Жүректі қалай тазартамыз?
Жүректі қалай тазартамыз?
8 жыл бұрын 8524
Хадиша ЕРМЕКҚЫЗЫ

Ғұламалар жүректің үш түрі барын айтады. Біріншісі, ең асыл қасиеттерді сақтап қалған адал жүректер болса, екіншісі – науқас әрі ғапыл жүректер, үшіншісі – мөр басылған өлі жүрек.

Надандықтан ояған, нәпсінің шабуылынан қорғана білген, Алла тағаланың алдында абыройға жеткен, иманға толы бұл жүрек Құранда түрлі атаулармен көрсетілген. Мысалы, «Шұғара» сүресінің 88-89 аяттарында бұл жүрек иесі туралы: «Ол күні мал да, бала да пайда бермейді. Бірақ, Аллаға таза жүрекпен келгендер басқа» деп келтірілген. Аллаға таза жүрекпен келген жан құтылады» делінсе, Қаф сүресінің 32-33 аяттарында «Міне, сендерге уәде етілген жәннат. Ол Аллаға бет бұрып, әмірлеріне мойынсұнған, көрмесе де Рахманнан қорыққан және Аллаға бет бұрған жүрекпен келгендерге тән», – делінеді. Алланың алдына осындай жүрекпен барғандар ғана құтылады, жақсылыққа бөленеді.

Алайда мұндай жүрекке жету барлық адамның қолынан келе бермейді. Арамызда дертті жүректің де, өлген жүректің де иелері бар. Өлі жүректер Раббысы алдындағы құлшылығын өтемейді, өтеуді ойламайды да. Олардың жүректеріне мөр басылған. Ал дертті жүректерге шүбә, күмән кірген, ішін әдепсіздік жайлаған.

Міне, сондықтан иман еткен адам алғашқы кезекте жүрегін сақтауы тиіс. Пайғамбарымыздың (с.а.у.): «Ақиқатында, адам денесінде бір кесек ет бар, ол жақсы болса, бүкіл дене жақсы болады, ол жаман болса, бүкіл дене жаман болады, шын мәнінде, ол – жүрек», – деген хадисі соның айғағы. Өйткені, иманға толмаған жүректің ғапыл, дертті жүрекке айналуы бір-ақ сәтте.

Сондықтан адам жүрегі науқас болса оны емдеп, мөр басылған жүректердің кебін кимес үшін мына шарттарды орындауы қажет:

* Адал тамақпен ғана тамақтану.

* Үнемі истиғфар және дұға ету.

* Құран оқу және үкімдеріне мойынсұну.

* Құлшылықты ынтамен орындау.

* Түнін құлшылықпен өткізу.

* Алланы зікір ету және өзін-өзі бақылау.

* Алла елшісін жақсы көру (с.а.у) және оған жиі салауат айту.

* Өлімді жиі еске алу.

* Салих және турашылдармен бірге болу.

* Көркем мінез-құлықтың иесі болу.

0 пікір