Оразаға қатысты 30 хадис
Оразаға қатысты 30 хадис
3 жыл бұрын 4405
«Кімде-кім Рамазан айында шынайы сеніммен, сауапты бір Алладан ғана күтіп, ораза ұстаса, оның бұрын-соңды жасаған күнәлары түгелдей кешіріледі»[1].
«Егер адамдар Рамазан оразасының сауабы қаншалықты екендігін білгенде «жылдың он екі айы Рамазан айы болса ғой» деп тілейтін еді»[2].
«Ұлылығы шексіз Алла Тағала былай деген: «Адам баласының ұстаған оразасынан басқа барлық амалдары өзіне. Ал оразаның жөні бөлек. Өйткені, ораза менің разылығым үшін ұсталады. Сондықтан да, оның қарымын (сауабын) өзім беремін»[3].
«Ораза деген, тек ішіп-жеуден тыйылу емес. Шынында ораза – бос сөзден және балағат сөзден тыйылу. Егер біреу ұрыс іздесе немесе саған қарсы әлдебір надандық іс істесе, сен оған: «Мен оразамын. Мен оразамын» - де!»[4].
«Мұхаммедтің жаны қолында болған Аллаға ант етейін! Ораза ұстаушының аузынан (ораза ұстағаны себепті) шыққан жағымсыз иіс – Алланың қасында мисктің (мускус) иісінен де хош иісті саналады»[5].
«Кімде-кім жалған сөйлегенін қоймаса, көзбояушылық істерінен арылмаса, Алла Тағала ондай адамның шөлдегені мен аш қалғанына мұқтаж емес».
«Рамазан айы келгенде жұмақтың есіктері ашылып, тозақтың есіктері жабылады және шайтандар кісенделеді».
«Рамазан айының әуелгі түні болғанда, шайтандар және жындардың бірбеткей жауыздары кісенделеді». [6]
«Қанша ораза ұстаушылар бар! Олардың оразадан алар үлесі тек күні бойы аш жүру ғана (сауаптан мақрум). Және қаншама түнде тұрып намаз оқитындар бар! Олардың алар үлесі тек ұйқысын бөліп, түнде тұру ғана (сауабы болмайды)». [7]
«Сендерден кімде-кім ауызы берік күйінше таң атырса (яғни, ауыз бекітсе), балағат сөз айтпасын. Надандық істер істемесін (ұрыс-керіс, айқай-шу т.б.). Егеряки, әлдебіреу онымен жаңжалдасып, төбелескісі келсе: «мен оразамын, мен оразамын» десін»[8].
«Үш адамның дұғасы қайтарылмайды: Ауыз ашар сәтіндегі аузы берік адамның жасаған дұғасы, әділ басшының дұғасы және зұлымдыққа (әділетсіздікке) ұшырағанның дұғасы»[9].
«Кімде-кім, Рамазанда сауабын үміт ете отырып, Алла ризалығы үшін тарауих намазын оқыса, оның өткен күнәлары кешіріледі»[10].
«Кімде-кім қадір түнінің қасиетіне сеніп, сауапқа кенелемін деген мақсатта түнді құлшылықпен өткізсе, онда оның өткен күнәлары кешіріледі»[11].
«Кімде-кім, ауыз берік екендігін ұмытып жеген болса, оразасын (бұзбай) толық ұстасын. Шынында, оған жегізіп, ішкізген Алла»[12].
«Ораза ұстаған күні қайтыс болған адам, пейішке кіреді»[13].
«Ораза тозақ отына қалқан»[14].
«Әр нәрсенің зекеті бар. Дененің зекеті – ораза[15].
«Сәресі ішіңдер. Шынында сәресіде береке бар»[16].
«Шынында, әйел адам бес уақыт намазын оқып жүрсе, Рамазан айларында ораза ұстап жүрсе, ұятты жерін қорғаса (зина жасамаса) және күйеуіне бағынса, сөзсіз ол пейіштің қалаған есігінен кіреді»[17].
Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Рамазанның соңғы түні (соңғы ауыз ашарда) ораза ұстаушылардың күнәларын Алла Тағала кешіреді» - деді. Мұны естіген сахабалар: «Уа, Расулалла! Ол түн – Қадір түні ме?» - деп сұрайды. «Жоқ. Бірақ та, амал етушінің жасаған ісінің қарымтасы – бастаған ісін соңына дейін толық аяқтағаннан кейін берілмек» - деп жауап береді[18].
Сахаба Үбәй ибн Кәъбт былай дейді: «Аллаға ант етейін, одан басқа құдай жоқ, қадір түні - Рамазан айында. Аллаға ант етейін, оның қай түні болатынын мен білемін. Ол түнді Алла  елшісі құлшылықпен өткізуімізді бұйырған. Ол түн – жиырма жетісіндегі көркем түні болмақ. Оның белгісі: қадір түні болатын күні күн шуақсыз әппақ болып туады»[19].
«Рамазан айында мың айдан артық бір түн бар. Кім оның жақсылығынан мақұрым қалған болса, шын мәнісінде (көп нәрседен) мақұрым қалғаны»[20].
«Кімде-кім қадір түнінің қасиетіне сеніп, сауапқа кенелемін деген мақсатта түнді құлшылықпен өткізсе, онда оның өткен күнәлары кешіріледі».[21]
«Алла елшісі намаздан бұрын шырынды құрмамен ауыз ашатын. Егер шырынды құрма болмаса, кепкен құрмамен, ал ол да болмаса бірнеше мәрте су ұрттап (үш рет ұрттап) ауыз ашатын»[22].
«Аузы берік кісінің тіс тазалағышы ол – мисуак»[23].   
«Дәретте мұрынға суды қаттырақ тартыңдар. Бірақ оразада олай істемеңдер (қатты тартпаңдар)».
«Мен ұйықтап жатқан сәтімде екі ер кісі келіп, менің екі білегімнен ұстап, шығуы қиын бір тауға алып келді. Ол екеуі маған: «Шық» деді. Мен: «Шыға алмаймын ғой», - дедім. Олар: «Біз оны саған жеңілдетеміз», - деді. Кейін шықтым. Таудың дәл төбесінде болғанымда ащы дауыстар естілді. Мен: «Мына дауыстар не? - деп сұрағанымда, Ол екі кісі: «Тозақ иелерінің гуілдеген, ұлыған дауыстары», - деп жауап берді. Одан кейін, мені бір жерге апарды. Ол жерде бір қауымды көрдім. Аяқтары  тірсектерінен ілінген, ұрттары жыртылған, ұрттарынан қан ағып жатыр. Мен: «Мыналар кімдер?» - деп сұрадым. «Бұлар – оразаларын күн батпай жатып, себепсіз ашып жібергендер», - деп жауап берді». [24]
«Сауабын Алладан күте отырып, екі айттың түндерін құлшылықпен өткізген кісінің жүрегі барлық жүректер өлетін күні өлмейтін болады»[25].
«Кім ораза айттан кейін алты күн ораза ұстаса (шәууәл оразасы), онысы бір жылдық ораға тең. Бір жақсылық істеген адамға, он есе қарымтасы бар»[26].

А. Қасым, islam.kz


[1] Имам Бұхари: «Сауам».
[2] Табарани: «әл-Мұъжәмуль Кәбир».
[3] Имам Бұхари: «Сахих Бұхари».
[4] «Кәнзуль Ъуммәл».
[5] Имам Бұхари: «Сахих Бұхари».
[6]Тирмизи: «Сүнән». 
[7]Әл-Хәким: «әл-Мүстәдрак».
[8]Имам Мүслім: «Сахих Мүслім».
[9]Имам Тирмизи: «Сүнән».
[10] Имам Бұхари: «Сахих Бұхари».
[11] Имам Бұхари: «Сахих Бұхари».
[12]Имам Бұхари: «Сахих Бұхари».
[13]Әбу Бәкір әл-Бәззәрдың хадис кітабынан.
[14]Ибн Мәжә: «Сүнән». Әзіреті Османнан жеткен.
[15]Ибн Мәжә: «Сүнә». 
[16]Имам Бұхари: «Сахих Бұхари». 
[17]Әл-Бәззәр риуаят еткен. Әнәс ибн Мәліктен жеткен. 
[18] Имам Ахмед: «Мүснәд». 
[19]Имам Мүслім: «Сахих Мүслім». 
[20]Имам Нәсәи риуаят еткен. 
[21]Имам Бұхари: «Сахих Бұхари». 
[22] Әбу Дәуід: «Сүнән».
[23]Ибн Мәжә: «Сүнән». 
[24]Әл-Хәким: «әл-Мүстәдрак».
[25] Ибн Мәжә: «Сүнән».
[26]Ибн Мәжә: «Сүнән».

0 пікір