Әркімнің қолында смартфон һәм әлеуметтік желілер айтарлықтай күшке ие болған қазіргі уақытта қоғамда бір мінез пайда болды: кінәлау да оңай, даттау да оңай, ақтау да оңай. Халық тобыр секілді ештеңенің байыбына бармастан шала пікірдің соңынан ере кетеді. Әлеуметтік желіні аша қалсаңыз, бүгін бір адамды, ертең тағы біреуді жапа-тармағай табалап жатқан жұрт. Ол «кінәлі», бәлки шенеунік яки әкім, болмаса, мұғалім, дәрігер, тіпті зиялы қауым болуы мүмкін. Жабыла мақтаудың да жөні солай. Сонда бұл халықта әділет жоқ па дейсің.
Өз заманында бұл әділетті Абай да іздеді. «...өзге жұрттан сөзі ұзын» ұлтының түрлі мінезін көріп, күйінді. Күресті. Жазды. Одан бері де қаншама су ақты. Ал сол Абай таныған, танып отырып жерінген қазақ бүгінгідей жаңа ғасырда, әсіресе «Жаңа Қазақстанда» өзгерді ме?..
Жалған сөзге жалаң ұран қосып, аспандата жөнелетін біртүрлі ғадетке қазір бойымыз үйренгендей. Десек те талғамсыз, таразысыз айтыла салатын ойдың соншалықты құбылмалылығына таңғаласың. Ақ-қарасы беймәлім ақтау, даттау, жақтау, мақтаулардың толқыны тасқын селдей соғады. Сонда сөзінде әділет жоқ бұл қаңбақ-мінездің сыры неде?
Ұлттың мәдениеті мен интеллектісі сол руханияттың салмағын көрсетсе керек. Ал бұл деңгейдің шама-шарқы, әрине, білімге, оқуға байланысты. Дәл осы тұста қазіргі қоғамның кітапты аса оқи қоймайтыны есіңе түседі. Одан бөлек, идеологиядағы, билік көзқарасындағы руханияттың рөлі де белгілі. Бір жағынан, жақсы өлең оқып, рақаттанбаған яки тәуір шығармаға риза болып, ләззат алмаған, классиканы танымаған халықтың талғамы да жеңіл ойға, желең сөзге бейім болатыны заңды да. Оның несіне таңғаламыз...
Әсіресе кейінгі жылдары жалпы Қазақстанда өмір өзгерді: қалада да, ауылда да тұрмыс мәз емес. Қымбатшылық жалақысы төмен халықты қысып барады. Күн көрісі қиындаған жұрттың білім алуға, кітап оқуға, бала тәрбиелеуге, саясатқа, ұлт болашағына алаңдауға уақыты жоқ. Құлқы да көрінбейді. Әлеуметтік желілердегі жөнсіз жортқан жаппай айыптаулардың бір себебі, бәлки, содан болар. Өз өміріне көңілі толмаған халық қоғамға бір наразылығын білдіргісі келер. Әділетсіз кінәлаулар іштегі өшпенділіктің дауысындай сезіледі. Бұл да – әлеуметтік трагедия.
Енді бір жағынан, тобырлық мінез қай халықта да бар дейсің. Оны білімсіздіктің, мәдениетсіздіктің, талғамсыздықтың бір көрінісі ретінде көреміз. Дегенмен қазақ қоғамында бұл көріністің кейінгі уақытта ауа жайыла белең ала бастағаны алаңдатады. Ал оған әсер етуші факторларға келсек, халық көзқарасындағы бірінші «кінәлі», әрине, билік. Жалпы, қоғамның билікке ешқашан көңілі толған емес. Бұл заңды да. Сөйте тұра кейде қариялардың кешегі кеңес өкіметін ешқашан жамандамайтынына таңғаласың (аңғалдық па, әлде ақиқат па?) Қазір жұрттың билікке айтар арызы көп. Қанттың бағасынан басталатын «мұңды жыр» жалпыхалықтық сипат алған қымбатшылыққа ұласады. Ал жалақының жайы белгілі. Қоғам Үкіметтің алдында «керектен» басқа сөз айтпайды: жұмыс керек, жақсы айлық керек, үй керек, мектеп, жол, ауызсу, газ, жарық, тағысын тағылар. Яғни қоғамның алдында бәрі кінәлі: қазынадағы қаржыны жымқырған шенеуніктерден бастап, пара алатын әкім-қараларға дейін. Одан бөлек, ұстаз баланы шала оқытқаны үшін кінәлі, ал дәрігер дұрыс емдемегені үшін кінәлі, жазушы жақсы жазбағаны үшін жазықты. Әсіресе Қаңтар оқиғасынан кейін һәм дәл қазіргі «Автобан шұбырынды» тұсында билікке деген жалпыұлттық қарсылық тіпті үдеп тұр.
Ал ең басты «кінәлі» – уақыт. Біз қазір шетелдік өнімдерді тұтынамыз, шетелдің киімін киеміз, шетелдің киносын көреміз. Кейде «Қазақстанда отыз жылда не дамыды?» деп ойлауыңыз мүмкін. Шындап келгенде, бұл өте-мөте қауіпті сұрақ. Жауабы да жүрек ауыртады. Сыбырлап айтсақ, Қазақстанда отыз жылда жемқорлық, парақорлық, рушылдық, тамыр-таныстық сынды ішмерез қасиеттерден басқа ештеңе дамымапты.
Сонымен, осылайша, халық үшін бәрі «кінәлі». Ал кінәсіз кім?..
egemen.kz/