Пайғамбарымызды (с.а.у.) сахабалардай жақсы көру үшін...
Пайғамбарымызды (с.а.у.) сахабалардай жақсы көру үшін...
8 жыл бұрын 4071
Сағыд ибн Муаздың Алла Расулына деген терең сүйіспеншілігі

 

Абдуллаһ ибн Әбу Бәкір былай деп әңгімелейді: «Сағыд ибн Муаз (р.а.) Пайғамбарымызға: «Уа, Расулалла! Сізге арнайы шатыр құрып, ат-көлігіңізді дайындап қоямыз. Сіз ешнәрсеге алаңдамай осында қалыңыз, жаумен өзіміз-ақ шайқасамыз. Егер Алла бізге жеңісті нәсіп етсе, нұр үстіне нұр, онда мақсатымызға жеткеніміз. Ал керісінше болса, Мәдинада қалған жақындарымыздың қасына ораларсыз. Өйткені олар да сізді біз секілді жақсы көреді. Олар сіздің шайқасқа кеткеніңізді білсе, ешқайсысы да қалып қоймас еді. Алла оларды да сізге көмекке жіберіп, олар да қасық қаны қалғанша шайқасып, көмектесер еді», – деді.

Алланың расулы (с.а.у.) Сағыдқа осы ұсынысы үшін алғысын айтып, ақ батасын берді».

 

Әлдебір сахабаның Алла Расулына деген шынайы сүйіспеншілігін білдіруі

Хазіреті Айша (р.а.) былай дейді: «Бір адам Пайғамбарымызға (с.а.у.) келіп: «Уа, Расулалла, сені жанымнан да, бала-шағамнан да артық жақсы көремін. Үйде отырған кезде есіме түсіп кетсең, бір сәт кідірместен өзіңе тартамын. Сөйтсе де, ақырет есіме түсіп кетсе, сенің жаннатта пайғамбарлармен бірге болатыныңды ойлап қамығамын. Ал мен жаннатқа кірген күннің өзінде өзіңді көре алмай қаламын-ау деп қорқамын» –деді

Пайғамбарымыз оның бұл ақтарыла айтқан риясыз сөзіне жауап қатпай, үнсіз қалады. Аз уақыт өткеннен соң, Жәбірәйіл періште арқылы Жаратқаннан мынадай аяттар түсті: «Кімде-кім Аллаға және Расулына мойынсұнса, міне, солар Алланың нығметтеріне ие болған нәбилер, сыддықтар, шейіттер, салих адамдармен бірге болады. Бұлар қандай ізгі жолдас еді!»(Ниса, 69).

 

Ардақты сахабалардың жанкештілік танытуы

«Қиямет күніне сары майдай сақтаған бар байлығым – Алла пен елшісіне деген махаббатым», – деген сахаба Әнәс (р.а.) былай деп түсіндіреді: Пайғамбарымыздан (с.а.у.) біреу: «Уа, Расулалла қиямет қашан болады?» – деп сұрады. Алла Расулы: «Қиямет күніне қандай дайындығың бар?» – деп өзіне қарсы сауал қойды. Әлгі адамның: «Менің Алла және Оның елшісіне деген махаббатымнан басқа ешқандай байлығым жоқ», – деген жауабына Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Олай болса, сүйгендеріңмен бірге боласың», – деді».

Хазіреті Әнәс одан әрі былайша жалғастырады: «Алла елшісінің «Сен сүйгендеріңмен бірге боласың», – деген сөзіне қуанғанымыз соншалықты – бұрын-соңды бұлайша шаттыққа бөленбеген едік. Мен де Пайғамбарымызбен бірге Әбу Бәкірді де, Омарды да жақсы көремін. Оларды жақсы көргендіктен, ақыретте солармен бірге боламын деген үміттемін». 

Ашыққан Пайғамбарымыз бен хазірет Әлидің басынан өткен бір оқиға

Ибн Аббас былай деп әңгімелейді: «Жоқшылық жонымыздан таспа тіліп, Пайғамбарымыздың (с.а.у.) үйінде бір үзім нан да қалмаған кез болатын. Хазіреті Әли (р.а.) мұны білген бетте Алланың расулына қайткен күнде де нан тауып бермек болып жұмыс іздеп, көшеге шығады. Бір яһудимен бір қауға су тартқанға бір құрма ақыға келісіп, құдықтан он жеті қауға су тартып, оның бақшасынан қалаған құрмасын таңдап алады. Хазіреті Әли жаңа піскен он жеті құрманы Пайғамбарымызға алып келеді. Расулалла (с.а.у.) хазірет Әлиге: «Әбул-Хасан, бұларды қайдан алдың?» – деп сұрады. Хазірет Али: «Уа, Расулалла! Аш қалғаныңды естідім. Естідім де, шыдап отыра алмадым. Бар тапқаным – осы», – деді. Пайғамбарымыз: «Ей, Әли! Бұлай істеуіңе Аллаға және Оның Расулына деген сүйіспеншілігің итермеледі ме?» – деп сұрады. Хазіреті Әли: «Әрине», – деп жауап қатты. Алланың расулы: «Алла мен Оның елшісін жақсы көрген кез келген мүмінге кедейлік сел тасқыны секілді тез келеді. Сондықтан Алланы және елшісін жақсы көргендер бастарына келетін қиындықтарға әрдайым дайын болсын», – деді.

Талха ибн Бәраның Пайғамбарымызға деген сүйіспеншілігі

Хусайн ибн Уахуах әл-Ансари (р.а.) риуаят етеді: Талха (р.а.) Пайғамбарымызбен алғаш кездескенде, әй-шәй жоқ, оны бас сап құшақтап: «Уа, Алланың расулы! Қалағаныңды әмір ет, сенің бұйрығыңа қарсы келмеймін!» – деп, аяқтарын сүйе бастады. Талханың алып-ұшқан әлі албырт шағы, Пайғамбарымыз жас жігітті сынап көрмек болып: «Онда бар да әкеңді өлтір», – деді. (Басқа риуаяттарға қарағанда «Әке-шешеңмен қарым-қатынасыңды үз», – деді). Алла Елшісінің бұйрығын орындау үшін сыртқа шыққан Талханы Пайғамбарымыз кері шақырып алады: «Мен ағайынның арасына от тастау үшін жіберілген жоқпын», – деді.

Арада едәуір уақыт өткеннен кейін, Талха төсек тартып, сырқаттанып қалады. Пайғамбарымыз қыс мезгілінің қатты суық бір күні Талханың жағдайын білуге барады. Қайтар кезде Талханың туыстарына: «Талханың ажал жастығына бас қояр сәті жақындаған тәрізді, қайтыс болса, маған хабар жіберіңдер. Жаназасына қатысып, намазын өзім оқиын. Жаназасын көп күттірмей, тез шығарыңдар», – деді. Алла Елшісі Сәлім бин Ауфұлдарының ауылына жетіп үлгермей жатып, Талха жантәсілім етті. Күн батып, қас қарайған кез. Талха демі үзілер алдында: «Жанымды тапсырғаннан кейін, мені бірден жерлеңдер, Жаратушыма ертерек қауышайын. Пайғамбарымызды шақырмаңдар, яһудилердің тұзағына түсіп қалып жүрер», – деген болатын. Жақындары оның сөзін екі етпейді. Пайғамбарымызға хабар бермей, күннің шығуын да күтпестен, Талханың сүйегін жер қойнына тапсырады. Қаралы хабар Пайғамбарымызға таң атқанда жетті.

Пайғамбарымыз Талханың жүзі жасырылған қабірдің басына келеді. Ардақты сахабалары жиналғаннан кейін, алақандарын жайып: «Аллаһым! Талханы мейірім шуағыңмен күтіп ал! Топырағы торқа, жаны жаннаттық болсын!», – деп дұға етті».

Абдуллаһ ибн Хүзәфаның Пайғамбарымызға деген сүйіспеншілігі

Зухридан жеткен мәлімет бойынша, сахабалардың кейбірі Абдуллаһ ибн Хүзәфаның үстінен Пайғамбарымызға оның әзіл-қалжыңға үйірлігі, уақытын бос сөз, бөстекі әңгімелермен өткізетінін айтып, шағымданады. Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Оған тиіспеңдер, өз еркімен жүре берсін. Оның сендер білмейтін бір артықшылығы бар, ол Алланы және Оның Елшісін ерекше жақсы көреді», – деді.

Пайғамбарымыздың Абдуллаһ ибн Зулбижадәйн жерленерде айтқан сөзі

әл-Әдра былай дейді: «Пайғамбарымыздың түн ұйқысын күзетіп отырған едім. Біреудің дауыстап Құран оқып отырғанын құлағым шалып қалды. Алла Елшісі (с.а.у.) де естіген болуы керек, қасыма келді. «Уа, Расулалла, ел ұйқыға кеткенде, дауыстап оқуына қарағанда екіжүзді біреу шығар», –дедім. Пайғамбарымыз: «Жоқ, бұл Абдуллаһ ибн Зул-бижадәйн», – деді. Абдуллаһ ибн Зул-бижадәйн араға біраз уақыт салып, Мәдинада дүниеден озды. Сахабалар оның сүйегін арулап көмді. Мына дүниедегі ақырғы сапарына шығарып саларда Пайғамбарымыз: «Алла оған қалайша мейірімділік көрсетсе, сендер де оған мейірімді болыңдар. Өйткені ол Алланы және Оның Елшісін жақсы көретін», – деді. Ал қабірі қазылып жатқан кезде «Қабірін кеңірек қазыңдар, Алла оған кеңшлікті нәсіп етсін», – деді. Сахабалардың бірі: «Уа, Расулалла, қабырғаңыз сөгіліп, қатты қайғырдыңыз ғой!», – деді. Оған Пайғамбарымыз: «Ол Алланы және Оның Расулын шынайы жақсы көретін еді», – деді күрсініп.

Сахабалардың Алла елшісі сүйген нәрселерді өз қалауынан жоғары қоюы

Хазреті Әнәс (р.а.) былай дейді: Хазіреті Әбу Бәкірдің әкесі Әбу Кухафа (р.а.) Пайғамбарымызға мойынсұнуға серт беру үшін қол созғанда, Әбу Бәкірдің толқығаны соншалық – көздері жасқа тұнды. Сонда Алланың расулы (с.а.у.): «Уа, Әбу Бәкір, неге толқыдың?» – деп сұрады. Хазіреті Әбу Бәкір: «Уа, Расулалла! Мына созылған қол менің әкемнің қолы емес, өзіңнің немере ағаң Әбу Тәліптің қолы болып, осы себеппен Алла сені қуанышқа бөлегенде, мен бұдан да айрықша шатыққа кенелер ем», – деп жауап берді».

Хазіреті Омар мен Пайғамбарымыздың немере ағасы Аббастың арасында болған әңгіме

Ибн Омар (р.а.) былай дейді: Бәдір соғысында қолға түскен тұтқындардың арасында Пайғамбарымыздың немере ағасы Аббас та бар еді. Ансарлық мұсылмандар оны өлтірмек боп қорқытқанын Алланың ардақты елшісі (с.а.у.) де естиді. Осылайша түнімен уайымдап көз іле алмаған Пайғамбарымыз ертеңіне: «Ансарлықтардың ағам Аббасты өлтірмек ниетінде екендігін естідім, соны ойлап түнімен көз іле алмадым», – деді. Бұны естіген әкем Омар: «Уа, Расулалла, мен ансарларға барып мән-жайды біліп қайтайын», – деді. Пайғамбарымыз: «Жолың болсын, Омар, барсаң, барып қайт», – деді. Хазірет Омар ансарға салған жерден: «Аббасты босатыңдар!» – деді. «Жоқ, уаллаһи, біз оны босатпаймыз», – деді ансар халқы. Хазірет Омар: «Ал бұл Алла Расулының қалауы болса ше?» – дегенде, олар: «Егер бұл Алла Расулының қалауы болса, қарсылығымыз жоқ» – деп, сөзге келмей, Аббасты еркіне жібереді. Хазірет Омар: «Ей, Аббас, мұсылман бол! Аллаға ант етем, сен мұсылман болсаң, әкем Хаттабтың мұсылман болғанынан да бетер қуанар ем. Өйткені сен Исламды қабылдасаң, Алланың расулы тілмен айтып жеткізгісіз қуанышқа кенеледі», – деді.

Осыған қатысты Шағбидің риуаяты мынадай: «Пайғамбарымыздың (с.а.у.) немере ағасы Аббас (р.а.) әлдебір мәселеге байланысты хазіреті Омарды көндіре алмай: «Ей, Мүминдердің әміршісі! Саған хазіреті Мұсаның (а.с.) ағасы келсе не істер едің?» – деп сұрады. Хазіреті Омар: «Уаллаһи, қолдан келген барлық жақсылықты жасар едім», – деп жауап берді. Аббас: «Олай болса, мен де Расулалланың немере ағасымын», – деді. Хазірет Омар: «Бұ не дегенің, Әбул-Фазл?! Уаллаһи, мен сенің әкеңді өз әкемнен де қатты жақсы көремін», – деді. Аббас: «Рас па?» – деді. Хазірет Омар: «Әрине, рас. Өйткені Алла Расулы сенің әкеңді менің әкемнен де қатты жақсы көретін еді. Ал менің міндетім – Алла елшісінің ұнатқан нәрселерін өзімнің ұнатқан нәрселерімнен жоғары қою», – деп жауап қатты».

1 пікір
  • BQ
    Иа, Расулулла, бізде Сізді қатты сағындық!
    8 жыл бұрын