Ислам әлемі елдерін ұйыстырушы түп негіз – ислам діні мен құндылықтары. XX ғасырдың бас кезінде әлем мұсылмандарын мәдени өрлеуі мен инновациялық-модернизациялық өрлеу жолдарын іздеуде мұсылмандық шығыс елдерінде рухани құндылықтарды қоғамдық өмірді, экономиканы, саясатты өркендету жолына тиімді қолдану керектігі жиі айтыла бастады. Мұсылман дүниесінің рухани мұрасын зерттеу, бір дінді ұстанатын түрлі халықтардың мәдениеті мен дәстүрін салиқалы талдау үшін және бұл аймақтағы мемлекеттілік тарихын, мемлекет және дін қатынасын айқындаушы саяси-философиялық ой мұрасын зерделеу мұсылмандық шығыстың ділі мен рухани жан-дүниесін ұғынуды қажет етеді.
ХХ ғасырдың 50-60 жылдары араб әлемінде исламдық басқару тұжырымдамасы қазіргі заман жағдайында мұсылмандық қоғамды құру аясындағы зайырлылық пен діни билік арасындағы қатынасты айқындауды қажет етті. Араб әлемінде ХХ ғасырдың 50-60 жылдары әлеуметтік-экономикалық және саяси дамудың жолын таңдаумен байланысты түбегейлі жаңа мәселелерді көтерді. Араб-мұсылман елдері үшін капиталистік және социалистік құрлыстан өзгеше үшінші жолды іздеудің тұжырымдамалары пайда бола бастады. Алғашқы ислам тарихында болған мемлекеттілік дәстүрін қайта көтерген зайырлы және діни бағдардағы саясаткерлер араб елдері үшін бірден бір тұрақты даму жолы мұсылмандық өмір салтын ұстану деп көрсетті. Бұл тұжырымдамалар ішінде ислам социализмі, ислам экономикасы, ислам мемлекеті ұғымдары дәстүрлі ислам құндылықтары мен заманауи мемлекеттік қағидаларды нақты елдің ерекшелігімен үндестіріп, саяси және әлеуметтік-экономикалық жағдайды модернизациялауды ұсынды.
ХХ ғасырдың орта тұсында ислам социализмі араб елдеріндегі түрлі саяси қозғалыстар ұстанымының ажырамас сипатта болды. Ислам социализмі дәстүрлі ислам құндылықтарын батыстың демократиялық ұстанымдарымен үндестіре отырып, қоғам мүддесі үшін тиімді пайдалануды ұсынды.
Сауд арабиясы ислам әлемінің қасиетті екі мешіті орналасқан ел. 32 миллионға жуық ел халқының 11 миллионны еңбек мигранттары. Атап айтсақ, 2,5 млн-үнділік, 2,5млн – сириялық, 1,5млн-пәкістан, 1,3млн-бангладеш, 1,5млн-филиппин азаматтары. Елдің діни құрамы негізінен 80% сүннит, 10-15% шииттік сенімді ұстанады.
Сауд королдігінің құрылуының идеологиялық мәні 1703-1792 жылдары өмір сүрген тамим тайпасынан шыққан шейх Мұхаммет ибн Абд әл- Уаһһаб ибн Сүлеймен ибн Әли ибн Мұхаммет ибн Ахмет ибн Рашид ат-Тамими есімімен байланыстыОның ілімі «китаб ат-Таухид» еңбегінде баяндалған. XIX-XIX ғасырдағы сауд династиясының билікке келуі 1744-1817 және 1824-1891 кезеңдерді қамтиды. Бүгінде сауд арабиясын сәлафиилік ұстанымдағы ел деп қабылдау орныққан. Сәләфилік сөзі сәләф әс-сәлихин «бұрынғы тақуалар» дегенді білдіреді. Сәләфилік ұғымы ислам тарихында алғашқы үш ғасырда өмір сүрген мұсылмандарды айқындайды. Сәләфилік ұғымы пайғамбарымыздың сахабалары және табиғиндердің, сонымен қатар, тақуа имамдардың тұсындағы алғашқы буын тақуалардың өмірі мен қызметін белгілеу үшін қолданады. Уақыт –категориясы өткеннен бүгін арқылы болашаққа бағытталатын түсінік. Сондықтан сәлафия ұғымы бүгінгі заманға қолданылмайтыны белгілі.
1726 жылы Мұхаммед Абд әл- Уаһһаб Рияд қаласының солтүстігінде орналасқан Хураймила кентіне қоныстанды. 1740 жылы туған кенті Уяйнаға қайта оралып, діни уағыз-насихат жүргізеді. Ол ой-пікірлері мен қөзқарастарын қарқынды тарату үшін Арабияның шығысындағы Дария елді-мекенінің ықпалды сауд отбасымен қарым-қатынас орнатады. ибн Абд әл-Уаһһабтың сенімдік ұстанымын (ақида) өздерінің саяси мақсаттарына пайдаланып, билік жүргізетін аймақтарын ұлғайтуды көздейді. 1745 жылы ибн Абдул Уаһһаб Риядтың маңындағы Дария кентіне көшіп келіп, осы аймақтың басшысы Мұхаммед ибн Саудпен танысып, оның қолдауына ие болады. 1765 жылы Мұхаммед ибн Сауд қайтыс болған соң орнына ұлы Абдулазиз басшы болды. Абдулазиз ибн Сауд Абдул Уаһһабтың ой-пікірлері мен қөзқарастарын басшылыққа алады. 1773 жылы олар Рияд қаласын басып алып, басқа аймақтарға да ықпал етуге ұмтылады. Мұхаммет ибн Абдул Уаһһаб жолын ұстанушылар Арабияның шығысын мекендеген көптеген тайпаларды біртіндеп бағындырып, аймақтарға өз билігін мойындата бастайды. Хижаз аймағының бірқатар тайпаларын бағындырып, Сирия аумағындағы Мазириб жеріне дейін билігі жүретін болды.
Сауд отбасы Осман империясына қарсы күресте араб ұлтшылдығы мен панарабизм идеясын ұстанды. Осылайша, олар ибн Абд әл- Уаһһабқа әскери тұрғыдан көмек беруге келіседі. Ибн Абд әл-Уаһһаб өз қолдаушыларына сүйене отырып, бірқатар бәдәуи тайпаларын өздеріне қаратып, әскери қуатын күшейте түседі.
1791 жылы Мекке қаласының жанын мекендеген бәдәуи тайпалары Абдулуаһһабтың діни ілімін қабыл алып, олардың билігін мойындайды.
1811 жылдары Сауд әулетінің билік ету аясы Аллеподан Үнді мұхитына, Парсы шығанағынан Қызыл теңізге дейінгі аймақтарды қамтыды. 1814 жылы Сауд пен оның ұлы Абдуллаһ тұтқындалып, 1818 жылы Стамбулда дарға асылады. 1824 жылы уаһһабшылдар Рияд қаласын өз қарамағына алып, Нежд аймағын бағындыруға көшеді. 1916 жылы Сауд әулеті ағылшын билігінің қолдауымен Нежд, Хаса, Катиф, Жубаил және басқа аймақтарды өз қол астына алды. Сауд әулеті біртіндеп Хижаз аймағын өз билігіне қаратты. 1925 жылы Мекке қаласына билігіне қол жеткізген соң 1926 жылы Абдулазиз ибн Сауд өзін Нежд және Хижаз королімін деп жариялады. 1926 жылы ағылшын билігімен жасалған Жидда келісім шартынан кейін Хижаз корольдігінің тәуелсіздігі жарияланды. Королдіктің тәуелсіздігін 1926 жылы -КСРО,1927жылы-Ұлыбритания,1931 жылы АҚШ мойындады. КСРО-ның Сауд Арабиясындағы тұңғыш елшісі -Н.Төреқұлов болды. 1932 жылы Асир,әл-Хас,Катиф елді мекендері алынған соң Сауд корольдігі жарияланды.
Қазіргі Сауд арабиясында христиан (католик, протестанттық, ежелгі шығыс шіркеулері), индуизм, бахаи, сикх, будда ілімін ұстанушылар бар. Елдегі өзге дінді ұстанушылар құлшылықтары мен діни рәсімдерін үйде өткізеді.
Басқа дінді ұстанушылар үшін діни заттар мен рәміздерді жария түрде ұстауға болмайды. Шариат гвардиясы діни қағидалардың сақталуын бақылайды. 2018 жылы қаңтарда АҚШ мемлекеттік департаменті Сауд Арабиясын діни сенім бостандығы сақталмайтын елдер тізіміне қосты. Сауд Арабиясы ислам іліміне негізделген абсолюттік монархия. Сауд Арабиясы БҰҰ құрушы мемлекет және заманауи әлемдегі дамыған G-20 мүше ел. Сауд корольдігінің араб елдері мен мұсылман елдерінің ынтымақтастығы үшін интеграциялық бастамалар көтеруі бірқатар біріккен халықаралық ұйымдардың пайда болуына алып келді.
Қасиетті қос мешіт иесі Сауд Арабиясы араб әлемінің саяси, экономикалық және мәдени негізде біріктіретін ұйымдардың қалыптасуы мен өркендеуінде маңызды рөл атқарды. 1926 жылы Абдел Азиз Мекке қаласына ислам елдері басшыларын дүниежүзілік мұсылман конгресіне шақырды. 1954 жылы Сауд Арабиясы, Мысыр, Пәкістан бастамасымен Ислам конференциясы құрылды. 1962 жылы Мекке қаласында ислам әлемі лигасы құрылды. Қазіргі уақытта бұл ұйым ЮНЕСКО және ЮНЕСЕФ мүшесі болып табылады. Араб әлемі елдерін ұйыстырушы саяси ұйым Араб мемлекеттерінің лигасы 1945 жылы құрылды. Ұйымның құрылтайшылары Сауд Арабиясы Мысыр, Сирия, Трансиордания (Иордания), Ирак, Ливан. Құрамына 22 мемлекетті біріктіретін аталмыш ұйым мүшелерін ұйыстырушы негіз – араб тілі, ислам діні, ортақ тектік негіз және тағдыр ортақтығы. 1969 жылы Сауд Арабиясы және Марокконың бастамасымен құрылған Ислам ынтымақтастық конференциясына мүше 57 елдің 28 мемлекетінде ресми дін ислам болып табылса, ал 18 мемлекетте мұсылмандар діни азшылықты құрайды. Ислам ынтымақтастық ұйымына мүше елдердің 85 пайызы сүниттер, шииттер 15 пайызын құрайды.
1992 жылы қабылданған Сауд Арабиясы конституциясының бірінші бабына сай елдің мемлекеттік діні - ислам, ел конституциясының негізі - Құран Кәрім және сүннет болып саналады. 2-бапта ораза және құрбан айт мемлекеттік мейрамдар, 3-бапта мемлекеттік байрақта шахада жазылғаны баяндалған. 5-бапта елдегі билік Абдел азиз Абдел Рахман әл-Фейсал әл-Сауд және оның ұлдарына тиесілі екендігі, (бүгінде 22 мыңнан аса еркек кіндікті сауд ұрпақтары бар) 6-бапта ел азаматтары құран мен сүннет негізінде ант беретіндігі, 7-бапта сауд билігі құран мен сүннетке сай жүргізлетіндігі, 8-бапта ислам шариғатына сай басқару - әділеттілік,теңдік,келісім қағидаты, 9-бапта сауд қоғамының негізі - отбасы және отбасы мүшелері ислам негізіне сай құран мен пайғамбарға, билік өкілдеріне бағынуы тиіс деп көрсетілген. 44-бапта мемлекеттік билік: сот билігі, атқару билігі, заң шығару билігінен тұратындығы көрсетілген. 45-бапта королдікте пәтуа шығару негізі құран мен сүннет, сондай-ақ, ғұламалар кеңесі, ғылыми зерттеулер мен пәтуалар басқармасының құзіретінде деп көрсетілген. 55-бапта корол ұлттық саясатты ислам қағидаларына сай жүзеге асырады деп айқындалған. Сауд королі мемлекет және үкімет жетекшісі. Сауд королі өзін екі қасиетті мешіттің күзетшісі деп атайды. Ел өміріндегі маңызды шешімдер сауд отбасының беделді мүшелері мен белгілі дін қайраткерлерінен құралған ақылдастар кеңесімен қабылданады. Бұл кеңестің 40 мүшесі бар. 1975 жылы қабылданған низам бойынша сот жүйесі - бір қазы үкім беретін алғашқы сот, үш қазы үкім беретін жалпы сот және 20 қазыдан құралған жоғары соттан тұрады. Жоғары сот кеңесі белгілі және беделді дін ғұламаларынан құралған. Жоғары сот кеңесі мүшелерін корол тағайындайды. Құқық бұзу үш топқа бөлінеді: хадд (қарақшылық, бүлік, зина жасау, күпірлік, жала жабу, құмар ойын), кисас(адам өлтіру), тазир (қоғамдық тәртіпті бұзу, есірткі дайындау, сақтау, тарату, ішімдік ішу). Кисас қылмыстық әрекеті үшін құн төлеу ( дия), тазир қылмыстық әрекеті үшін тәрбиелік мақсатта сұқбаттасу, кей жағдайда дүре соғу қарастырылған. Сиқырлық және дуа (оккульттік-магиялық қызмет) жасағандар өлім жазасына кесіледі.
Елдің шығыс аймағында шииттік қауымдар бар. Шииттер наджран, асир аймағында басым. 1993 жылы шииттік дін басыларына аш-шура мәжілісінен орын берілді. 2005 жылы шииттерге ашура рәсімін атап өтеуге рұқсат берілді. 2007 жылы Ватиканмен дипломатиялық қатынас орнатты. 2011 жылы елдің шығысында шиитік қауымның наразылықтары болып өтті. Сауд Арабиясының билік орындары шиит қауымының лидері шейх Нимр әл-Нимрді осы аймақта халық наразылығының тууына кінәлі деп тапты. Басшыға қарсы шыққаны үшін 2016 жылы қаңтарда әл-Нимр өлім жазасына кесілді. Бұл жазаТаяу Шығыста дипломатиялық дағдарыс тудырды. Сауд Арабиясы, Бахрейн, Судан, Сомали, Джибути Иранмен дипломатиялық қатынасын тоқтатты. Тегерандағы Сауд елшілігіне ашынған топ басып кірді. Кувейт Ирандағы елшісін шақырып алды. Сауд арабиясы Иранның таяу шығыстағы басты бәсекелесі. Қазіргі кезде сауд арабиясы бастаған коалиция йемендегі шииттіктің зейд ілімің ұстанушы хусилермен күресуде.Иран хусилерге көмек беруде. Ал АҚШ сүнниттік араб елдері және иран арасындағы келіспеушілікті аймақтағы өз мүддесін жүзеге асыру жолында пайдалануды көздейді. Сауд арабиясы саяси-қоғамдық және экономикалық жүйені трансформациялауға бағыт ұстануда. 2016 жылы қабылданған «2030-жоспары» аясында 80 жобаны іске асыру көзделген.Сауд билігі елдің мұнай экспортына тәуелділігін шектеу мақсатында қадамдар жасауда. 2005 жылы king Abdullah economic city қаласы құрлысына 100 миллиард доллар бөлінді. 2009 жылы корол Абдулла атындағы ғылыми-технологиялық университеті (Kaust) ашылды. 2,5 миллиард доллар жұмсалған университет аумағы 36 шаршы шақырымды алып жатыр. Университет құрамында химия, биология, математика, физика, инженерия факультетері бар.Университетте ұлдар мен қыздар оқиды. 2017 жылы күзде тақ мұрагері Мұхаммет ибн Салман әл-Сауд футуристік және жаңа технологиялық Нео-мустакбал (Неом) мегаполисі жобасын ұсынды. Құны 500 миллиард доллар тұратын қала акаба бұғазының шығыс тұсы мен қызыл теңіз қиылысында салынады. Неом қаласының аумағы 26,5мың шаршы шақырымды құрайды. Жоба бойынша қызыл теңізге көпір салу көзделген. Елде урбандалу көрсеткіші жоғары,халықтың 85% қалаларда тұрады. 1990 жылдың аяғында көшпелі тайпалардың 90% отырықшы өмір салтына көшкен[1]. Ел халқының 65% -ін 30 жасқа дейінгі жастар құрайды. Сауд Арабиясының жалпы табысының 69,2% мұнайдан түседі. 2017 жылы қазанда Сауд арабиясының тақ мұрагері Мұхаммет бен Салман ибн әл-Сауд байсалды діни ұстанымды жаңғыртуды қалайтының көрсетті. Түркия президенті Р.Ердоған байсалды ислам ұғымы еуропалықтардың исламды әлсірету үшін ойлап тапқаны термині деп атап көрсетті.Қазіргі таңда сауд билігі радикалды әсіре діни идеологияны тоқтату жолымен елдің батыс әлеміндегі позитивті имиджін қалыптастыру үшін жұмыстар жүргізілуде. «Жалпы алғанда, Сауд Арабиясы арабаралық және исламдық ынтымақтастықты нығайтуға, экономикалық және гуманитарлық өзараәрекеттестік жолында бейбіт сыртқы саясат жүргізеді»[2]. 2017 жылы қазанда Эр-риядта өткен халықаралық конференцияда тақ мұрагері Мұхаммет бен Салман ибн әл-сауд біз барлық дінге ,дәстүрге,халықтарға ашық ізгі және тағатты ғұрыпқа ораламыз деп көрсетті. Елдің ішкі істер министрлігінде идеологиялық қауіпсіздік басқармасы құрылды. Басқарма қызметкерлері мешіттерде діни экстремизмге қарсы уағыздар жүргізеді. Себебі аймақтағы кейбір радикалды діни ағымдар елдегі тұрақтылыққа қарсы әрекет жасайды. «Сауд Арабиясында діни білім алған жастар мен қажылық парызын орындаушы діндарлар дүниетанымдық және психологиялық өңдеуден өтеді. Жастарға осы ілімді насихаттайтын әдебиеттер, аудио және видео жазбалар беріледі»[3]. Қорғаныс министрлігінде әлеуметтік желілерде экстремизм мен терроризм идеологиясы таралуының алдын-алатын орталық жұмыс жасайды. Елдегі реформалардың табысты жүруі үшін элитаның, мемлекеттік аппараттың, халықтың, әсіресе беделді клерикалдардың қолдауы керек. Мұхаммет бен Салман ибн әл-сауд реформалық ниетін іске асыру мақсаты аталған қоғамдық топтардың мүддесімен үйлесім табуын уақыт көрсетеді. 1980 жылдары жабылған мемлекеттік театрлар мен кинотеатрлар 2017 жылы қайта ашылды. Сауд Арабиясының бас мүфтиі шейх Абдел Азиз бен Абдалла аш-шейх Al-Majid телеканалына берген сұхбатында кинотеатрда фильмді тамашалау ислам әдебіне қайшы келетіндігін айтқан болатын. Ғұламалар кеңесінің бас хатшылығы реформалық қайта құрулар дінге қайшы келмеу керектігін тұжырымдады. Сауд Арабиясының «жас арабтар» реформасы консервативтік дінбасылар тарапынан қарсылықтар тудыруда. 2011 жылғы «араб көктемі» төңкерісінен сабақ алған«жас арабтар» қоғамдық өмірдің барлық салаларын модернизациялау арқылы сауд қоғамын түрлі тұрақсыздықтар тудырушы жобалардан сақтандыруды қалайды. 2017 жылы мамыр айында әйелдерге жұмысқа, оқуға және мемлекеттік мекемелерге жалғыз баруға және стадионға күйеуі не жақын туысымен баруға рұқсат берілді. 2018 жылы қаңтарда қыз-келіншектер стадионның арнайы секторында футбол ойының тамашалады. 2018жылы туризмді дамыту мақсатында жасы 25 жастан асқан шет елдік қыз-келіншектерге өздерінің қамқор ер адамдарынсыз ел аумағына жалғыз келуіне рұқсат берілді. 2015 жылы жергілікті және өңірлік мәжіліс-шураға тұңғыш рет әйелдер сайланды. 2017 жылы құрылған жемқорлыққа қарсы күрес комитеті қарашада бірнеше мемлекеттік қызметкерлер мен ханзадаларды тұтқындады. 2018 жылы қантарда коммуналды қызметті төлемеген 11 ханзада қамауға алынды. Жемқорлыққа қарсы күресетін арнайы топ «әл-Сайф-әл-Ажраб» тек корол күзет қызметіне бағынышты. 2018 жылдың маусым айынан әйелдерге автокөлік жүргізуге рұқсат берілетін болды.
Сауд арабиясы таяу шығыстағы АҚШ -ның сенімді стратегиялық әріптесі және оның ықпалындағы ел. 1971 АҚШ пен Сауд билігі арасындағы келісім мұнай бағасы мен ақш валютасы байланысын айқындады.2017 жылы мамырда саудия және ақш 300 миллиард доллардың сауда-экономикалық келісіміне қол қойды. Ислам әлемінде көшбасшылыққа ұмтылған Саудия әскери қуатын өсіруге назар аударуда.
2017 жылы күзде Сауд арабиясы және ресей 100 миллиард доллардан аса сауда-экономикалық келісіміне қол қойды. Қазіргі таңда «жас арабтар» көздеген реформаның табысты болуы елдегі керітартпа радикалды идеологияны ауыздықтау және қоғамның модернизациялық өзгерістерге деген сенімін ояту арқылы консервативтік ұстанымдағы беделді дінбасылары және тайпа басшыларының қолдауына ие болуымен айқындалады. Сауд Арабиясының модернизациялық үдерістерінің келешегін алдағы жылдар көрсетеді. Дегенмен, салафизм идеологиясының отаны саналатын сауд қоғамында замана үдерісіне сай сең қозғалды. Саудиядағы модернизациялық үдерістер парсы бұғазының өзге елдеріне де ықпал етуі мүмкін. Ислам әлемінде маңызды орынға ие бұл ел үшін дәстүрлі діндарлық пен рухани құндылық елдегі шынайы өзгерістердің түп тірегі. Бұл өз кезегінде ислам әлеміндегі салиқалы және сабырлы діни ұстанымның орнығуына жол ашады,кейбір деструктивтік ілімдерге тосқауыл қояды.
1.Александров А.Монархи Персидского залива:этап модернизации.М.2000.С.62. Казахстан и ОИК.А.2011.С.103.
2.Б.Бейсенов.Исламдағы жаңа ағым.//Наука и новые технологии.№3.2009.296-б.