Атам қазақ: «Алтау ала болса – ауыздағы кетеді, Төртеу түгел болса – төбедегі келеді» деген емес пе? Ал алтауды ала болдыратын не? Әрине, алауыздық. Осы қасіреттің зардабын көп тартқан халықтың бірі – қазақ. Оның бұл осалдығын жаулары жақсы пайдалана білді. Абай атамыз Үшінші қарасөзінде: «Қазақтың бірінің біріне қаскүнем болмағының, бірінің тілеуін бірі тілеспейтұғынының, рас сөзі аз болатұғынының, қызметке таласқыш болатұғынының себебі не?» деп налитыны бар да, әрі қарай өзіне-өзі «мұндай күйге қалай түстік?» деп көлденең сауал тастайды да, оған «Етінен өткен, сүйегіне жеткен, атадан мирас алған, ананың сүтіменен біткен надандық әлдеқашан адамшылықтан кетірді» деп (41-қарасөз) жауап береді.
Осы орайда ортағасырлық мұсылман мәдениетінің ірі өкілі, ойшыл ғұлама Ахмад ибн Рушд, қандай да бір халықтың қор болуына оның жаһилдігі (надандығы) себеп деген екен. Яки бұқараны надандыққа жетектейтін дүние – білімнен алыстауы. «Білімсіз адам – білтесіз шам сияқты» дегендей, ол жарық шашпайды. Басқаның қорлауына, саяси-тарихи таным тұрғысынан айтқанда отарлық қамытын киюге бейім күйге ұшырайды. Өткен ғасыр басында ақын Мағжан Жұмабев айтқандай қазақ халқы «Ұйқы басқан қабағын, Бастыра киген тымағын, Жалқаулықты жар көрген. Жүрген ескі заңымен, Алдындағы малымен, Бірге жусап, бірге өрген» қауымға айналды да патшалық Ресейдің отарлауына тап болды.
Бұл үрдіс көшпелі өмірден әлі ажырамаған халықтың сан ғасырдан бері жалғасып келе жатқан қоғамдық қатынасы мен өмір сүру дағдысын өзгертіп жіберді. Ең сорақысы, елішілік береке-бірлікке және тұстастыққа нұқсан келтіретін заң-жарғылар қабылданды. Мысалы, 1868 жылы «Орал, Торғай, Ақмола, Семей облыстарын басқару жайлы уақытша ереже» қабылданып, қазақ арасындағы аға сұлтандық билік жойылып, Ресейдің басқару жүйесін жақтайтын болыстық басқару қабылданды.
«Жоғарыда қабылданған жаңа низам ережесінің негізінде, – деп жазады үлкен қаламгер Әбіш Кекілбаев: – Ел ішінде алауыздық пен берекесіздік өршіп кетті, байырғы қалыптасқан ел билеу жүйесі әдейі аяққа басылды, жаңадан «уездный начальник», «земский начальник» дейтіндер пайда болды. Қазақ даласы дәстүрлі мемлекеттік сипатынан айырылды, басқа топырақта қалыптасқан бюрократтық билеу жүйесі күшпен телінді. Елден гөрі өз басын, ұлттан гөрі ағайынын көбірек қамтып, ақылдан гөрі айла-шарғыны көбірек малданатын пысықайлардың «партияшыл», «топшыл» күресі етек жайды. Ру-ру болып, ата-ата болып, билікке таласу да содан шықты», деп баян етсе, 1914 жылы «Айқап» журналының 13-санында жарияланған, ІІ Екатерина патшайымның қолы қойылған «Қазақ жерін отарлау жоспары» жайлы құпия жарғыда: «Қазақтың ру басылары мен сұлтандарын бірімен-бірін араз қылып, бірімен-бірін иттей таластырып, бірінің етін бірі жейтіндей іс қылу керек. Ол үшін атам заманнан қалыптасқан хандық билікті алып тастау арқылы, қара қазақтың билікқұмар нәпсісін оятып, арасына от тастап, быт-шыт ету керек» делінгені жайлы мәлімет айтылыпты (Қ.Әбуов. Қазақстан тарихының «ақтаңдақ» беттерінен. Алматы, «Қазақстан». 1994 ж. 47-б) .
«Өйткені отаршылар әуелі, қазақ қоғамының рулық тұтастығы жүйелене отырып, қоғамдық басқарудың биік иерархиясы хандық билікті берік ұстап тұрғанын жақсы білді. Өйткені қазақ халқының дәстүрлі ру-тайпалық жүйесі мен сол жүйеге орайласа қалыптасқан потестарлы-саяси құрылымын жоймайынша, қазақ қоғамына толық үстемдік ету мүмкін емес еді», деп жазады жазушы Ақселеу Сейдімбек 2008 жылы жарық көрген «Қазақтың ауызша тарихы» атты көлемді монографиясында.
Сөйтіп, отарлаушы сыртқы күш қазақтардың ішкі ісіне араласып, әсіресе ру-жүздердің әскери-саяси жағынан басын қоспауға қатты әрекет жасап, тайпалық одақ арасына от салып елішілік араздықты қоздыруды көздеді. Ақырында, олар қазақ қоғамын рулық бөлшектеу арқылы ғасырлық қалыптасқан бітім-құрылымын, ұлыстық тұтастығын, ағайынаралық береке-бірлігін бұзудың өте бір таптырмас тетігін тапты және оны жүйелі түрде, заң мен әскери құрылым күштерді пайдалана отырып, іске асырды.
Мұндай келеңсіз құбылыстарды тоқтатуға аға сұлтандардың шамасы да келмеді, билігі де болмады. Ғалым Тұрсын Жұртбай айтқандай, қарадан шыққан аға сұлтандардың дабырайған аты ғана болды. Барлық істі қасындағы көмекші екі орыс майоры жүргізді. Болыс сайлау рулық құрамды әдейі есепке алмай, территориялық бөлік бойынша жүргізілді. Бұл аралас рулардың ортасына от тастағанмен бірдей болды.
Дереккөз: egemen.kz/