебай қойдан құтқарып, жиын-тойда жанынан тастамайтын болады. Ақылшы, қамқоршы болумен қатар, Балуан Шолақ, Қажымұқан, Шашубайлармен кездестіреді.

1914 жылы Арқаның әйгілі әншісі Балуан Шолақ атажұрты Жетісуға келеді. Ел ішін аралап жүріп Қордай жеріне келгенде атағы бүкіл Жетісу өңіріне мәлім Кенен ақынды алдыртып, әнін тыңдайды. Жанына ертіп жүріп, өзінің әндерін үйреткен. Кейін Кенекең Балуан Шолақтан үйренген 12 әнін фольклоршы ғалым Борис Ерзаковичке жазып қалдырған.

 Ақын Әбділда Тәжібаев пен ғалым Мырзатай Жолдасбековтың ортасында

Кененнің екі әйелге үйлену тарихы

Кенен бірінші әйелі Үлпілдекке он жеті жасында үйленген. Кенен мен Үлпілдектің шаңырағында Талжібек атты қыз бала дүниеге келіп, 85 жастағы Әзірбай ақсақалды қуанышқа бөлеген екен. Бұл жайында Кенен:

Әкем де немересін сүйіп кетті,

Арманым енді жоқ деп шүкір етті.

Ел танып, адам болып ержеттің деп,

Пәниден бағы-жайға жүріп кетті, – деп еске алады. Талжібектен соң Зұлухия, Ұлтай атты қыздар туады. Ұлтай дүниеге келгеннен кейін бәйбішесі Үлпілдек сал ауруына ұшырайды. Бұл туралы ақынның қызы Төрткен апамыз: «Төрткеннің естелігі Үлпілдек апам үшінші қызы Ұлтай туған соң сал ауруына шалдығып, төсекте ұзақ жатып қалады. Ал атам бұл жылдары 1916 жыл оқиғасына байланысты Әли Нұрғожаұлы бастаған Жетісу қазақтарының ақ патшаға қарсы шыққан ұлт-азаттық көтерілісіне белсене қатысып, оның үгітші ақыны болып жүрген екен. Сөйтіп жүргенде менің анам Нәсихаға көзі түсіп, 16 жасында үйіне алып келген екен. «Әйелің бола тұра, біреудің жап-жас қызын зорлап алып кеттің» деп, әкемнің үстінен құлаш-құлаш арыз түсіпті. Жиналысқа салған уақытта анам «Мені ешкім зорлап алып келген жоқ. Өз еркіммен келдім» деп сөйлепті. Әкем де: «Мен бірінің үстіне екіншісін алайын деген жоқпын, әйелім сал болып жатып қалды. Қыздарымыз да кішкентай. Сондықтан екінші рет үйленуіме тура келді», – депті. Әкеміздің бірінші әйелі анамның енесі сияқты болса, 13 жасар қызы қайынсіңлісі, үш айлық кішкентай нәресте қызы секілді болыпты. Бәйбішемен үш жыл тату-тәтті өмір сүрген анам ол қайтыс болғанда барлық шаруаны өз қолымен атқарыпты. Анамыз өте ақылды, кеңпейіл жан еді. Сұлу болатын. Әкем өлерінде «Аналарыңды ренжітпеңдер. Бұл – менің бақытым, ырысым. Қас-қабағына қарап жүріңдер» деп өсиет етті», – деп әңгімелейді.

Міне, Кеңес үкіметі кезеңінде өмір сүре тұра қазақы дәстүр мен Ислам діні қағидаларын берік ұстанған Кенекеңнің үйлену тарихы осылай болыпты. 

 55 жыл бір шаңырақ астында тұрған Нәсиха апамен

«Базар-Назар» әні үшін «Аллаға тілім тиді ме?» деп қорыққан Кенен

Кененнің Нәсихаға үйленгеннен кейін дүниеге келген балалары – Болысбек, Тұрсын атты ұлдары тұрақтамай, қайтыс бола береді. Әсіресе үш жарым жастағы Базары мен бір жарым жастағы Назарының шешек ауруынан бір күнде көз жұмуы Кенекеңнің қабырғасын қайыстырады. Қатты қайғырған ақын «Ақ ешкінің зары» деген атақты жоқтау әнін шығарады. Кейін бұл ән халық арасына «Базар-Назар» деген атпен тарап кетеді. «Базар-Назардың» сөзі қандай зарлы болса, әні де сондай мұңды еді. Кененнің ұлы Бақытжан бұл ән туралы әкесінен естігенін: «Әннің қалай туғанын әкемнің өз аузынан естіген едім. Кішірек кезім. Бір күні үйге күйген күлшедей жұп-жұқа, арық әйел келді. Қапыда жалғыз ұлынан айырылып қалған әлгі әйел қалада тұратын қызының қолына бара жатыр екен. Кетерінде: «Кеудемдегі жараның уытын басар, атақты «Базар-Назарыңызды» өз аузыңыздан естігім келіп отыр. Бар бұйымтайым осы», – деді. Оған әкем: «Қарағым, буынсыз жерге пышақ ұрдың-ау. Бұл әнді айтпай кеткеніме 30 жылдан асты. Айт десең, ән аз ба? Жүзден астам әнімнің кез келгенін айтып берейін. Қапалы кезде туған ән ғой ол. Қазір сондағыдай дауыс қайда? Бүгінде Құдайға айтар мұңым жоқ. Ұлым да, қызым да, немерелерім де бар. Қинама, қалқам», – деді. Бірақ қонақ әйел бұған көне қоймады. «Бір ғана тілегім» деп, қиылып отырып алды. Әкем амалсыздан домбырасын қолына алып, сөйлеп кетті. «Базар-Назар – егіз қозыдай қатар өскен ұлдарымның аты. Ақ ешкі болса, Базарыма деп атаған бәсіре еді. Екі ұлымнан бірдей айырылатын жылы ақ ешкі де егіз лақ туды. Сұм ажал төртеуін тағдырлас қылды. Екі-үш ай ел аралап, сағынған ауылыма келдім. Кеш қалыппын, шешек ауруынан екі балам да бір күнде дүние салыпты. Дымы кеппеген қос мүрденің жанындағы төбеде күнде отыратынды шығардым. Ән туар күні де сол төбенің басында отыр едім, төменде өлген лақтарын іздеп, безектеп жүрген ақ ешкіге көзім түсті. Бейшараның дауысы қандай ащы еді! Тілі жоқ болса да, екеуміздің тағдырымыз, қайғы-мұңымыз бір екен. Жан дүниемді орасан күш жұлқып жібергендей болды. Көмейіме «Зарланасың ақ ешкі...» деген бас-аяғы жоқ тіркес келе берді. Орнымнан қарғып тұрып, домбырама жүгірдім. Жан дүниемді сыздатқан зарлы үн домбырама орала берді. Ән осылай туып еді. «Айт» деп қоймадың ғой, қарағым. Ендеше, тыңда!» – деп айтып берген еді.

Әкем «Базар-Назарын» көзі тірісінде көп айтпай кетті. Өзгенің де айтқанын аса қалай бермейтін. «Тағдырдың қысастығына күйініп жүріп, іштегі зарымды айтамын деп, Құдайға тілім тиіп кеткендей сезінемін. Алла тағалаға өкпе жүрмейді, ешкім бұйрық бере алмайды. Біздікі әншейін пендешілік қой», – деп отырушы еді жарықтық».

Жылдар өте балалы-шағалы болып тамырын тереңге жайған Кенекең осы ән үшін Алладан талай кешірім сұрап, намазында да, жұрт алдында да айтып отырады екен. 

Екі Кенен тумайды, Алатауға ексең де...

Кенекең сексенге келсе де аттан түспепті. Жұбайы Нәсиха апаның «Кенен-ау, өзіңді баяғы жиырма бестегі жас жігітпін деп ойлайсың-ау деймін. Оқыс аттан құлап мертіксең не боламыз? Қартайған шағыңда мұныңа ел күлмей ме? Мәшинеңе неге мінбейсің?» деген сөзіне қарт ақын: «Ат адамнан да ақылды. Мәшинеңе болайын. Оған тегіс тас жол керек. Ат баратын жерге жете алмайды. Ойжайлауға түспеген соң, оның кәусар бұлағынан су ішпеген соң оның несі қызық?» деп жауап беріпті. Кенекеңнің сексен жасында шығарған «Бес қуаныш», «Қайран, жастық», «Қазақстан аймағы» секілді әндерін де халқы қазынаға балады.

Кенекеңнің 90 жылдық мерейтойы 1974 жылы Қордай ауданындағы Бөлдек тауының етегінде республика көлемінде аталып өтті. Сонда тойға арнап 217 үй тігіліпті. Бәйге өткізіліп, балуандар боз кілем үстінде атой салды. Ұлттық ойындар ойналып, әншілер әнін шырқап, бишілер биін билеп,думандатқан той болды. Халқы Кенендей өнерпазына лайық құрмет көрсетті. Қордай өңірі мұндай ұлан-асыр тойды бұрын-соңды көрмеген еді. Той соңында «Тоқсан жас деген қалай болады екен? Қамшылауға келе ме екен өзі?» деп сұрай келгендерге арқалы ақын:

Оңаша үйде отырмын,

Өткенімді сағынып.

Тоқсан жасқа келгенде,

Нәсихаға бағынып, – деп өлеңдетіп жауап берген екен. Өмірінің соңғы жылдары туралы ұлы Бақытжан: «Тоқсан екіге келгеннен кейін, жарықтық сезді ме, бір дәптерге қырғыздардан бастап, Күнгей Алатауы, Тоқмақ, Бішкек деп, өзі араласқан барлық адамдардың аты-жөнін жазып кетті. «Мен өлгеннен кейін сендер мұның барлығын қайдан білесіңдер? Білмейсіңдер ғой. Ашаршылық кезде, көтеріліс кезінде маған көп жанашырлық көрсеткен қырғыз ағайындар бар. Өнерімді жоғары бағалаған азаматтар бар. Бәрін сендер жазып алыңдар. Анау-мынау болып кетсем, осыларға хабар бересіңдер», – деп үйретіп кетті. «Анау-мынау шаруаның бәрін үкімет өз қолына алады. Мен халықтың арасында өскен, өмір бойы Алла тағалаға құлшылық етіп, намаз оқып өткен адаммын. Сондықтан келген үкіметтен бір күн рұқсат сұраңдар. Менің жаназамды аударады, мұсылмандық жолымен шығарыңдар. Қалғанын үкімет өзі білер», – деді. Қанша молда келетініне дейін, оған қанша тиын тебен берілетініне дейін айтып кетті. Тура солай болды. 17-18 молда келді. Кәделердің бәрін істеді. Ертеңіне Мәдениет сарайына сүйегін алып кетті», – деп баяндайды.  

Балаларының айтуынша, намазын қаза қылмаған, Құдайдың алдындағы күпірліктен қатты сақтанған, «сал-серілердің соңғысы» атанған Кенекеңнің ақтық сапары да өзі қалағанындай, жаназасы шығарылып, Құран хатым етіліп, өткізіліпті. Талай жыл Кеңес үкіметінің әнін айтып, идеологиясын жырға қосса да, ақиқатты танып, Құдайды тапқан жүрегі оны өмірінің соңында да адастырмады. Соңғы сапарға да даналықпен аттанды. Ақынның өзі:

Міне, келдім сексенге,

Жүрегім таза, өкпем де.

Екі Кенен тумайды,

Алатауға ексең де... – деп жазғандай талай дүлдүл өмірге әлі келер-ау. Бірақ Кененнің қайта тумасы анық.

Алматыдағы Кенен ақын ескерткіші

2 пікір
  • BQ
    Керемет екен. Нағыз адами қасиетін шама-шарқынша сақтап жаратушысына құлшылық етіп кеткен К.Әзірбаев бабамызды Алла Рахметіне бөлесін.
    8 жыл бұрын
  • Аллаһ разы болсын бұл кісіге!!!
    8 жыл бұрын