Рамазан айы – жақсылық жасауда жарысатын ай. Тағат-құлшылықтарды арттыратын ай. Бұл айда сауаптар еселенеді, Дәрежелер көтерілетін ай.
Рамазан айында мүмін-мұсылманның қапы қалмау керек ісінің бірі – садақа. Өйткені садақа екі дүниеде де пайдасы мол сауапты іс, ал Рамазан айында оның сауабы, өзге айларға қарағанда еселене түспек. Хадис ғалымы Имам Тирмизи (рахимаһуллаһ) өзінің хадистер жинағында мынадай бір хадис келтірген. Әнәс ибн Мәліктен жеткен бұл хадисте Алла елшісі (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) былай деп айтады:
أفضل الصدقة صدقة في رمضان.
«Садақаның абзалы – Рамазан айында берілген садақа»[1].
Пайғамбарымыз (с.а.у.) жомарт еді. Ал Рамазан айында мүлдем жомарттығы арта түсетін болған. Абдулла ибн Аббас бұл жайында былай деп тілге алады:
«Алланың Расулі адамдардың ең жомарты еді. Ал жомарттығы Рамазан айында одан сайын артатын...»[2].
Алла елшісінің (с.а.у.) Рамазан айында садақа беруді көбейтуі – бұл айда садақа берудің өзге айларға қарағанда сауабы мол әрі пайдасы көп екендігіне дәлел.
Құрметті оқырман, садақаның екі дүниеде де пайдасы мол құлшылық түрі екендігі мәлім. Алла Тағала сауап үшін дүние жұмсаудың мысалын, кейіннен өніп өскен бидай дәніне ұқсатқан. Құранда былай делінеді:
«Мал-дүниелерін Алла жолына жұмсаушылардың мысалы - әр сабағында жүз түйір дәннен болған жеті сабақты өсірген бір дән тәрізді. Алла қалаған адамына еселеп береді. Алла кең, әрі білгір»[3].
Енді ойлап қараңыздар, бір бидай сабағында жүз дәннен болса, жеті сабақ жеті жүз дән деген сөз. Демек, Алла Тағала бұл аятында: берген бір теңге садақаға жеті жүз есе сауап берілетіндігін баяндап тұр. Он теңге берсеңіз жеті мың сауап, жүз теңге берсеңіз жетпіс мың сауап - осылайша қаншалықты көп берсеңіз соншалықты оның жеті жүз есе қарымы бар дегенді білдіруде. Недеген керемет салым!
Ал бұған Рамазан айындағы артықшылығын қоссақ, қаншама сауап! Мысалы, Алла елшісі (с.а.у.) Рамазан айында жасалған бір мұстахаб амалдың дәрежесін басқа айларда орындалған парыз амалмен теңестірген. Ол (с.а.у.) өзінің бір сөзінде былай деген:
«Кімде-кім бұл айда сауап үшін ұнамды бір көркем іс істейтін болса, ол ісі өзге айларда орындалған парыз амалмен тең. Ал кім осы айда (Рамазанда) бір парызды орындайтын болса, онысы өзге айларда орындалған жетпіс парыз амалмен тең»[4]. Хадис (Ибн Хузайма).
Имам Харамайнидің айтысына қарағанда бір парыз амалдың дәрежесі – жетпіс нәпілге тең екен. Демек, Рамазан айында берілген бір нәпіл садақаның Алла алдындағы дәрежесі – өзге айларда берілген жетпіс нәпіл садақаның дәрежесімен тең деуге болады. Және де, оны жеті жүзге көбейтіңіз. Қаншама сауап!
Ендеше, мұсылман қауым! «Жарты құрмамен болса да өздеріңді тозақтан аман алып қалыңдар» - деп ардақты Пайғамбарымыз (с.а.у.) айтқандай, осы қасиетті айда шама-шарқымызша садақа беріп, сауабымызды еселеп алалық. Алла Тағала тұтқан оразаларыңызды, жасаған құлшылықтарыңызды және берген садақаларыңызды қабыл етсін және еселеп сауаптан жазсын!
[1] Имам Тирмизи: «Сүнән».
[2] Имам Бұхари: «Сахих Бұхари».
[3] Құран Кәрім: «Бақара» сүресі, 261 аят.
[4] Сахиху Ибн Хузейма